Осы жылдар бедерінде құрамында 15-ке жуық ақжаулықты әже бар ұжым халықтық, дәстүрлі ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміздің кең қанат жаюына да ұйытқы болып келеді. Репертуарда Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдан бастап қазіргі қазақ композиторларының құлақ құрышын қандыратын, тыңдаушыларға ерекше ләззат сыйлайтын 60-тан астам әуезді әндері топтасқан. Араларында көп шырқала бермейтін туындылар аз емес.
– М.Жұмабаев атындағы колледжде отыз жылға жуық ұстаздық қызмет еттім. Зейнетке шыққаннан кейін өнерге бейімді замандастарымның басын қосып, ата-бабаларымыздың тәлім-тәрбиелерін неге ұлықтамасқа деген ой келді. Содан бері жұртшылық назарына тағылымды кештер ұсынуды басты мұрат етіп келеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығармашылық жоба әзірлеп, Ресейдің қазақтар қоныс еткен аймақтарында болып қайттық. Бірде-бір шақырудан қалған емеспіз. Жамал Текебаева, Сапура Зайкина, Әсия Қарабалина, Шәрбану Жақсылықова, Әлия Малдыбаева, Бақытжан Балтабаева, тағы басқалары ұжымның белсенді мүшелері саналады, – дейді ансамбльдің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі Машуда Ыбыраева өткеннен сыр шертіп.
Өмірлерін әнмен өрнектеп жүрген жезтаңдай әнші әжелердің өнердегі жолы жуырда айрықша әспеттеліп, аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды. Ардагерлер кеңесі сый-құрмет көрсетті. «Елге сәлем», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Нені ойладың?», «Аяулым, арманымдай асылым ең», тағы басқа тамаша әндер өз нақышымен шырқалып, әдемі кешке ұласты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