16 Ақпан, 2010

БІЛІМ БЕРУДЕГІ “ЗАҢ КЛИНИКАСЫ”... ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ ТИІМДІ ТӘСІЛ

1264 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Заман алға қарай қарыш­тап жылжыған сайын жас­тарға жоғары білім беруде тың ойлар мен құнды жаңалық­тарды батыл енгізудің берері мол екені айтпаса да түсінікті. Осы арайда, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетінде ұйымдас­ты­рылған “заң клиникасы” бө­лімі атқарып жатқан істер кө­ңіл­ге қонымды. “Заң клини­ка­сы” деген атау осыдан жүз жыл бұ­рын санамызға сіңе бастаға­ны­мен, құқық қорғау саласындағы ти­імді тәсіл бізде енді ғана жүзеге асу­да. Ал аталмыш білім беру жүйе­сі бұдан 11 жыл бұрын сол кездегі университет ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Е.Мәмбетқазиевтің бұйрығымен дүниеге келген еді. Содан бері талай игі істер жүзеге асыпты. Жақында ғана Өскеменде “Қа­зақстанның заң клиникалары – бо­лашаққа бастама” деген бағдар­лама жобасы аясында Шығыс Қа­зақстан мемлекеттік университе­тінің ректоры Бейбіт Мамраевтың ұйғарымымен “Білім берудің заң клиникасы: нақты шара және даму перспективалары” деген тақырыпта үш күндік семинар-тренинг өткі­зіл­ді. Оған Ресейдің Кемерово қала­сын­дағы заң университетінің ка­федра меңгерушісі, заң ғылымда­ры­ның кандидаты, белгілі сарапшы Максим Ростиславович Гета, “Қа­зақ-Америка еркін университетінің, Семейдегі “Қайнар” заң институты мен аймақтық жоғары оқу орын­да­рының 25 студенті қатысып, алған білімдерін ортаға салып, тәжірибе алмасты. Мұндай алқалы жиын Өскеменде бірінші рет өткізілді. “Заң клиникасы” деген термин­ді алғаш рет немістің белгілі заңгер ғалымы, профессор Фраммгольд қол­данған көрінеді. 1898 жылы не­містің белгілі бір журналында автор заң клиникаларын дәрігерлік білім беретін институттар мен акаде­мия­ларында ғана емес, құқықтық білім беретін жоғары оқу орындарында неге қолданып көрмеске деген ойын ашық айтып, нақты пікірлер кел­тірген. Америкада, Еуропа ел­дері мен Ресейде заң клиникалары ондаған жылдар бойы қарапайым халыққа абыроймен қызмет көр­сетуде. Біздің университет тиімді тәсілді жүзеге асырып жатыр. Шә­­­­­­кірттеріміз бірнеше жылдан бері тұрмысы нашар жандарға, орал­ман­­дарға тегін қызмет түрлерін көр­сете бастаған. Оған мысалдар жеткілікті, – деп заң факультетінің деканы Қуат Рахымбердин әңгіме­сін әрі қарай жалғастырды. Университеттің бесінші оқу кор­пусында болашақ заңгер сту­дент­тердің клиникасы халыққа те­гін қызмет көрсете бастаған. Онда оқу орнының оннан астам сту­денттері қоғамдық негізде жұмыс істеп жатқан көрінеді. Қазір қала тұрғындары құқықтық тегін кеңес беретін клиникаға бауыр басып кет­кен. Мәселен, жақында клини­каға қаланың М.Фазлеева деген тұрғыны келді. Қарт ананы келіні тұратын үйінен қуып шығыпты. Аңырап қалған ана учас­келік инспекторға барған. Инспек­тордың қолында қандай заң күші бар, ол университеттің заң клини­касына келіп, болашақ маман­дардан ақыл-кеңес алады. Ақыры студенттер құқықтық заңдарды сақ­тай отырып, ананың ісін қалалық сотқа дейін апарады. Заң күшімен өз үйіне оралған ананың қуанышы қойнына сыймай, университет ректоры Б.Мамраевқа жазған алғыс хатын оқығанда біз де қатты те­б­і­рен­дік. Міне, заң клиникасы осын­дай игі қадамдарға аяқ басқан. Ол ол ма, факультет деканы Қ.Ра­хим­бер­диннің айтуынша, заң кли­ни­ка­сына келіп, өздеріне қажет ке­ңестерді алып жатқан адамдар кей­де кезекке тұрып қалатын көрінеді. Оралмандар да Қазақстанның хал актілерін жүргізу, паспорт жүйесі, басқа да кеңестерді тұрақты алып тұрады. Осыдан үш жыл бұрын атал­мыш университетте студенттердің учаскелік инспекторларға көмек көр­сететін “Қыран” деген қо­ғам­дық негіздегі бөлімшесі ашылған. Мұнда да заң факультетінің бір топ студенттері қырағылықты сақтайды. Заң клиникасының студенттері осы топпен бірлесіп жұмыс жасайды екен. Заң клиникасы студенттердің терең білім алуына да ықпал жа­сайды. Тегін кеңес беру, азаматтық хал-актілерін тіркеу, құжаттарды жіберуге дейін үйретеміз. Ең бас­тысы, қарапайым халықтың жаны­нан табыламыз, – дейді заң ғылымдарының кандидаты, доцент, клиниканың үйлестірушісі Алек­сандар Квашин – Елбасы Н.Назарбаевтың үш тілді меңгеру жөніндегі қағидасы, әсіресе, болашақ заңгерлерге ауа­дай қажет. Өзім Қазақ – Америка еркін университеті заң факуль­те­тінің үшінші курс студентімін. Ағыл­шын, қазақ, орыс тілдерін меңгеріп алдым. Қаладағы, басқа жоғары оқу орындарының тәжірибе алмасу нәтижесінде заңдылықтарды терең меңгерудеміз. Бұл жолғы семинардың пайдасы мол болды, – деп ағынан жарылды Савелий Мущель. Сөз соңында заң факультеті ту­ралы бірер сөз. Ол 1991 жылы елімізде заң білімін беретін үшінші факультет болып тіркелді. Бүгінге дейін оның қабырғасынан мыңға тарта шәкірттер қанат қақты. Қазір жиырмадан астам ғылым канди­дат­тары бар. Оқу орнының үш түлегі, атап айтсақ, Ермек Абдра­сы­­лов, Татьяна Отческая ғылым док­тор­ла­ры. Белгілі заңгер-ғалым Есберген Алауханов та бізде докторлығын қорғар кезде ізденуші болған. Ұс­таздарымыз Самал Мұратбекқызы, Зауреш Буканова, Азамат Асанов және тағы басқалар студенттерге терең білім береді. Айта кететін бір маңызды шара – келер жылы елі­мізде “Кепілдік беретін тегін заң құқықтары жөніндегі көмек” жө­нін­де заң қабылданбақ. Демек, біз­дің жоғары оқу орны дұ­рыс бағыт ұстап отыр, – дейді фа­культет деканы Қуат Рахымбердин. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен