Қара адырда қар жатпайды
Абай ауданымен қойы қоралас, ауылы аралас жатқан тау арасындағы қыстаққа жетудің өзі қиямет-қайым екен. Қыстаққа апаратын төте жол жабылып қалғандықтан Абай, Шұбартау (бұрынғы) аудандары арқылы айналма жолмен баруға тура келді. Бір қызығы, Жарма ауданы аумағында жол бойы көзге шалынған қалың қар Қара адырға тақағанда сиреп сала берді. Хусан ақсақалмен арадағы алғашқы әңгімеміз де осы қар жайынан басталды. «Іргеміздегі Тобықты халқы да, біз, чешендер, таулықтар да қызуқанды халықпыз ғой. Бұл жақта қар жатпайтыны сондықтан шығар», деп әзіл араластыра сөз саптаған қариямен одан арғы мәслихатымыз сыртта, үй алдында, саф ауада өрбіген.
Осалдың омыртқасын опырып, беріктің белін бүгілдірген (Ә.Нұршайықов) сұрапыл соғыс жылдары елімізге мыңдаған өзге ұлт өкілдерінің депортацияланғаны белгілі. Хасиевтер отбасы да сол уақытта тағдырдың тауқыметімен қазақ жеріне табан тірейді. «1944 жылы Кавказдан жер аударылған чешендердің бір тобын Бородулиха ауданының Ивановка деген ауылына әкеп түсірді. Ол кезде мен 4 жаста едім. Бес класс қана бітірдім. Әрі қарай оқуды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Жағдайымыз нашар, шамамыз келмеді. Халықтың жағдайы да қиын болды ғой ол кезде. Бүгінде 77 жасқа келген мен өз өмірімді үш кезеңге бөліп қарар едім. Алғашқы 25 жыл қиыншылықта өмір сүрдік. Талғажау етер түк таппай, шөп жеген кездеріміз де болды. Одан кейінгі 25 жыл жаман болған жоқ. Ел қатарлы өмір сүрдік. Ал енді үшінші 25 жылдығымда өмірдің бар қызығын көріп, сезініп жатқан жайымыз бар. Мал ұстауға рұқсат бермеген заманды да бастан өткердік қой. Қазір құдайға шүкір, алдымызда ақтылы малымыз бар. Қанша мал өсіремін десең де ешкім шектеу қоймайды», деген қария қиын күндерде жандарына пана болған қазақ халқына қарыздар екенін айтып, «қазақ еліне таулықтардың жасын берсін» деп ағынан жарылды.
1940 жылы Кавказда дүниеге келген Хусан Хасиев әкесі Баснакайдың 1986 жылы Дінмұхамед Қонаев қызметтен босатылғанда: «Мұнысы несі?! Басқа сауатты қазақ табылмады ма?» деп қатты күйініп, күйзелген сәтін еске түсіріп, ақыры әділеттің салтанат құрып, тәуелсіз мемлекеттің тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев қолына алғанда елмен бірге ерекше шаттанғанын айтады. «Менің құрдасым жарап тұр. Әлі күнге дейін мінберде. КСРО-ны таратқан Горбачёв: «Бір қадам алға, бір қадам артқа» деуші еді. Біздің Елбасымыз: «Тек қана алға. Бір емес, он емес, 100 қадам алға басуымыз керек» дейді. Әттең, менің қолымда тұрса, бес жұлдызды, әдемі бір орден шығарып, кеудесіне тағар едім. Мен осыны армандаймын», деді ақсақал. Бұл сөзін бір емес, бірнеше рет қайталады. Мұны өмір бойы мал шаруашылығымен шұғылданған қарапайым еңбек адамының Елбасына, елге деген шынайы құрметі деп түсіндік.
Байыс баққан бауырлар
Бородулихадан Жарма ауданына 1961 жылы көшіп келген Хасиевтер әулеті бүгінде байыстың Отаны саналатын Үшбиік ауылына қарасты аумақтағы Қара адырда төрт бірдей қыстаққа иелік етіп отыр. Ағайындылар қоныс тепкен қыстақтардың арасы да алшақ емес. Ақсақалдың ағасы Хасан өзінің қыстауында – 900, ол кісінің немересі – 700, Хусан Хасиевтің үлкен ұлы Рамзан – 1500, тағы бір ұлы Бесланмен бірге тұратын өзі – 2500 бас байыс қойын өсіріп отыр.
Әулетімен байыс бағып отырған қария қазақ жеріне әбден бауыр басып қалған. Ол ұлдарының да, немерелерінің де бұл мекенді ешқашан тастап кетпейтініне сенімді. Ағайынды Хусан мен Хасан Хасиевтер қазақпен құдандалы. «Рамзан деген ұлымның келіншегі қазақ. Есімі – Айжан. Оның әкесі менің досым болған. Комсомолда бірге жұмыс істедік. Ағам Хасанның Бауди деген ұлы қазақтан қыз алды. Қазақстанда тұрып жатқаныма 73 жыл болды. Біз үшін әлемде қазақ жерінен артық ешқандай жер жоқ», дейді қария.
Түйін
Қоштасарда ақсақал екі өтініш айтты. Біріншісі – үйінде жарық жоқ, мотормен отыр екен. «Осыған бір көмек болса жақсы болар еді», дейді. Екіншісі, осыдан бір-екі жыл бұрын Семейде бас сүйегіне ота жасатыпты. «Газет арқылы маған ота жасаған, жанымды аман алып қалған жас жігіт Тілеуқұл Қойшыбаевқа алғыс білдіргім келеді. Енді қанша ғұмырымыз қалды дейсің?! Осы тілегімді жеткізіңдерші, қарақтарым!» деді ақсақал.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы
Суретті түсірген автор