Ақтау қаласында өткен «Н.Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі, Каспий маңы елдерінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Каспий теңізі аймағының өзекті мәселелерін талқылады.
Халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, шетелдік және қазақстандық ғалымдар, Каспий маңы елдерінің өкілдері, Пәкістан және Македония Республикасының Төтенше және өкілетті елшілері, Түркия, Түрікменстан, Иран Ислам Республикаларының бас консулдары – барлығы жеті елдің азаматтары қатысқан конференцияда халықаралық қауіпсіздіктің аспектілерін және Каспий маңы елдеріндегі мәселелерді талқылап, әлемдік ғалымдардың ғылыми ұйымдарда жүргізген ғылыми-зерттеулерінің тәжірибесі мен нәтижелерін атап өтті. Қазіргі таңда Каспий теңізінің түбін және тереңдігін делимитациялау, теңіз деңгейінің іргелес учаскелерін бөлу, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, гидрометеорология саласындағы мәселелер шешілді.
– Каспий – трансшекаралық су объектісі. Сондықтан Каспий маңы мемлекеттерінің бірлескен күш-жігерінсіз теңізді қорғау мүмкін емес екенін білесіздер. Каспий теңізіндегі көмірсутегі шикізатының ауқымды көлемін өндіру жоспарлануда. Демек, теңіз аймағын қорғау одан да өзекті болмақ. Халықаралық ұйым өкілдерінің және Каспий маңы мемлекеттерінің әр кездесуі мемлекеттік органдардың, шаруашылық субъектілерінің, мамандардың және жұртшылықтың назарын Каспий теңізінің экологиялық мәселелеріне аударуға және оларды жан-жақты шешудің жолдарын айқындауға мүмкіндік береді, – деді конференцияның ашылуында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Мамандар Маңғыстау – жылына 600 миллиард долларлық жүк тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан орталық алаң десе, Түркияның бас консулы Корхан Кунгер Солтүстік дәліз құрылысы аяқталғаннан кейін Қытайдан Еуропаға Транскаспий дәлізі арқылы жүк жеткізу мерзімінің 4 есе қысқаратынын айтты. Ал Иран Ислам Республикасы бас консулының міндетін атқарушы Мохаммад Хоссейнголи Нури:
– Қазақстан Президентінің озық саясаты Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты арттырып келеді. Өткен жылдың өзінде Каспий аймағындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы, транзит, кеме арқылы жүк тасымалдау және балық шаруашылығы бойынша келісімдерге қол қойылды. Екі елдің әскери-теңіз флоты Ақтау мен Бандар анзали порттарына сапар шегуі теңіз қауіпсіздігі саласындағы және Каспий теңізінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашты, – деді.
Конференцияда тек баяндамалармен шектелмей, нәтижелі іске қол жеткізуді мұрат еткен қатысушылар Ақтау қаласынан «Қазақстан теңіз университетін» ашуды ұсынды және өлкедегі іргелі оқу орнының жанынан 1500 орындық жатақхана салу жоспарланды.
– Біздің Президентіміз барлық жерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұл елдің дамуына аса қажет. Жастарға кампустар, жатақханалар салынуы керек. Президенттің бағдарламасы осы бағытты көздейді, – деді Орталық Азия университетінің ректоры Жұматай Әлиев. Аталған бастама Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында инвесторлардың қолдауымен жүзеге асады деп күтілуде.
Конференция соңында дипломаттар мен ғалымдар, конференция қонақтары Халықаралық Жер-Ана күнінің құрметіне шырша отырғызды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы