Руханият • 19 Сәуір, 2018

Көзмерген карикатурашы Айдарбек Ғазизұлы

872 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шидей қарындаштан «шедевр» шығару – тек шынайы суретшінің ғана қолынан келетін шеберлік. Ал кірпідей қадалатын карикатура жанры кім көрінгеннің илей салатын көнтерісі емес. Машақаты мол машық. Шынтуайты сол, шала ұйқы шабыттандырады.

Көзмерген карикатурашы Айдарбек Ғазизұлы

 

Түніңді түгел арнамай «түбін түсіре» алмайсың. Жақсы дүние шыққанша, жаныңды жай таптыртпайтын жайсыздау бір жанр. Бәлкім, содан да шығар-ау, сүйегі асыл сурет өнеріне жүрегі даулап, жең түретіндердің қатары тым сирек. Ұшты қалам ұстаған үркердің шоғырындай ғана қазақ баласының алдыңғы легінде алты құрлыққа аты кеткен белгілі суретші, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Айдарбек Ғазизұлы ағамыздың жүретіндей жөні бар...

Кенжелеп қалды деп жүрген карикатура әлеміне Айдекең күні кеше келген жоқ. Яки, жалына жолшыбай жармасқан жан емес. Әуестігі әуелден бар-тын. Бояу біткенге бала күнінен бауыр басыпты. Жасы сәл-пәл өтің­кіреп кеткеніне ұялатын ұяң ұл «Пио­нерге» інісінің атынан сурет салып тұрыпты десе, сенер ме едіңіз? Әскерде жүріп-ақ «Боевой листокты» бірінен соң бірін бұрқыратыпты. Борышы біткен соң, ел қатарлы еңбекке араласты. Қай салаға барса да қаламы мен қаға­зын қолтықтай жүретін. Бір қызы­ғы, жұрт ұйықтап жатқанда, Ай­декеңнің «екінші тынысы» ашылатын...

Осы саланы оқып аламын деп жыл сайын оқталғанымен «оңайшылықпен» ол да орындала қоймады. Ал жолы болмағанға жаси қоятын Айдекең бе? Қайта оны қайраттандыра түсті. Өнерің өрлеу үшін өзіңді де жан-жақты өсіруің керек қой. Ағамыз талмай ізденетіндердің қатарынан табыл­ды. Қай тақырыпта әңгіме қозғалмасын Ғазизұлының ғибратты айтары бар еді. Өйткені ол білетіні бар, көргені көп кіші­пейіл де иманды жан.

Қиялдағыны қиыстырып құрау қай кезде де қиынның қиы­ны емес пе еді? Осы жолда ол Игорь Смирнов, Нико­лай Казанцев сынды нағыз мықты­ларға еліктеді. Ал Николай Аш­теманды өмірлік ұстазым деп әліге дейін үлгі тұ­тып келе­ді. «Ұстазы жақсының ұста­ны­мы жақсы» демекші, ол кісі­нің салған суреттері өте маз­мұн­ды әрі ұғынықты шығатын. Бесікте жатқан баласына дейін Бидструпты қарайтын бұл ша­ңы­рақ, расымен де өнер қонған әулет еді.

Алла өзі талант бермесе, адам­­ды таңғалдыра алмайтының ақиқат қой. Әрбір дүниесін көрген жанның көзі тоятындай көркем етіп жеткізуге күш салды. Аңғарғанға, ар жағында қылтиып астарлы ой жататын. Кез келген кескіннің композициялық бе­рілуіне көбірек назар аударды. Шығармаларына шендестіру әді­сін де шебер пайдалана білді. Бояуын барынша қанық жеткізді, ойын мейлінше анық айта алды. Қай қырынан қарасаң да иі қанған идея менмұндалап тұратын.

