03 Желтоқсан, 2011

Қоңыр күз еді

696 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
(Қаз-қалпында) Жыл он екі айдың әр мезгілі әрине әдемі. Айшығы алуан, көрінісі көркем. Құдды бір, келісті тігілген кестедей, өрнегі өзінен өзі өріліп түскендей. Әсіресе, өрмек жүзі ауып, өзен-көлден қиқу тарап, жыл құстары жылы жаққа қарай қанат қағар қарсаңда қоңыр күз келер еді қо­ңыр­­­аулатып, дүниені дүбірлетіп, тебірентіп-тербетіп. Құстар қай­тып барады сағынтып қайтып келу үшін. Күз әуені төгіліп тұр әуелетіп төңі­рек­тен. Қанық бояуға малынған текеметтей түр­леніп. Бозала таңда боз үйден сызылып шық­қан боз түтін бұйра-бұйра бұлтпен қосы­лып кетер еді көк жүзіне көсіле еркін көтеріліп. Ер­екше құлпырып, бар сиқырымен арбаған көк­жиек тұрар еді жарқын жолға алыстан қол бұл­ғап шақырып. Қоңыр күздің мөл­діреген мөлтек кештерінде мың сан жұлдыздар шапағынан шашу шашып. Тамылжып таң атады. Керіліп күн батады. Бәрі таныс, бәрі керемет. Кетпен шау­ып, орақ орған шаруа алажаздайғы табан ақы, маңдай терінің өнбегін өндіретін кез екені және анық. Жиын-терім қызған науқан тұсы. Бұл – тауық пен балапанды, балық пен шабақты және тағы басқаны санайтын сәт. Кіріспеге осылай кірісіп, енді көрген-білгенге, көңіл түйгенге қарай көшейік.   Шамның жарығы түбіне түседі Қыркүйек туып, қоңыр күз кірпік қаққан шақта елге жол түсті. «Барлық жолдар үйге бастайды», деген екен ерте ертеде. Сонымен сөй­­тіп бағытымыз – ауыл. Ауыл дегеніміз – Жар­мұ­хан­бет елді мекені. Ал­ма­­­тының түбіне қоныс тепкен ауыл Жармұханбет атын алғалы қай заман. Бұрындары қалай аталғаны кө­не көз, кәрі құлақтың да есінде жоқ. Қарасай ауданындағы Елтай ауыл­дық округіне қарайды. Ілгеріде «Жетісу» кеңшары болған. Жармұ­ханбет әлгі шаруашылықтың шағын ғана бөлімшесі еді. Адамдары жер еміп, мал қайырып таңның атысы, күн­нің батысы белді буып, білекті сыба­нып, балақты түріп қара қазан, сары баланың қамымен жүретін. Жер емгендері көкөніс пен көкшөптің көп түрін өсіріп, мал қайырғандары сүт­тен май шайқап, айран айырып, ет жоспарын да өндірте орындайтын. Техника тілін тауып, тізгінін ұста­ған­дары іргедегі Боралдай автоба­за­сында мәшине айдап, айлығын шай­лығы мен майлығына жеткізетін. Бұ­ның бә­рі кезіндегі кеңестік кезеңге тән күй­беңі көп өзгермейтін күйкі тірлікпен осылайша жүріп жатты. Күндердің күні жамағатты әбден жауыр қылған жүйе келмеске кетіп, бұлтсыз күнгі найзағайдай күркіреп өңірге өңмеңдеп аты да, заты да өз­гешелеу нарық келді артынып-тар­ты­нып. Алабөтен өзгерістер жетектеген нарықтың пәрмені қапелімде қатты болып жұртты едәуір састы­рып тас­тады. Аласапыран басталып, дағда­рыс­тан дағдарып біткен әлеу­мет әле­уетін түзей алмай, шыбық мініп шап­қылады. Көппен бірге бей­мәлімдеу өзгеріске күмп етіп түскен шаруа­шы­лықтың аяқ шалысы ша­лы­нып, жүрі­сі оңалмады. Бақан бай­ла­ған бақта­шы­ның, сиыр сауған сау­ын­шының базары тарап, бағы тай­ды. Тосыннан келгенді денедегі ет түгілі сүйек те тосырқады. Бейімделу қиынға соқты. Заман талабы бә­рін қайта бастауға итермеледі. Өмір оны күн тәртібіне мәні зор мәселе-міндет етіп қойды. Жер жекеге үлес­тірілді. Мал-мүлік меншікке айнал­ды. Бұрындары тоқы­раудың тауқы­ме­тінен көз ашпаған ел-жұрт әдеп­кіде