Медицина • 04 Мамыр, 2018

Жақсы өмір сүру – әр ауылдың қалауы

1090 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама Қызылжар өңірінде де халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын одан әрі арттырудың басым бағыты ретінде қабыл алынып, онда белгіленген іс-шаралардың алғашқы қадамдары жүзеге асырыла бастады. Біз төртінші бастама бойынша әңгімелегенді жөн көрдік. Өйткені облыс аграрлы өлке саналады. Тұрғындардың 54 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұратындықтан өзін-өзі еңбекпен қамтығандар және жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың, жеңілдетілген шағын несие берудің тиімді тетіктерін қолданудың маңызы зор. Бұл жөнінде кейіпкерлеріміз не айтар екен?

Жақсы өмір сүру – әр ауылдың қалауы

Алтынбек АБДОЛЛАЕВ, 
ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: 

– Елбасы аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру талабын қойғаны белгілі. Бүгінгі күні Қазақстан бірқатар позициялар бойынша ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілер қатарына қосылуды мақсат етіп, халықаралық нарықтарда бә­секеге қабілеттілікті қамта­масыз етіп келеді. Бұл орайда жыл өткен сайын мемлекеттік қар­жыландыру мөлшерінің арта түскенін атап өткен жөн. Оған мысал ретінде өткен жылы еліміз бойынша 32 миллиард теңгенің 7200 шағын несиесі берілгенін айтсақ та жеткілікті. Биыл оның көлемі 62 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, қызметті пайдаланушылардың саны екі есе көбейетін болады. Бұл жұмыс облыстың агроөнеркәсіп саласында одан әрі белсенділікпен жалғасары күмәнсіз. Былтыр ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі 510,6 миллиард теңгені құрады. Азық-түлік өнімінің көрсеткіштері 2,8 пайызға артып, 93,6 миллиард теңгеге жетті. Сыртқа 141,8 миллион доллардың өнімдері жөнелтілді. Келтірілген цифрлар құрғақ, жадағай көрінгенімен, астарында жер емген шаруа адамдарының қаншама маңдай тері, қажырлы еңбегі жатыр десеңші! 2017 жылы агроқұрылымдарға 41,6 миллиард теңге демеуқаржы бөлініп, 11 бағдарлама аясында қолдау көрсетілді. Ұсақ шар­уа­шылықтарды біріктірудің нәтижесінде 11,2 мың ауыл­дық жұмысқа тартылды. Олар­дың арасында жұмыссыз жүр­гендері де, ісі шатқаяқтап, кері кеткендері де бар. 1739 ша­руа­шылық субъектілері несиелік және лизингтік мін­дет­темелер бо­йынша сыйақы­лар­дың субси­диялау шараларын пайдаланып, 6,4 миллиард теңге алды. Соңғы бес жылда өңір­лік агро­құрылымдарға құйыл­ған қаржы 5,5 есе көбейіп, 34,1 мил­лиард теңге болды. Бұрын­дары ауыл еңбеккерлері тек егін­ші­­лікпен айналысып келсе, енді мал шаруашылығымен де шұғыл­дана бастауы өте құп­тарлық. Оның нәтижесі жаман емес. Ет өндіру – 13,6, сүт өндіру 26,1 пайызға өсті. 

Өз ісін ашуға ниет еткендерді қолдау, оларға мүмкіндік беру, жаңа салаларды игеру бар да, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға кө­шу­дің, оған бағытталудың жөні бөлек. Ел қазынасынан қарас­ты­рылған 1,1 миллиард теңгеге 38 кооператив озық құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілді. Тұрғындарды бау-бақша, ара шаруашылығымен айналысуға шақырған аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың бастамасы қолдау тауып, кең өріс алып келеді. Шығынды көп қажет етпейтін салалармен айналысушыларға шағын несие ұсынылатын болады.

 

Әсемгүл ҚАЙЫРДЕНОВА, 
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры: 

– Есіл ауданында «Жан» ша­руа қожалығының құрыл­ғанына көп бола қойған жоқ. Оның жетекшісі Ақшолпан Рама­занова біздің ұйымның қар­жылық қолдауына үш рет жү­гінді. Алғашқыда өсімдік жә­не мал шаруашылығы үшін же­ңіл­детілген несие алса, енді етті бағыттағы ірі қара малын өсі­руге тәуекел етті. Аз уа­қыт­тың ішінде өз ісін дөңге­летіп, бір­неше адамды жұмыспен қам­­тып отыр. Мұндай мысалдар аз емес. Өз кәсібін ашуға ұм­ты­­лушылар қатарының кө­бейіп келе жатуының сырын несиелеу шарттарының тиім­ді­лігінен іздеген ләзім. 2013 жыл­мен салыстырғанда несие мөлшері 6 миллион теңгеден 19 миллион теңгеге дейін көбей­тілді. Несие мал және ауыл ша­руа­шылығы кооперативтері бағ­дарламаларына 7 жылға дейін босатылады. Сыйақының жыл­дық мөлшері – 6 пайыз. Ауылда орналасқан жылжымалы, жылжымайтын мүлік те ке­пілге қойылады. Баспананың са­лынған жылына, аудан орта­лы­ғынан алшақтығы және қабыр­ғаларының материалдарына қойылатын талаптар алынып тас­талды. Бұдан басқа да бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бес әлеуметтік бастамада көзделген шаралар несиелеу шеңберін одан әрі кеңейтудің басты тетіктерін айқындап берді. Әсіресе ауыл-аймақтар үшін айрықша маңыз­ға ие. Өйткені елді мекен­дердегі өзін-өзі еңбекпен қамты­ған­дардың үлесі 60 пайыздан асады. Жеке сектордың әлеуетін арттыру, ұсақ отбасылар­ды мал шаруашылығы өнімдерін өнді­руге тарту арқылы өндіріс көле­мін ұлғайтуға, кәсіпкерлікті өр­кен­­детуге үлкен сеп. Тұрғын­дар­ды жұмыспен қамту мем­лекеттік бағдарламасы шең­берінде соңғы бес жылда 8,4 мил­лиард теңгеге екі­жарым мың­нан астам ауыл кәсіпкерлері қар­жы­ландырылды. Былтыр 712 кәсіпкер жеке кә­сіп­терін ашу және кеңейту мақ­сатымен 2,5 миллиард теңге несие рәсімдеп, 812 жұмыс орнын құрды. 

Елбасы ұсынып жүрген ұтым­­ды жобалар қаржыландыру кө­лемін көбейтумен қоса ең­бек өнімділігін арттыруға, жұмыс­сыздықты еңсеруге зор мүм­кін­діктер беретінін жергілікті тәжірибе айқын көрсетіп келеді. Өңірде 9,3 мың жеке қосалқы шаруашылық жүргізушілерінің бірігуімен 129 ауылшаруашылық кооперативі құрылса, 33-і 471 мил­лион теңгеге ірі қара малын сатып алып, қазір сүт өн­ді­ру­мен айналысады. 20 ауыл­ша­руа­­шылық кооперативін, 13 сүт қа­былдау пунктін, 5 мал сою қосынын ашуға 2 мил­лиард теңге бөлінді. 12 кооператив 58,6 миллион теңгеге қаржыландырылып, 12 танкермен, 5 сүт таситын автокөлікпен жабдықталды. 192 жеке қосалқы шаруашылық 482 миллион теңге несиеге қол жеткізді. 13 кооперативке құрылғылар сатып алу үшін 70 миллион теңге берілді. Шағын несиенің игілігін көріп отырғандардың бірі – Михаил Тушин. Ол иесіз қалған ескі моншаны қалпына келтіріп, жартылай дайындалған өнімдер өндіретін, ет сүрлейтін цех ашты. Наубайхана жұмыс істейді. Оның нарықты жан-жақты зерттегені ісінен де, сөзінен де көрінеді. Тапсырыстар жеткілікті. Бес ауыл­дасын тұрақты жұмысқа орналастырды. 

Біздің қор арқылы мем­ле­кет­тің қаржылық қолдауына ие бол­­ғандар қатары өсіп келеді. Прези­денттің шағын несие беру­ді кө­бейту бастамасы аясында тың жо­балар мен ауқымды бағ­дарла­ма­ларға да демеу жасайтын боламыз.

Жазып алған
 Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы