Айтса-айтқандай, бұл жерде Сақтаған Бәйішев, Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Есенбай Дүйсенбай, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқамбетқалиұлы және Мәди Айымбетов сынды аттары алты алашқа танымал талантты перзенттердің дүниеге келуі тектен-тек болмаса керек.
Ендеше, бүгінде тектілер түлеген Байғанин секілді заманауи инфрақұрылымдар мен көлік-логистика орталықтарынан қашықта орналасқан өңірлерді қайта түлету қажеттілігі туып отырғаны айдай ақиқат. Ашығын айтқанда, алыстағы мұндай өңірлер мен аумақтарда әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда әлі күнге дейін шешімін тауып үлгермеген мәселелер жеткілікті. Әрі оны жасырып жабудың қажеті де шамалы. Облыс орталықтарына іргелес орналасқан аудандармен салыстыра қарағанда, Байғанин секілді республиканың шалғай ауылдарында әлеуметтік инфрақұрылымдар деңгейінің олқы түсуі неліктен? Мұның басты бір себебі, жоғарыда айтылғандай, жолдың қашықтығы әрі оның нашарлығы, біраз уақыттан бері күрделі жөндеу жүргізілмегені. Мұндай жағдайда инвесторлар оған қаражат құюға ықыласты бола бермейді. Ал бір ғана аудандық бюджеттің есебінен барлық жыртықты жамау еш мүмкін емес. Соның салдарынан да қазіргі күні аталған аймақта автожол қатынасы тұрғындарды ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту ісі күрделі күйінде қалып отыр.
Ал егер алғашқы аталған мәселеге сәл тереңдей түсер болсақ, алдағы уақытта оның оң шешілуіне күмән келтіру қиын-ақ. Бұлай деуіміздің басты себебі өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ақтөбе – Атырау – Астрахань тас жолының құрылысы басталған. Оның жол жүру жолағының ені – 9 метр. Мемлекетаралық маңызы бар бұл үлкен жоба тұп-тура Байғанин ауданының аумағын қақ жарып өтеді. Ендеше, оның шапағаты шалғай өңірге тікелей тиеді деген сөз. Әрі осы арқылы жергілікті тұрғындардың жеке кәсіптерін ашуына және автокөлік пен оның иелеріне қызмет көрсету орталықтарын құруына мүмкіндіктер туып отыр. Аудандағы автожол құрылысының басты бағытының бірі – аудан орталығы Қарауылкелдіден Жарқамыс ауылына қарай жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары. Бұл үшін аудандық бюджеттен 226 миллион теңге бөлінген. Оның ұзындығы – 20 шақырым. Аталған жоба биылғы жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде. Байғаниндіктердің бұған дейінгі басты кәсібі жайылымдық мал шаруашылығын өркендетуге бағытталып келген екен. Бүгінгі қоғамдық өмір мен өндіріс бұл іске елеулі де өрелі өзгерісін енгізуде. Қазіргі кезде олар өнімділігі төмен, пайдасы аз жай малдан гөрі, асыл тұқымды мал өсіру әлдеқайда тиімді екенін түйсінген сыңайлы. Журналистік іссапар барысында шалғай ауданда мал өсіру мен оның өнімдерін өңдеуге қатысты осындай жаңаша көзқарас қалыптаса бастағанын айқын аңғардық. Сондай-ақ өркенді өңірдегі ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге бағытталған іргелі қадамдар да қолдауға әбден лайықты. Осы мақсатта осы жылы он екі ауылшаруашылық кооперативі құрылыпты.
Әрине басты мәселе санда емес, сапада екені белгілі. Сондықтан да бұл ретте ортақ істің нәтижесіне баса көңіл аударылса аудан аумағындағы кооперативтердің келешегі кемел болары кәміл. Әсіресе кооператив мүшелері етті бағыттағы ірі қара өсіру ісіне тереңірек ден қойса, оның қайырымы мен қайтарымы да солғұрлым мол болары анық. Негізінен табиғи жем-шөп әзірлеу мен жайылымдық мал шаруашылығына арқа сүйеп келген аймақта бұған дейін суармалы егіс салу және суармалы мал азығын әзірлеу үрдісі сіңісті бола қоймапты. Бұл іс тек өткен жылдан бері кең өріс алып келеді екен. Сонымен бірге көкөніс түрлерін өсіруге де барлық жағдайлар жасалыпты. Соның нәтижесінде өткен жылы 69 гектар жерден ойдағыдай өнім алынған.
