Тәуелсіздікке дейін Қазақстанның намысын қорғаған балуандардың жетеуі ғана КСРО чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізді. Олар – Аманкелді Ғабсаттаров (1962 жыл), Әбілсейіт Айқанов (1963 жыл), Петр Суриков (1971 жыл), Аманжол Бұғыбаев (1973 жыл), Федор Баумбах (1974 жыл), Александр Иванов (1974 және 1976 жылдары) және Мұсан Абдул-Мүсілімов (1979 жылы). Тағы 20-дан аса жерлесіміз айтулы жарыста жүлдегерлер санатына қосылды. Егер 1945-1991 жылдар аралығында Одақ біріншілігінің жалауы 47 мәрте желбірегенін ескерсек, бұл көрсеткіш көңілімізді марқайтты деп еш айта алмаймыз. Жарайды, ол тұста Кеңес Одағы бапкерлерінің іштарлығы мен солақай саясатының салдарынан еліміздің еркін күрес шеберлерінің басым бөлігінің жолы бөгелді дейік. Осы орайда мәскеулік мамандар тарапынан қазақтарға көп қиянат жасалғанын да жоққа шығармаймыз. Ол кезде заман солай болды деп ақталсақ та, ешкім айыпқа бұйырмас.
КСРО құрдымға кетіп, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін барлық спорт түрлерінен өз қалауымыз бойынша дербес команда жасақтауға жол ашылды. Еркін күрестің де еңсесін көтеруге тамаша мүмкіндік туды. Сөз жоқ, қазір елімізде Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлері, Азия чемпиондары, басқа да ірі халықаралық жарыстардың жеңімпаздары шығып жатыр. Әрине, оған қуанамыз. Бірақ «әттеген-ай!» дейтін де жағдай жоқ емес. Ең өкініштісі, біздің мамандардың дені өз өрендерімізді тәрбиелеудің орнына легионерлердің көмегіне жүгінуді құп көреді. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі деректерді алға тартайық.
Қазақстанның еркін күрес шеберлері 1996-2016 жылдар аралығында 6 рет Олимпия ойындарына қатысып, 5 жүлде (2 күміс+3 қола) олжалады. Тарқатып айтсақ, 2000 жылы Ислам Байрамуков пен 2004 жылы Геннадий Лалиев күміс алса, 1996 жылы Мәулен Мамыров, 2008 жылы Марид Муталимов және 2012 жылы Ақжүрек Таңатаров қола медальді қанағат тұтты. Осы бес жігіттің үшеуі өз өрендеріміз. Олар – Мәулен, Ислам және Ақжүрек. Ал Геннадий мен Марид Қап тауы бөктерінен келген. Сондай-ақ 2008 жылы Бейжіңде Таймұраз Тигиев екінші орынды иеленген болатын. Алайда уақыт оза «допинг қолданған» деген айыппен ол Олимпиада жүлдесінен қағылып, үлкен спорттан шеттетілді.
1993-2016 жылдар аралығында Қазақстанның ұлттық құрама командасы 20 рет әлем чемпионатында күш сынасты. Сол жарыстардың қорытындысы бойынша 10 жүлдені (2 күміс+8 қола) еншіледі. Елмәди Жабырайылов (1995 жылы) пен Нұрлан Бекжанов (2016) финалда ғана жеңілсе, Мәулен Мамыров (1997), Геннадий Лалиев (2003), Магомед Круглиев (2005), Леонид Спиридонов (2009), Әбілхакім Шәпиев (2010), Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев (2011) және Ақжүрек Таңатаров (2017) үшінші тұғырға табан тіреді. Осы 10 спортшының тең жартысы сырттан келген. Мәселен, Жабырайылов – чешен, Лалиев – осетин, Круглиев – лезгин, Спиридонов – якут және Әбілхакім Шәпиев – авар.
Отандық еркін күрес шеберлері Азия чемпионатында 15 мәрте бас жүлдені олжалады. Атап айтсақ, бұл белесті Марид Муталимов (2005, 2006, 2010) пен Дәулет Ниязбеков (2015, 2016, 2017) үш мәрте бағындырды. Елмәди Жабырайылов (1995), Мәулен Мамыров (1999), Ислам Байрамуков (2000), Леонид Спиридонов (2006), Нұржан Қатаев (2006), Дәурен Жұмағазиев (2011), Расул Қалиев (2014), Ақжүрек Таңатаров (2017) және Нұрислам Санаев (2018) сынды саңлақтар бір-бір реттен топ жарды. Сол алтындардың алтауы легионерлердің еншісінде.
Осылай тізбектей берсек, тәуелсіздік алғалы бері еркін күрес шеберлерінің байрақты бәсекелерде олжалаған жүлделерінің жартысына жуығын сырттан келген спортшылар әкелгенін аңғару қиын емес. Әрине, егер олар маңызы зор, мәртебесі биік жарыстарда Қазақстанның туын үнемі биікте желбіретіп жатса, біз қуанамыз. Бірақ үнемі легионерлерге арқа сүйеп, жайбарақат отыра беруге болмайды ғой. Арзан абыройға кенелу мақсатында жеңіл жолмен келген ондай табыстың қазақ жанкүйерлері үшін құны көк тиын. Жасыратыны жоқ, осы бір жаман үрдістің жалғаса бергенін жанымыз қаламайды. Біздің мамандар өз өрендерімізді тәрбиелеп, соларды биікке жетелеуі қажет. Тек сонда ғана әлемдік қоғамдастық алдында еліміздің елдігі мен ұлтымыздың тектілігін паш етіп, балуандық өнерде бай дәстүріміздің бар екенін мойындата аламыз.
Осы күнге дейін Қазақстанның еркін күрес шеберлері арасынан не Олимпия ойындарының жеңімпазы, не әлем чемпионы шықпағаны жайында біз жоғарыда айттық. Бұл осы саланы басқаратын азаматтар мен күрес федерациясының басшыларынан бастап, майталман мамандар мен қатардағы қарапайым бапкерлерге дейін ой салуға тиіс. Байыптап қарасаңыздар, елімізде осы спорт түрінің дамуына барынша жағдай жасалып, мемлекет мол көлемде қаржы бөліп, ұлттық компаниялар демеушілік көмегін көрсетіп жатыр. Республикамыздың әр ауданы тұрмақ, ауылды жерлердің өзінде күрес үйірмелері бар. Соған қарамастан нәтиже мәз емес. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқыраған балғын балуандардың ересектер дуына қосылғанда құмға сіңген судай жоқ болып кететіні қынжылтады.
Олимпиада мен әлем чемпионаты дейміз-ау, Азия ойындарының өзінде отандық балуандар бір мәрте ғана бас жүлдені олжалағаны жанға батады. Сонау 1994 жылы Хиросимада Қазақ елінің Әнұраны шырқалғанын естігенбіз. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, алтын асықтай ұлымыз Мәулен Мамыровтың ерлігін қайталауға бірде-бір өреніміздің қарым-қабілеті жететін емес...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»