Ал шындығында ол жанына жақын бояу іздеп жүрді. Ұлттық реңк табуға ұмтылды. Жалғыз бояумен бүтіндей бір ұлттың бол­мысын беру анау-мынау адам­ның қолынан келе бермейтін тәуе­кел-тұғын. Ақырында алуан кейіпке еніп, мың құбылып, сан түрленетін түсті де тапты. Ол – қоңыр дауыс­ты, қоңырлау мінезді, қоңырқай көзді қазақтың болмысын бере алатын бояудың нағыз өзі еді. Бірде екеуара әңгімеде «Менің осыған дейінгі азды-көпті дүнием негізінен мына үш тақырыпты қамтыпты. Әдепкі кезде тұрмыстық, одан соң ұлттық тақырыпқа қарай ойы­сып, ал кейінгі жылдары жалпы адамзат баласына ортақ құндылықтар жайлы сөз қозғап жүр екенмін» деп қалғаны бар.

Иә, ағамыздың мейлінше өн­діріп жұмыс істеген жылдары бас­пасөз саласына бет бұрған жыл­­дарынан бастау алады. Осы тұс­та петерборлық карикатурашы Вик­тор Богорадтың айтқан мына бір сөзін айналып өте алмайтын сияқтымыз. «Карикатурашылар үнемі БАҚ-пен бір қайықта». Иә, жаны бар сөз. Ол кісінің жа­ңа нөмірде жарияланған әр суреті басылымға зор бедел әке­летін. Ал басылым шындықты шұқып тұрып көрсететін шыншыл суретшіні шыңдаған үстіне шыңдай түсуші еді. Міне, жиырма үш жылдың жүзі болды ағамыз ел газеті «Егеменде» табан аудармай еңбек етіп келе­ді. Алла бізге осындай әлем мойындаған азаматпен иықтаса жұмыс істеудің бақы­тын бұйыртыпты. Дара дауы­сымен баураған Димаштың дү­ниені дүркіретіп жатқан ша­ғын­да, біздің Айдекең де шет мем­лекеттердің біршамасынан шы­тырлатып жүлде жинап жатты. Жүлдеден жүлде жауып, қан­жыға қайта-қайта майланып жатқан сондай шақтарда «Бас­қасын қайдам, біздің өз «Дима­­шымыз» қасымызда» деп қалжың­дайтынбыз.

Кейінгі жылдары санада сірескен стеротиптерді сырып тастап, әріге кетіп қалған әлемдік карикатураның көшіне қосылды. «Күллі әлемге кө­зімді ашқан кари­катурашы Күл­мешкенов еді» деген бір сөзінде ағамыз. «Әйтпесе Қазақстанның өз қаза­нында қыз-қыз қайнап жүре берер ме еді, кім білсін?!»...

Соның әсері ме екен, соң­ғы жылдары пәлсапалық карикатуралар парадын бастап та жіберді. Шығармашылық шеруі шартарапты шарлаған шабыт иесі бүгінге дейін 50-ден астам елдің бай­­қауына қатысты. Жүлдесіз құр қайтқан кезі, тіпті жоқтың қа­сы. Соңғы алған қомақты сыйы – «2017 жылдың ең үздік карикатура суретшісі» шартараптың «сен тұр мен атайын» дейтін таңдаулы суретшілері қатысқан ең ірі байқау болатын. Әр шебер жүзге жуық туындысын жолдап, кей-кейде мың жарым мықтыға дейін бақ сынасатын бұл сайыстарда үздік жүздікке кірудің өзі үлкен жетістікке баланатын. Солардың арасынан суырылып шығып жиырма жетілікке кіру тек Айдарбек Ғазизұлының ғана қолынан келетін табандылық!

P.S. Ағамыздың жеке көр­месін асыға күтіп жүрген көпшіліктің де көңілі бір дем­де­летін кез келер. Алла қаласа, сол сәт те алыс емес сияқты ғой. Әр түстің қа­дір-қасиетін арттырған алпыс­тың асқаралы биігі құтты болсын дей отырып, «мехнатты өнердің» мектебін ашып, балғын суретшілерді осы салаға баптап тәрбиелесеңіз, тіптен тамаша болар еді деген тілекке қосарланған базынамыз бар! Және де осыншама мол мұраны Астана төрінен карикатура музейі етіп ашып, келер ұрпақтың көзайымына айналдыра алсақ, бұдан сауапты іс бола қоймас...

Амангелді ҚИЯС,

«Егемен Қазақстан»