Қалай десек те қазақтың қасиетті кең-байтақ даласы бар байлығын өз қойнауына бүгіп жатқанымен еріксіз келісуге тура келеді. Бұл қисын-
нан Ақтөбе аймағынан Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі де табылады деген пікірді де негізсіз дей алмаймыз. Мұндай қазба байлықтардан шалғайдағы Байғанин ауданының жері де құралақан болмай шықты. Мұндағы жер қойнауы стратегиялық шикізат көздеріне мол екені белгілі болып отыр. Бұл үрдіс аудан экономикасының аграрлық-индустриялық бағытқа қарай бейімделуіне жол ашады. Қазіргі күні өңір аумағында «Сағыз Петролеум» және «Шығыс мұнай және сервистік қызмет көрсету» компаниялары, «Қазақтүрікмұнай», «Ақпан» ЖШС және «Ұлы қабырға» кәсіпорындары мұнай және газ шикізатын өндіруде. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде Байғанин ауданы қазақ әдебиетінің ақсақалы Шерхан Мұртаза – Шерағаң айтқандай, алтын көмбенің үстінде отыр десе де болады. Мұндай жағдайда әлеуметтік-тұрмыстық тапшылыққа тап болу әсте әділеттілікке жатпайды. Рас, біз шалғай ауданға жолымыз түскен кезде аталған шетелдік және отандық компаниялардың клуб, шағын мектеп, фельдшерлік қосын, балабақша секілді әлеуметтік нысандар тұрғызуға белгілі бір деңгейде қаржылай қолдау көрсеткенін естідік. Дұрыс-ақ. Әйтсе де бізге мұның өзі Байғаниннің жер астындағы байлығын опыра, омыра игеріп жатқан алпауыттар үшін түк те еместей, тым аз секілді көрінді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін одан әрі тереңдете түсу қажеттілігі де дәл осы арадан туындайды. Біз материалымыздың бас бөлігінде шалғайдағы аудан тұрғындарын орталықтандырылған ауыз су құбырларымен және көгілдір отынмен қамту ісі әлі өткір күйінде тұрғанын жазған едік. Нақты көрсеткішке шаққанда оның деңгейі 78 және 45 пайыздық мөлшерді құрайды. Міне, осындай көкейкесті әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру кезінде жергілікті атқарушы органдар мен алпауыт кәсіпорындар тиісті келісімге келер болса, оның артықтығы болмас еді деген ой келеді.
Аудан экономикасын таза аграрлық бағыттан индустриялық бағытқа бұру жөнінде әңгіме қозғаған кезде қазіргі күні құрылысы қызу жүргізіліп жатқан Жаңатас газ өңдеу зауыты жөнінде айтпай кету еш мүмкін емес. Бұл – шалғайдағы ауданды айтпағанда тұтас бір облыстың тақиясына тар келмейтін ірі инвестициялық жоба. Оның құрылысы биыл аяқталмақ. Жергілікті тұрғындар бұған дейін мұндай іспен беттесіп көрмеген. Сонда оларды жаңа инновациялық-индустриялық кәсіпорынға тарту жолдары қандай болмақ? Біз бұл сауалды Байғанин ауданының әкімі Асқар Шерияздановқа қойған едік.
– Жаңатас газ өңдеу жобасының басты өзегінде оған бірінші кезекте жергілікті тұрғындар мен жастарды тарту міндеті тұр. Бұл жөнінде біз арнайы іс-шаралар кешенін әзірледік. Сөз жоқ, газ өңдеу секілді стратегиялық кәсіпорында қызмет атқару үшін ауыл тұрғындарының соған сай мамандығы мен біліктілігі болуы қажет. Біз оған ауданда жұмыс іздеуші және жұмыссыздар ретінде арнайы мемлекеттік мекеменің есебінде тұрғандарды тартуды ойластырып отырмыз. Оларды жаңа кәсіпке бейімдеу жұмыстары қазірдің өзінде қолға алынған, – деді ол.
...Тектілер түлеген топырақтың бүгінгі ұрпағы келешекке нық сеніммен қарайды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданы