Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

Түркі жазба ескерткіштерінің тарихы талқыланды

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдени мұраны рухани жаңғырумен ұштастыру мақсатында ұйымдастырылған ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форумына 20-дас астам мемлекеттен көрнекті ғалымдар, белгілі түркітанушылар, қоғам қайраткерлері мен дипломаттар қатысты.

Түркі жазба ескерткіштерінің тарихы талқыланды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код, ана тілі және киелі мекендердің маңызын анықтап берген еді. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы іспетті бұл бастама түбі бір түркі халықтары тарапынан кең қолдауға ие болғаны белгілі. Форум барысында да осы мәселелер талқыланды.

Жиынның бірінші панельдік сессиясы «Түркі жазба ескерткіштері» тақырыбына арналды. Оған модераторлық еткен Ресей ғылымдар академиясы Археология институтының профессоры Игорь Кызласов түркі халықтарына тән руна жазуларының түпкі тамыры жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, түркі елдерінің VIII-XII ғасырдағы руна жазулары бірегей мұра. И.Кызласовтың сөзіне қарағанда, руна жазуы басқа әліпбилерге қарағанда түркі сөздерінің дыбыс ерекшеліктерін дәл көрсетеді.

Түркітанушы профессор Осман Фикри Серткая сессия барысында Вильгелм Томсонның көне түркі жазуын қалай оқығанын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар Ресей ғылымдар академиясының профессоры Игорь Кормушин, Халықаралық түркі академиясының профессоры, қырғызстандық Кадыралы Конкобаев, Гете университеті Түркітану департаментінің басшысы, профессор Марсел Эрдал, Кольн университетінің профессоры Хуркабаатар Солонггод түркі жазба ескерткіштері туралы баяндама жасады.

Спикерлер ілкімді іс-шараның түркі әлемін біріктіретінін жеткізе отырып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ықылым заманнан арқауымызды үзбеуге көмектесетінін сөз етті. Профессор М.Эрдалдың айтуынша, тағылымы мол тарихқа иек артқан жаңғыру мәселесі барша түркі тілдес халықтарға қажет. Ол мұның себебін кей тілдердің жойылып бара жатқанымен түсіндірді.

«Қазіргі таңда біздің міндетіміз Еуразия құрлығындағы бүкіл түркі тілдерін тіркеп, мәдени мұрамызды келешек ұрпаққа тапсыру. Егер қандайда бір тілде сөйлейтін тірі жан қалмаса адамзаттың байлығы кеми түседі. Бүгінде кей түркі тілдері жойылу алдында тұр. Әсіресе, мемлекеттік тілі басқа елдерде мұндай қауіп басым», деді М.Эрдал.

Сондай-ақ ол түркі тілдерін қолдайтын бағдарламаларды жаһандық деңгейде жүргізудің қажеттігін атап өтті. Осы орайда, М.Эрдал Халықаралық Түркі академиясы осы бағытта тиімді жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етіп, ЮНЕСКО-ны осындай шараларды қаржыландыруға және ұйымдастыруға шақырды.

Панельдік сессияның екінші бөлігі түркі тілі мен әдеби-мәдени мұраларына арналды. Онда Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 125 жыл, Шыңғыс Айтматовтың туғанына – 90 жыл, Әзербайжан мемлекетінің құрылғанына – 100 жыл толуы атап өтіліп, осы тақырыптар төңірегінде баяндама жасалды. Мәселен, Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы Осмонакун Ибраимов Шыңғыс Айтматов туралы кең мағлұмат берді. Сонымен қатар ЮНЕСКО-дағы Түркия ұлттық комиссиясының президенті Өжал Оғуз, Якутияның Ұлттық ассамблеясы төрағасы Александр Жирков түркі әдебиеті жөнінде баяндама оқыды. Ал Мичиган университетінің (АҚШ) профессоры Тимур Кожаоғлы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.

«Мағжан Жұмабаев XX ғасырдағы қазақ поэзиясының ұлы өкілі екені сөзсіз. Сондай-ақ ол барша түркі әдебиетінде ойып тұрып орын алатын тұлға. Ол ешқашан кеңестік идеологияға бой ұсынған емес. Ол жүрегінің әміріне құлақ түрді», деп тебіренді ақынның өлеңдерін ағылшынға аударумен шұғылданатын профессор.

Айта кету керек, Т.Кожаоғлының ағылшын тіліндегі «Мағжан – оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабы жарық көрген. Ол ақынның шығармаларын аударумен 1977 жылдан бері айналысып келеді. Профессор өз сөзінде Мағжанның тағы бірқатар өлеңдерін Шекспирдің тілінде сөйлететінін мәлімдеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» – ПАРИЖ

Суретті түсірген Физули МЕДЖИДЛИ