Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

ЮНЕСКО өкілі ана тілдің маңызын түсіндірді

523 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форумы өтті.

ЮНЕСКО өкілі ана тілдің маңызын түсіндірді

Жиында ЮНЕСКО Хатшылығының халықаралық байланыстар департаментінің директоры Генц Сейти сөз алып, іс-шараға қатысушыларды құттықтай келе қазақ тілінде «Қош келдіңіз!» деді.

«Қазіргі таңда түркі тілдері әлемнің басқа тілдері секілді бірқатар сынақ алдында тұр. Технологиялық тілдің жедел дамуы қоғам арасындағы байланысты кеңейтіп, білімімізді ұлғайта түсті. Нәтижесінде цифрлы технологияның тілі ғылыми, мәдени ортада кеңінен пайдаланылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда ЮНЕСКО ғалымдарды, зерттеушілерді және тарихшыларды қолдауда үлкен рөл атқарып келеді», деді Г.Сейти.

ЮНЕСКО өкілінің пайымдауынша, жаһанданудың арқасында шартараптың кез келген бұрышындағы дауыс естіледі һәм құрметтеледі. Өйткені тіл бір ұлттың әлеуметтік құндылықтары мен бірегейлігін көрсететін бірден-бір қазына.

«Халықтардың өзіне тән мәдени ерекшеліктері болмаған жағдайда бейбітшілік орнауы қиын. Ал әр ұлтқа тән басты бірегейлік – оның тілі. Өздеріңіз білетіндей, ЮНЕСКО мәдени әр алуандықты сақтап қалуға арналған «Мәдениет саласындағы саясатты реформалау» деп аталатын жобаны бастады. Бұл шара әлемде мәдени құндылықтарды қайта қарауға арналған. Мәселен, осы жоба аясында адамзатқа ортақ тұлғалардың мерейтойларын тойлаймыз», деді Г.Сейти.

Сондай-ақ Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы мен Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар арқылы жергілікті халықтың жазу және ауыз әдебиетін жан-жақты ұғынуға мүмкіндік туғанын мәлімдеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» – ПАРИЖ

Суретті түсірген Физули МЕДЖИДЛИ