нарыққа үрке қара­ға­ны рас. Ау­ылдың азып-тозуы ұранға толы қай­та қүру кезеңімен тікелей байла­ныс­ты екендігі де айдай әлемге аян. Қа­сықтап жиналған, күректеп шашыл­ды. Арақ-шарапқа қарсы жо­рық жо­лын­да аяусыз күрес басталып, көк­же­лек көмкерген баулар балта жүзі­не ілінді. Алма бағы, жүзім бағы баудай түсіп, түгел дерлік оталды. Шыбық шаншысаң шынар шығатын құйқалы жердің құнары қашып, та­мыр тастаған танаптан бетеге де, беде де «безіп» кетті. Автобаза жай базаға айналып, мә­шине жүргізушілер жаяу жүргін­ші­лердің қатарын толықтырып, базар жағалап ала дорба арқалады. Арайлап таң атты. Ежелден аң­са­ған егемендік келді. Таңдайы­мыз­ға Тәуелсіздіктің тәтті дәмі жүгірді. Өмір өзгерді, көш түзелді. Анда-санда ауылға ат ізі түседі. Сонда алдымнан атойлап шығып «амандасатын» ақсақ-тоқсақ кемшін тұстар жүрегімді кәдімгідей тыр­на­лайды. Ол – жол жүру машақаты мен ауыз су азабы және де әлеуметтік-мә­дени өмір мәнісі. Қазір ауылға апа­ра­тын жол да, аулаға тартылған су да бар. Алайда, аса маңызды әлгі ны­сан­дар көп жылдан бері жөндеу көр­мей жүдеп тұр. Алматы-Ша­мал­ған ба­ғытындағы күре жолдың оң қапта­лынан сәл бұрылып төмен қа­рай өт­се­ңіз, ауыл жолы жүруге емес, жүр­меуге арнап салынғандай әсер етеді. Жамай бергеннен құрақ көр­пе­дей түте-түтесі шығып, жазда шаң­нан, қыста қиыршықтан көз аштырмайды. Әлбетте, ауыл төңірегінде қазір не көп, өндіріс көп, ашылып жатыр. Оған да шүкір. Кезінде жабылғанын да, қирағанын да көргенбіз. Өңірдегі өзгеріс өрісі кең. Жұмыссыздықтың қамытынан құтылғандар қаншама. Осы арада ащы болса да айтып қа­­лу­дың орайы келгені сыңайлы. Айт­па­саң сөздің атасы өледі. Айту керек сондықтан созбалақтамай. Ірге кө­теріп, бой түзеген кәсіпорындардың үлкенді-кішілі басшылығы көз қиы­ғын салып өздері жүретін осы жол­ды жақсылап бір жөндеп берсе, тақтайдай түзу болып қалар еді-ау. Қарапайым халықтың айтар рахметін алу ғанибет емес пе, одан артық қандай құрмет керек ендеше. Бұны – бір деңіз. Екіншісі – ауыз су. Ауыл ауыз суды тереңнен тар­тыл­ғ­ан ұңғымадан алады. Әзірге ағып тұр. Ақпай қалуы да мүмкін. Себебі – мұнара мен құбырдың құ­рылысы тозуға таяу. Жылдан жылға тұрғындар саны еселеп артып келеді. Алдағы күні өлшеулі судың мөл­шері іше берсең таусылып өзгелерге жетпей қалуы әбден кәдік. Тізе бер­сең тізімге айналатын түйткілдерді жергілікті атқамінерлердің шешіп тастауға қауқары жетпейді емес, жетеді. Тек ынта-жігер болса. Міне, сон­дықтан да тақырыпшаны «Шам­ның жарығы түбіне түседі» деп бекер алған жоқпыз. Әдетте, сөз ара­сын­да жалпы «шамның жарығы тү­бі­не түспейді» деп жатушы еді, аны­ғы дәл солай. Асылы, тетігін тапса шамның жарығы түбіне түскені керек. Бұл ауылға енді не керек? Мектеп те, клуб та, емхана да керек бо­лып тұр. Әрине, керектілерді түбін­де керегімізге жаратып жатсақ жү­зіміз жарқын болып кетер еді.   