Аймақтар • 15 Мамыр, 2018

Жамбыл облысындағы «Жеңіс» саябағында жаңғырту жұ­мыстары жүргізілді

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһарында соңғы уақыттарда ілкімді істер қолға алынып, оң нәтижесін бере бас­тады. Жамбылдық жұртшылық Әулиеата жеріндегі әлеуетті бастамаларға куә болып, облыс орталығындағы қайтадан қалпына келтірілген бірегей нысандарды тамашалауда. 

Жамбыл облысындағы «Жеңіс» саябағында жаңғырту жұ­мыстары жүргізілді

Фото: Алтынбек ҚАРТАБАЙ

Нақты айтсақ, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мыр­захметовтің бастамасымен Та­раз қаласындағы Бауыржан Мо­мышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұ­мыстары жүзеге асырылғанын жұрт­шылық жақсы біледі. Шын­дығында осы уақытқа дейін аталған саябақ қараусыз қал­ғандай күй кешіп, мұнда көпшілік жиі бара бермейтін болған еді. Алайда айналасы бір айдың ішінде даңқты батыр атындағы саябақ қайтадан жаңғыртудан өтіп, көпшіліктің көзайымына айналды.

Саябақ құрылысына бас-аяғы 300 жұмысшы мен 50 техника жұмылдырылды. Сәт сайын шаһардағы құрылыс қарқын алып, саябақ жаңа келбетке ен­ді. Сонымен қатар тұр­ғындар тіле­гіне орай «Жеңіс» сая­ба­ғы маңындағы Ілияс Жан­сү­гіров көшесіне тағы бір жо­лақ қосылып, кеңейтілді. Мемориалды кешеннің кіребе­рісіне арнайы қақпа орнатылды. Аталған кешеннің екі бас қақпасының биіктігі 8 метр, ені 13 метрлік мәрмәр, травертин тастарынан қаланды. Онда кү­зет сақшыларының мүсіні қойылған.

Саябақтың ортасынан «Мәң­­гілік алау» кешені орын ал­ған. Сонымен қатар осы уа­қыт­­қа дейін Жамбыл облыс­тық қазақ драма театрының бір шетінде тұрған Бауыржан Мо­­мышұлының ескерткіші атал­ған саябаққа көшіріліп, мұнда көрермендер үшін арнайы алаң­дар жасалған. Ал «Ба­тырлар» аллеясында Жамбыл облысынан шыққан 39 Кеңес Одағының Батыры мен 9 «Даңқ» орденінің барлық дәрежелі иегерлерінің есімдері жазылған үлкейтілген жұлдызшалар орнатылып, «Даңқ» аллеясында Жамбыл облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 105351 жауынгердің есімі алты қатар мәрмәр тасқа қашалып жазылды.

Саябақты жаңғырту жұ­мыстарының келесі сатысында «Даңқ» залының құрылысы жүргізіледі. Мұнда соғыс және тыл еңбеккерлеріне ар­налған музей салынатын болады. Аллеяның ортасында сонау қиын-қыстау жылдары тылда еңбек еткендер үшін монумент, «Тырналар» ме­мо­риалдары, іс-шаралар өт­кізі­летін арнайы сахна орнатылады. Сонымен қатар мұнда Ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен Семей полигонында жауынгерлік борышын өтегендердің мо­ну­мент­­тері қай­тадан жа­ңар­тылған түрде сая­бақтың күн­шығыс бе­тіне жай­ғастырылады.

 Саябақтың аумағындағы 15 мың шаршы метрге абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары жүргізілді. Мұнда сегіз түрлі ағаштар отырғызылып, оның айналасы гүлзарлармен көмкерілді. Бір айта кетерлігі, атал­ған саябақтағы ағаштар мен гүлзарларды баптау үшін мұнда су желілері тартылған. Ен­ді алдағы уақытта Қазыбек би көшесі мен Дінмұхамед Қонаев көшесі аралығындағы Үшбұлақ каналының бойында демалушылар үшін жағажай жасалып, бұл жер веложолдармен жабдықталады. Сол маңдағы көпір қайта жөндеуден өтіп, протон қойылады.

 Бүгінгі таңда Бауыржан Мо­мыш­ұлы атындағы «Ж­еңіс» саябағы жамбылдық жұрт­шы­лықтың өзара сырласып, ты­нығып қайтатын орталығына айналды. Әрі бабалар ерлігін ұрпаққа насихаттауда да атал­ған саябақтың рөлі ерекше. Мұн­дағы «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі даңқты қолбасшы Баукеңнің ескерткіші, оның жанындағы соғыста ерлік көр­сеткен батырлардың жеке-жеке жұлдыздары, одан кейін жүз мыңнан астам әскердің жа­зылған есімдері бүгінгі ұр­паққа па­триот­тық рух сыйлайтыны ақиқат.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы