Президент • 02 Мамыр, 2018

Мемлекет басшысы Астандағы жаңа мешітке барды

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Мемлекет басшысы «Сарыарқа» ауданында орналасқан жаңа мешітке барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз  қызметі хабарлады. 

Мемлекет басшысы Астандағы жаңа мешітке барды

Қазақстан Президентіне мешіттің салыну барысы, сондай-ақ осы ғимаратты электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы энергия көздері жөнінде мәлімделді.

Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. Жаңа мешіт қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің сыртқы дизайны гүлді әрі алмастың қырларын еске салады.

Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі – 43,5 метр. Ол «қалам» – «қасиетті қауырсын» түрінде бой көтерген.

Жаңа мешітті энергия қуатымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы энергия көздері қажетті мөлшерден үш есе көп электр қуатын өндіреді. Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған.

Мешіт ғимаратының ауданы – 2248 шаршы метр. Орналасқан жердің ауданы – 1,44 га.