Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Солтүстікқазақстандық жас бишілер бас жүлдемен оралды

728 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласында «Бала шабыты» халықаралық жобасы аясында өткен «Болашақ жұлдыздар» байқауында облыс намысын «Алуа» би ансамблі абыроймен қорғап, үш жүлдеге ие болды.

Солтүстікқазақстандық жас бишілер бас жүлдемен оралды

Хореграф Анара Сабдинованың айтуынша байқауға ансамбльдің 22 бишісі қатысып, «Заманауи би» аталымында бірінші, екінші орындарды жеңіп алған. Ал халық би номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жанынан құрылған «Алуа» халық би ансамбліне биыл 8 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде талай биік белестерді бағындырып, хас шеберлерге тән өнер көрсетіп келеді.

«Ансамбль Сочи, Мәскеу, Қазақстан қалаларында өткен байқауларда топ жарды. Балғын бишілеріміздің қадамы қанаттандырады. Олар  барлық сыннан сүрінбей өтіп жүр. Кәсіби шеберлігіміз бен дайындығымызды талай беделді қазылар алқасы жоғары бағалады», дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Жанна Темірбаева.

Кәсіби біліктіліктерін дәлелдеген жас өнерпаздар халықаралық Дельфий ойындарына жолдама алды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»