Әдебиет • 30 Сәуір, 2018

Бір қайыры бар дүние

1002 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бір қайыры бар дүние

Себепсіз соғылған дүре

Шығыс әлемінде Харун Рашитті білмейтін адам кемде-кем шығар. Сол бір атақты, әділ патшаның мұрагері Мамун медреседе оқып жүрген кезінде өзі ерекше құрмет тұтатын ұлағатты ұстазы ешбір себепсіз дүре соғып қоя береді.

Қараптан-қарап таяқ жеген бала:

– Ұстазым-ау, мені неге сонша жазаладыңыз? Мен не істеп қойдым? Бірдеме бүлдірген болсам, айтыңызшы?! – деп реніш білдіреді.

Ұстазы баланың ренішті сөзіне тіл қатпайды. Бала қайта сұраса, ол тіс жармайды. Бұл оқиға Мамунның есінде қалады.

Содан уақыт зымырап өте шыға­ды. Бала Мамунның есейіп, пат­ша тағына отыратын кезі туады. Таққа жайғаса беріп, қолына шоқпарын алады, содан соң баяғы дүре соққан ұстазын шақыртады.

Сөйтіп ұстазына бала кезінен жауапсыз қалған сұрағын қайта қояды.

– Сол кезде мені неге таяқтың ас­ты­на алдыңыз? Қандай кінәм бар еді?

Сақалын қырау шалған қарт ұстаз езу тартып:

– Ұмытпапсың ғой, шырағым, – дейді.

Орнынан атып тұрған патша:

– Қалай ұмытамын, айтыңызшы, қа­лай ұмытамын?! Біле-білсеңіз, сол соқ­қы сүйегімнен өтіп, жүрегімді жара­ла­ды! – деп, қабағын түйіп кіржің­д­ейді.

– Жарайды, балам, – дейді ақсақал. – Сені ренжіткен болсам кө­ңіліңе алма. Бұл дүние кем бол­ғанымен, бір қайыры бар екенін естен шығарма! Ештеме бекерден-бекер болмайды.

Әсілі зұлымдыққа, әділетсіздікке душар болған адамның қандай күй кешетінін және оны ешуақытта ұмытпайтынын білсін деп соқтым. Ешкімге зұлымдық жасамасын дедім. Өйткені зорлық-зомбылық өзің көргендей қанша уақыт өтсе де жүректегі сөнбейтін бір отпен тең!

«Бісміллә»-дан басталған әңгіме

Алматыда оқып жүрген кезіміз еді. Талай ән-жырға арқау болған «Саяхат» автобекетіне шұғыл жетуім керек болды. Такси тоқтатайын деп қол көтеріп едім, ақ түсті «Жигули» жанымнан сырғып өте бере тоқтады.

«Амансыз ба! «Саяхатқа» барасыз ба?» дедім. Жүргізуші «Отыр!» деген­дей, иегімен алдыңғы орындыққа нұс­­­қады. Көлікке жайғаса бере: «Бісміллә!» деп қалдым. Әдетте әже­лері­­­міз бен аталарымыз айтатын дәс­түр­лі сөз ғой. Біздікі де сол сияқты әдет.

Қыр мұрын, ашаң жүзді, ақ самайлы көлік иесі мұныма риза болып:

– Әп-бәрекелді! «Бісміллә» десең, жолың болады, – деді.

– Мұсылман баласы емеспіз бе, көке, – деп қойдым көңілім көтеріліп.

– Дұрыс айтасың, балам. Оныңа келісемін. Кезінде... өзің білесің, мұндай әңгіме қозғауға болмайтын. Ал енді, такси айдап жүргенім болмаса, негізі мен физикпін. Физиканы жақсы білетіндер Құдайдың бар екеніне және өмірде ештеңенің кездейсоқ емес екендігіне сенеді.

– Оныңыз рас, көке. Атақты Эйнш­тейннің: «Жаратушы, жалпы, ғаламды тас ойнап отырып жарат­паған!» деген сөзі әлі есімде, – дедім мен өзімнің оқығанымды білдіргім келіп. – Сосын мына сөзі қандай ғажап десеңізші: «Өмір сүрудің екі жолы бар. Біріншіден, бұл дүниеде таңғал­дыратын керемет күш жоқ деп ғұмыр кешу. Екіншіден, таңғажайып тылсым күш бар екеніне сеніп өмір сүру».

– Е балам, сол бір тылсым күшті өз көзімізбен көрдік қой, – деп, әлгі кісі бір оқиғаны есіне алып, сыр шерте бастады. – Ауыл басқарып отыр­ған кезіміз. Молданың жазықсыз қама­лып кеткеніне екі жыл болған. Сол кезеңдерде бір тамшы суға жары­май қалдық. Еккен егініміз шықпай қалды. Содан әлгі молда босатылды деген хабар жетті бір күні. Ауыл тұрғындары жиналып, тасаттық берейік, бір Алладан тілемеске шара жоқ десті. Келіспеске амал қайсы. Әлгі молдамыз бастап, ел жотаның төбесіне шықты. Мал сойылып, Құран оқылды, ақсақалдар бата берді. Сол кезде мына қырсықты қара­са­ңызшы, орталықтан комиссия келе жатыр деген хабар жетті. Ойбай-ау, енді қайтеміз, жотадағы жұртты көрсе басымыз кетеді ғой деп шыж-быж болдым. Аспанға қайта-қайта қараймын жалтақтап. Бұлттың қарасы көрінбейді. Рәсімді тезірек аяқтасын деп, балаларды төбеге жүгіртемін. Бірақ оған ешкім көне қоятын емес.

– Қызық екен!

– Иә-ә, қызықтың көкесі әлі алда. Соны­­мен комиссия келді. Оларды бас­тап жүрген бір орыс келіншек екен. Кең­сеге кіріп, үстел басына жайғас­ты. Мен жанымды шүберекке түйіп отыр­­мын. Комиссия құжат тексеруге кірісті.

Кенет терезеден жотадағы жұрт­ты көрген орыс келіншек:

– Ана жақта не болып жатыр? – деп сұрады көңілі елеңдеп.

Амал жоқ шындықты айтуыма тура келді.

Әлгі келіншектің жанындағы аудан­дық партия комитетінің нұс­қау­­шысы, шомбал қара жігіт басын шайқап, ырқ-ырқ етіп күлді де:

– Осы жұрт не болса, соған сенеді, – деді.

Келіншек үн қатқан жоқ. Қайта­дан құжаттарға үңіліп, өз ісін жалғастыра берді.

 Содан бір кезде күтпеген жерден аспан тесілгендей жауын құйды да кетті. Ойпырмай, мұндай да болады-ау! Терезеге үңіліп, әлгі жұрт жиылған жота­ға қарасам, ешкім жоқ. Бәрі тым-тырақай боп, пана іздеп, ауылға қа­рай қашыпты. Бұны енді ешқандай да фи­зи­каның заңымен түсіндіре алмайсың.

– Ғажап екен!

– Ғажап болғанда қандай! Алладан сұрасаң береді ғой. Дұға-тілек деген терең ұғым. Оны біз түсіне бермейміз. Қадіріне жетпей жүрміз. «Дұға етпе­сеңдер, тіршілік етудің қандай мәні бар?» деп Құранда айтылған ғой.

– Содан әлгі комиссия мүшелері не айтты?

– Иә, айтпақшы, құжат қарап отырған орыс әйел орнынан атып тұрып, терезенің алдына келді. Сөйтті де, сырттағы жаңбырға таңдана қарап тұрып, менен терезені ашуға бола ма деп сұрады. Неге болмасын?! Оның үстіне комиссия басшысы сұрап тұрса. Әп деп, терезені шалқайтып аштым да жібердім. Сол кезде талайдан бері жаңбыр күтіп жатқан кең даланың хош иісі ішке лап қойды.

Қуанғанынан қолын шапалақтап жіберген орыс келіншек енді:

– Мұндай ғажапты кім көрген! – деп алақанын бұғаттан сорғалап жатқан суға тосты. Сөйтті де:

– Құжаттардың да дұрыс екен­дігіне толық сенімдімін, – деп күлді.

Осы кезде мен:

– Көке, «Саяхаттың» алдына да кеп қалдық, – дедім қызық әңгіменің әсерімен байқамай өтіп кетпейік дегендей алаңдап.

– Жарайды, балам. Айта берсек, талай оқиғалар еске түседі. Үйдегі апайыңмен осы жерде – «Саяхатта» танысқанбыз. Е-е, ол да бір дәурен екен-ау!..

Қашанда бір қайыры бар мынау ғажап дүниеге қараңызшы; сол күннен бастап, таксиге мінген сайын әлгі оқиға есіме түсіп, Ұлы Құдіретке сыйынып отыратын болдым.

Мәлік ОТАРБАЕВ