Қазақша сөйлеңдер! Ауылға келіп, аулаға кірдік, ту­ған үйдің табалдырығы өткен-кет­кен­ді еске түсірді. Былтыр жел­тоқ­санның басында сексенге аяқ басқан шағында қара шаңырақтың киесі – әкеміз мәңгілік сапарға атанып кеткен еді. Әлі күнге қайтып келер ме екен деген алдамшы сезімнен арыла алмай жүрміз. Бірақ алдымыздан шық­пады... Қораға қарап едік, қо­ра­дан көрінбеді. Қораны жақсы кө­ре­тін, қорада қоңыртөбел аты бай­лау­лы тұратын. Атын баптайтын, жүге­нін жөндеп, үзеңгі-бауын май­лай­тын. Ер­тоқымын сүртіп, ершігін түр­т­кі­лей­тін. Судың тұнығын, шөп­тің шүй­гінін, жемнің жеңсігін ала­қа­нымен уыстап беруші еді атына жарықтық. Шалдың орнына шешеміз шық­ты бала-шағасын шұбыртып. Алпыс жыл отасқан отағасынан айырылу оңай емес әрине. Күзгі жел өңін кү­реңдетіпті. Көкіректегі мұң көзінде менмұндалайды. Сабырлы ғой, аналар қашанда. Аналардың табаны астында жұмақ жатыр деген сөз ып-рас. Мен осыны сездім. Кенже іні­міздің келіншегі кәдімгідей кемсең­деп, жанарынан үзіліп түскен там­ш­ы­ны іркіп «папамды сағынып жүр­­мін» дегені. Сасқанымнан: «қай па­паңды?» деппін. – «Сіздің әкеңізді, біздің әкемізді, – деп Айгүл келін сөзін әрі сабақтады. – Былтыр күз айында дәм-тұз бұйыртып осы үйге келін болып түсер алдында таныс­ты­ру тәртібімен табалдырық атта­ғам. Сонда ғой толқып жүріп, ора­ғы­тып орысша сөйлеп қойыппын. Ерсілеу кеткен қылығыма қынжы­лыс танытып: – Қазақша сөйлеңдер! Естіген елден ұят болады. Мына үй – қазақтың үйі. Қазақтың үйінде қазақша сөйлейді, – деп тулаған. Апам сонда араға түсіп: – Қой­саңшы, ұят емес пе орысша сөйледі дегенің. Сөйлейді де қояды. Қазақ­шаға қайтіп келеді, қайда барар дер­сің. Не болды соншама? – деп уәж айтқан. Арашаға түскені отқа май тамызғандай болып, өршіп тұрған әңгіме тіпті ушығып кетті. – Ашуы тарқап, аптығы басыл­ған әкей әлденеден кейін оның мә­ні­сін жеріне жеткізіп шегелеген. Кеткен кемшілікке жеңіл-желпі қара­май, туған тілімді терең меңгеруге түрткі еткен әке тәмсілін көкейіме түртіп алдым, – деп біртүрлі сағы­ныш­пен қарағаны. Қарашығына та­ғы бір тамшы ілініпті. Айгүл келін расында қазақ тілін қатырып білмейтін. Туған жері, өс­кен ортасы солай болса, қайтіп кінә қояр­сың. Орысы мен өзгесі қалың­дау Кереку өңірінің қызы еді. Оқуы да, онан кейінгі қызмет орындауы да әлгіндей ортада өтті. Айгүл айтқан сөзінде тұ­рыпты. Жыл ішінде қазақ­ша жылдам әрі жатық сөйлейтін бо­лыпты. Тәп-тәуір. Әрине бұған қуа­ну­дың еш реті жоқ. Қазақ қазақша сөйлеуді үйренді дегенді естудің өзі ерсі, ұят емес пе. Сөкет нәрсе ғой. Сөгуге де болмайды. Деседе, діттегеніне дәл жеткен келін­нің ісі ке­ліс­ті-ақ. Айгүл келіннің қада­мы құтты екен, берекесін беріп басқа бас, жасқа жас қосылды. Сәуір айының басында шекесі торсықтай ұл тауып, шаңырақты шат­тыққа бөлеп, шілдеханаға ұласты. Иә, өмір-өзен деген міне осы. Ғұмыр жал­ғасып жатыр осылайша тоқтаусыз... Әнеу күні әкемді түсімде көріп­пін. «Қазақша сөйлеп жүрсіңдер ме?» дейді. – Иә, қазақша сөйлеп жүрміз, – деймін. – Сөйтіңдер шырақтарым, сөй­тің­дер, деп сыбырлағандай болады құлағыма. Шамасы, ұмытпай жүр-ау бізді әлі. – Сіздің де шырағыңыз сөнбесін, әке, – деймін. Басқа не дейін, солай боларына сенейін.   Алмагүл мен Алмабек Алмагүл де, Алмабек те осы ау­ылдың ежелгі тұрғындары. Атта­ры да, заттары да ұқсас. Ерлі-зайыпты екеуі. Істері қашанда ұсынықты, өз­де­рі үнемі ұқыпты. Алмагүл тәтем көп жылдар бойы бөлімшені біліктілікпен басқарып, ауылдағы еркек кіндікті жетпеген жетістікке жетті. Кеңестік кезеңдегі орден-медаль­дар­дың бірсыпырасын омырауына жар­қы­ратып қадап, маңайындағыларға маңдайалды болды. Биік мінберден шешен сөйлеп, беделі берен артты. Шет елдерге шығып, жер көрді, шау­ып жүріп ел таныды. Бәрі бейнетті еңбектің зейнеті еді. Алмагүл тәтемнің баяғы өткен кеңестік за­ман­дағы жанкешті еңбегі көз алды­м­нан әлі күнге кетпейді-ау, кетпейді. Ол былай еді. Бірде алқап басында өңшең еркектермен қатар иін тірестіріп ересен екпінмен кетпен сілтеп жатқан келіншектің қимылы ерекше көрінді. Сөйтсем, Алмагүл арындап келген асау су атыздағы арықтың арнасы талқандаған тұсын бүтіндеп, шым ойып жатыпты. Жүгері алқа­бы­ның жүлгесін жайпап өткен қы­зыл судың көзін бұруға бұла күш керек болатын. Сондағы әбжілдігі қай­ран қалдырған. Ойхой, шіркін дү­ние-ай, бөлімшенің әйел бастығы тәп-тәуір беделін белден басып, теріс аққан сумен солай алысқан. – Тәте-ау, не істеп жатырсың, – деймін ғой түк білмегенсіп. – Көрмейсің бе, арық қазып жатырмын. Сөз осылай шорт үзілді. Сөй­леуге құлық танытпады. Кедергі келтірме дегені. Қызыл түсті күймелі кішкентай доңғалақты трактор мінетін. Титімдей трактор бөлімше бастығының қыз­меттік көлігі іспеттес екен сол кезде. Алмагүл қызыл трактормен ой­ды да, сайды да, қала берді қыр­қаны да кезіп жүйткіп жүретін. Жай жүрмейтін, шаруа жайлап, жұмыс қуып жүретін. Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп қоғам үшін қажыр-қайрат аямаған Алмагүл тәтем де алпыстан баяғы да асқан. Аяғы аздап ауырып, ақырын басатын көрінеді. Ауырма­ңыз, Алмагүл тәте деген тілекпен, енді ол кісінің өмір жолына бір үңіліп қою ерсі болмас сірә. Алмагүл де қыз кезінде көп жі­гіттің көзіне түсіп бойжетті. Көрші үйдің терезесіне де, түтініне де қа­рап ержеткен Алмабек ағам ақыры Ал­ма­гүл тәтемді қолынан жетектеп алып келді. Алып келгені – әке-ше­шесіне келін етіп түсіргені. Бұл артта қалған өткен ғасыр еншісіндегі оқи­ға желісі еді. Ұлды ұяға ұшы­рып, қызды қияға қондырды екеуі. Содан бері қос ақ­қу­дай қол ұстасып, өмір айдынында жүзіп келеді, жүріп келеді. Алмабек ауылға да, ауданға да май­­талман механизатор атымен шық­ты. Шығатын жөні бар. Ерінбейтін. Ерте көктемнен жер жыртып, егін егіп, қо­ңыр күзде дән бастырып, іле-шала сү­дігер көтеріп сансыратқан жұмыстан сүріне жығылатын. Тау­сыл­майтын жұ­мыс Алмабекті тола­ғай табысқа жеткізді. Таңдаулы трак­торшы еңбек көрі­гін қыздырып Ленин орденін төсіне тақты. Кез келгеннің қолы жете бермейтін ор­деннің жан-жағында басқа марапаттар да жарқырады. Марапатқа ма­сат­танбаған диқан дандайсымады. Атақ-даңқы Жетісу өңірін шарлады. Нәсібін кәсібінен тапқан Алмабек ағаның басқан қадамы байыпты, тұ­ғырдан түсіп тұрған жоқ. Ағалықтан өтіп, ақсақалдық жолға түскен ол кісінің жүзі жаз, көңілі көктем. Өйт­кені, адал еткен еңбектің өтеуі – жемісін қартайғанда қаймақтай жеп отыр. Қазан аузы жоғары. Ел ерте­ңі­не сенімді. Қайраты қайтпай, алдағы күнді үкілеп, тілеуін тілейді. Алтын құрсақ ауылда туып-өсіп, туған жер­дің туын жықпай отырған Алмагүл мен Алмабек тәрізді тарландардың та­бандары тиген өңір өмірі өркенді. Өркенді іске Алмабек аға да әрдайым ортақ екендігін мақтаныш тұтады. Кей-кейде есіне жастық шағы түсіп кеткенде, сәл жымиып қояды. Жыми­ға­ны өзіне әдемі жарасып тұрады. Жы­­­миғаны өткен күндерін сағынғаны... Марат АҚҚҰЛ.
Соңғы жаңалықтар