Қазақстан • 10 Мамыр, 2018

QazaqGeography тобының Арал теңізіне ғылыми-танымдық экспедициясы басталды

532 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін «Назарбаев университетінің» аумағынан QazaqGeography «Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының» экспедициялық тобы Арал теңізіне кезекті ғылыми-танымдық сапарға аттанды, деп хабарлайды primeminister.kz. 

Солтүстік және Оңтүстік Аралға бағытталған «Арал-2018» ғылыми-танымдық экспедициясы 10–29 мамыр аралығында өтеді. Экспедиция құрамында ғалым-гидробиологтар, картографтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, археологтар, экологтар, биологтар, журналистер мен фотографтар бар.

Ғылыми сынамалардың нәтижелері бойынша планктондық қауымдастықтардың биоалуантүрлілігі, тұз, фосфор деңгейі, қышқылдығы, судың ластығы туралы деректер жиналады, ол Солтүстік және Оңтүстік Арал экожүйесінің дамуындағы трендті алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, экспедиция Арал өңірі бойынша туристік бағыттар картасын жасау, бірегей фото және бейнематериалдарды жинау мақсатын көздейді.

Экспедицияға қатысушыларға ақ жол тілеп, Назарбаев университетінің инновациялар жөніндегі вице-президенті, Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамның басқарушы кеңесінің төрағасы Қанат Байғарин сөз сөйледі.

«Бүгінгі Аралға экспедицияға шығушыларды үлкен мақтанышпен шығарып салғалы тұрмын. Бұл QazaqGeography экспедициялық тобының Арал теңізіне жасап отырған үшінші ғылыми-танымдық сапары. Біз өңірдің тұрақты даму мүмкіндігін, оның экономикалық және туристік әлеуетін зерттеуді жалғастырамыз. Арал теңізінің ауыр жағдайы туралы үнемі айта беруге болмайды, осы аймақтың даму перспективаларын қарастыру керек. Адамдар ол жерден кетпей, сонда қалуға тырысады. Сондықтан да біздің міндетіміз – аталған өңір үшін жұмыс орындарын ашу мүмкіндіктерін анықтау.  Әсіресе, қазір Кіші Аралдың қалпына келу жағдайында бұл өте маңызды. Экспедиция тобына сәттілік тілеймін. Олардың өз істеріне адалдығы мен шеберліктері үшін алғыс айтамын. Олар – ынтагерлер. Олар жай ғана қызықты оқиға іздеушілер емес, сонымен қатар өз ісін жетік білетін мамандар», деді Қанат Байғарин.

Сапардағы 19 күннің ішінде экспедиция құрамындағы 20 адам бес жол талғамайтын көлікпен Қазақстан және Өзбекстан аумағындағы 7 мың шақырымды басып өтеді.

«Сапар мына бағыттар бойынша: Астана – Қарағанды – Балқаш – Шу – Тараз – Шымкент – Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Үргеніш – Нүкіс – Мойнақ – Арал теңізі – Бейнеу – Бозой – Арал теңізі – Арал – Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана арқылы өтеді. Оңтүстік және Солтүстік Аралда біз онға жуық үлгі аламыз. Ғылыми тұрғыдан тұздылық, қышқылдық, судың ластануы және басқа да параметрлер зерттеледі»,  деді QazaqGeography менеджері, экспедиция басшысы Нұржан Алғашов.

«Авалон» тарихи-географиялық қоғамының басшысы Виталий Шуптардың айтуынша, еуропалық және америкалық туристер үшін Арал өңіріндегі кеме қорымдары үлкен қызығушылық тудырады. Тіпті туристер соларды көру үшін алыс қашықтықтарға джиптермен, мотоциклдермен, велосипедтермен не болмаса жаяу баруға дайын. Өкінішке орай Қазақстан аумағында мұндай кемелер уақыт өткен сайын азаюда. Өзбекстанда, оның айтуынша, оларды сақтап қалу үшін қандай да бір әрекеттер жасалып жатыр.

«Саяхаттаушыларға Арал маңы бойынша тарихтың ең қызықты кезеңі – кеңес дәуірі. Бұл экологиялық апат орын алған уақыт, соның салдарынан суретке түсіруге қолайлы дерлік объектілер – кемелердің тот басқан арқау негіздері қалған. Адамдар соларды көру үшін мыңдаған шақырым жерді еңсеруге дайын. Кемелер қорымын адамдар ақшаға бола құртып жатыр, бірақ жергілікті билік оған қарсы ештеңе жасап жатқан жоқ. Олар елге ақша әкелетін ең маңызды туристік нысандардың жойылып жатқанын түсінбейді», деді тарихшы.

Виталий Шуптар, сондай-ақ, кез келген Орталық Азия елі үшін трансшекаралық туризмді дамыту маңызды, өйткені туристер әдетте Орталық Азия елдерінің бәрін аралайтынын атап өтті.

«Бүгінде туризмді дамыту саласында өңірлік бастамалардың мүмкіндігі мол. Себебі, шетелдік туристер үшін біз Қазақстан, Тәжікстан немесе Өзбекстан емес, Орталық Азия елі болып саналамыз. Олар осы аймаққа келген кезде, әр елдің ең мықты деген жерлерін көргісі келеді. Тек қана бір елге келетін туристер аз. Осылайша қандай да бір жолмен экономиканы түрлендіруге болады», деді В.Шуптар.

2016 жылы Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының экспедиция құрамында Назарбаев университетінің ғалымдар тобы Солтүстік Арал теңізінің бірнеше бөлігіндегі судың гидробиологиялық жай-күйін зерттеді. Сол кезде ғалымдар Солтүстік Арал теңізінің орташа тұздылығының төмендеуін байқаған, бұл Солтүстік Аралдағы экологиялық жағдайдың жақсаруын алдын-ала болжауға ықпал етті.