07 Желтоқсан, 2011

Өндірісті оңтайландыру жолдары

714 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Геологиялық барлау саласында «Қаз­Мұ­найГаз» Барлау Өндіру» АҚ көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ең бастысы, өнді­ріс­тік активтер қызметінің тиімділігін арт­ты­ру мақсатында басшылыққа алған ерекше бағдарламалары нәтижесін берді. Қазақ­стан­да мұнай өндіруден көп жылдық тәжі­рибеге бай және елдің батыс өңіріндегі ке­ніштердің геологиялық құрылымын қам­­­тамасыз етіп, жаһандық ауқымда бәсе­келесуге қабілеттілігін тағы да дәлелдеді. Кен орындарын игеру тиімділігін арттыру мақсатында ғылыми-зерттеу, талдау және тә­жірибе жүзінде тексеру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келе жатқан компания Қазақстанның Каспий теңізі қайраңында ғана емес, құрлықта да мұнай мен газ барлау саласындағы қуатты әлеуетін сақтап келеді. Тәуелсіздік жылдары экономикалық қиын­дықтар мен қаржыландырудың жеткіліксіздігі кен орындарында өндіру көлемін едәуір бә­сеңдетті. Алайда, дер кезінде өндірістің құл­дырауы тоқтатылып, өндіру көлемін ұлғайту мәселесі қолға алынды. Бұл ретте жаңа ұңғы­маларды бұрғылау, тұрып қалған ұңғыма­ларды іске қосу және олардың өнімділігін арттыру жұмыстары жүргізілген еді. Нәти­жесінде барлық кен орындарында өндірудің барынша жоғары деңгейі қалыптасты. Бүгінде «ҚазМұнайгаз» Барлау өндіру» АҚ Қазақстан­ның батысында 41 кен орнын игеруде. Маңызды міндеттерінің бірі – мұнай өндірудің неғұрлым тиімді әдістері мен жаңа техноло­гияларды пайдалана отырып негізгі кен орындарындағы өндіріс деңгейін бірқалыпты ұстап тұру. Қазіргі таңда компания бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мәселен, кен орындарының геологиялық және гидродинамикалық үлгіле­месін түзіп, тиянақтаудың өзі үлкен ізденіс. Ұңғыларды геофизикалық-гидродинамикалық тұрғыдан зерттеудің ауқымын белгілеп, сапа­сын бақылау тағы бар. Сонымен қатар, кен орындарын әзірлеу жайына талдау жасап, олардың қорын есепке алады. Бұған қоса, жер қабаттарының өнімділік қарымын арттырып, мұнай шығару қарқынын еселеу жөніндегі геологиялық-техникалық шаралар мен жаңа технологияларды енгізуге қатысты ұсынбалар береді. Сондай-ақ, геологиялық-кәсіпшілік жә­не геофизикалық ақпараттарды жинап, ау­мақтық деректер банкінің бірегей жүйесіне реттеп енгізумен, оларды ұдайы толықтырып отырумен айналысады. Ұңғыларды салу және күрделі жөндеу сапасына жедел геологиялық-технологиялық бақылау жасап, қызметкер­лердің қажетті санын негізді түрде анықтап, жұмыс өнімділігін арттыру үшін еңбек жағдайының ғылыми сараланған нормативтерін әзірлейді. 2010 жылы қолға алынған жоба аясында Өзен және Қарамандыбас кеніштерінде 3 бұр­ғылау ұңғымасы бұрғыланып, керн үлгілері түбегейлі зерттелді. Нәтижесінде жер қабат­тарының геологиялық-геофизикалық сипатта­ры туралы ақпараттар қоры біршама толықты. Кен орындарын игеру барысында әлгі ақпарат көздері пайдаға асты. «Ембімұнайгаз» ӨФ-ке қарасты кеніштерде де осындай зерттеу, геоло­гиялық-геофизикалық жай-күйіне байланысты заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілген болатын. Негізгі инновациялық бағытының бірі – аумақтық-бөліністік деректер банкінің жоба­сын жасап, реттеп қарастыру. Ол ақпараттар­ды ұқыпты сақтауды, деректерді уақтылы беруді, түрлі шешімдер қабылдауды тездетіп, сол арқылы кен орындарын басқару ісін жеңіл­детуді көздейді. Ал жұмыстың тиімділігін арттыруда өндіріс саласында кен орындарын игеру жүйесін оңтайландыру, жөндеуаралық кезеңді ұзарту, құбыр желілерінің жұмыс істеу мерзімін арттыру бастамасы жүзеге асы­рылуда. Ол үшін модельдендірудің қазіргі заманғы әдістерін қолдану қажеттігі туды. Неғұрлым жетілдірілген жабдықтар мен материалдарды пайдаланудың автоматтанды­рыл­ған жүйесі арқылы да біршама қиындықты жеңуге болады. Өндірістік циклдың тиімділігін арттырудың тағы бір бағыты – жер бетіндегі инфрақұрылымдарды, атап айтқанда, мұнай және оны дайындау пункттерін жетілдіру. Осылайша материалдық-техникалық қам­та­масыз ету мен үдерістердің басым бөлігі үнемі жетілу үстінде деуге толық негіз бар. Мереке ТАҢАТАРОВ.