Аймақтар • 16 Мамыр, 2018

Ауылына 90 үй салып берген Темірлан Шайнүсіпов туралы үзік сыр

838 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Маусым айының тамылжыған күндерінің бірі... Көршілес айыр қалпақты қырғыз ағайындар екінші рет өткізгелі отырған қазақтың қабырғалы қаламгері марқұм Рақымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестиваліне қатысуға бара жатқан Атырау облыстық Махамбет атындағы драма театрдың директоры Берік Жәмен мырза аяулы Алматыға аяқ басқан соң, бір өзі жеке көлік жалдап, Алматы-Ташкент тасжолымен Бішкекке қарай жол тартады.

Ауылына 90 үй салып берген Темірлан Шайнүсіпов туралы үзік сыр

Жолай «Жетісу – жердің көркі» деуші еді, армансыз аралап көрейінші» деген оймен, табиғатына сүйсініп, жол-жөнекей орналасқан елді мекендерге жіті қарап келе жатады. Бір кезде асқақ та айбынды Алатауға көлбей жатқан сонадайдан менмұндалап көрінген ауылға көзі түсіп, ынтасы ауады. Жүргізуші жігітке: «Тартшы мына бір ауылға» деп бұрылуын өтінгенмен: «Көзге жақын көрінгенмен, бірталай жер ғой, ағай» деп көне қоймайды. Бірақ Бекең де табанды жігіт екен, айтқанын істетіп, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Ақтерек ауылы­на қарай бет түзейді. Теп-тегіс сайрап жатқан тасжолмен ауылға кіріп, түп-түзу көшелерімен көлденеңінен де, енінен де әрлі-берлі көктеп өтіп, біраз аралайды. 

«Жолай Ақтерек деген керемет бір тамылжып тұрған ауылды көрдім. Мұнтаздай таза көшелерінің оқтай түзулігі сонша, ауылдың аяғында тұрып бас жағын тұспалдауға болады. Әр үй шарбақпен, болмаса қазіргі заманғы сәнді қоршаумен қоршалған. Мұндай жер, мұндай сұлу табиғат, мұндай ауыл болады екен-ау деп ойламаппын», деп таңданысын жасырмаған Бәкең Жетісу жерінен алған әсерін Бішкектегі үлкен дастарқан басында айтады. Ал бұл әңгімені бізге осы алқалы жиынға «Егеменнен» қатысып, жазуға барған танымал журналист Айгүл Аханбайқызы одан әрі әсірелеп жеткізсін. Туған жеріңді аузы дуалы азаматтар мақтап жатса, қалай мақтанып, марқаймасқа...

Енді сол Бекеңді қызықтырып, таңдай қақтырған ауылдың қалған әңгімесін біз айтайық...

Кішкене кезімізде үлкендердің «Азама­тын көріп, ауылын таны» деген сөзі құ­лағымызда қалғанмен, бүгінде оны өзгертіп «басшысын көріп – ауылын таны» деп өзгертіп айтсақ, еш сөкеттігі жоқ шығар. Өйт­кені құм ішіндегі алтын сияқты, елге істеген ісін бәлсінбейтін, жақсылық жасаса жар салмайтын, аттандамайтын елеусіздеу жүріп-ақ қыруар шаруаның бетін қайырып, өз ар-ожданының алдында адал еңбегін ту ететін арда азаматтар болады. Міне, сондай азаматтың бірі – Ақтерек ауылының төл тумасы, тұңғиық терең судың білінбей ағатын ағысы сияқты, салмақты да сабырлы мінезге бай, Абай хакім айтпақшы, «ақырын жүріп, анық басатын» Темірлан Шайнүсіпов бауырымыздың өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне, аймағына жасап жатқан игі істерінің арқасында халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарған, қазан-ошағы жоғары.

Сонау тәуелсіздіктің елең-алаңында ауыл­дан береке қашып, бір сабынды бір қойға айырбастаған заман туғанда да бұл ауылдың ынтымағы жарасып, нәпақасы таусылған жоқ. Бұрын осы Жамбыл ауданының бірнеше шаруашылығында бас маман болып, совхоз басқарып тәжірибе жинақтаған Темірлан 1994 жылы «Ақтерек» өндірістік кооперативін басқаруға келгенде жиырма шақты техника, екі бас ірі қара, ырымға қой мен жылқы қалмаған-ды. Ол аздай бюджетке 30 млн, электр жарығына 2,5 млн, жекеменшік шаруа қожалықтарына 5 млн теңге қарыз мойындарына ілінген. Осылайша Темірланға бәрін басынан бас­тап, ауылды қиын бір кезеңдерден алып шығуға тура келеді. Ол алып шықты да. Өйткені өндірістік кооператив – бүгінде ірілендірілген «Ақтерек» шаруа қожалығы атанғалы нәтиже жер мен көктей.

3750 халық тұратын таза қазақы ауылда 680 түтін бар. 200 адам жұмыс істейтін «Ақ­терек» шаруа қожалығынан басқа ауыл­да 107 жеке шаруа қожалықтары да өз қам-қарекеттерін жасауда. Дәл бүгінгі күні мамыражай ауылдан 50 мыңға жуық қой, 6 мыңдай ірі қара, 3 мыңға тарта жылқы өріп шығады. Жыл сайын шаруа қожалығының еңбеккерлері бітік егін өсіріп, әр гектардан 14-15 центнерден астық жинап, қамбаларына 5-6 мың тоннадай бидайын құйып алады. 2007 жылы 4 га жерге жеміс ағаштарын отырғызып, бүгінде жайқалып өсіп тұр. Оны сатып жат­қан жоқ, жұмысшыларға бөліп береді, ал келген ағайындар тек бұтағын сындырмай алса дейді.

Жыл сайын қожалық мүшелеріне бау-бақша дақылдарын, 5 тонна көмір, бидай, жемін-шөбін тегін түсіріп береді. Ауылымыз аудан орталығынан 90 шақырым қашықта орналасқандықтан халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласы да оңтайлы ұйымдастырылған. Шаштараз, дәріхана, дүкен, мейрамхана, наубайхана, бильярд ауыл адамдарына қалтқысыз қызмет жасауда. Ең бір қуанарлық жайт, алақандай ауылда «Дария» жекеменшік балабақшасында 50 кішкене балақай тәрбиеленуде.

«Екінші Астана»

Жамбыл ауданының ең шеткері ауылы болғанымен, Ақтеректегі тың серпіліс, жаңа заманға ұмтылыс елдің көңіл күйіне әсер етері хақ. Ол – елдің мерейі, оны басқарып отырған басшының да мерейі. Ең бір ауыз толтырып, мақтанып, марқайып айтар игілікті іс – қандай қиын заман болса да Ақтеректе бір үйдің мұрты бұзылмады, ауылдан бір адам көшіп кетпеді. Жақсы заманның көріністері ғой, қайта ауылдың шетінен бір көше ақ шаңқан үйлер түсті. Он екі жылда ауылда 90 жаңа үй бой көтерген. «Өз үйім – өлең төсегім» деген, әркімнің құт­тыханасы – басында өз баспанасы, қара шаңырағының болуы адам өміріндегі бітірген маңызды бір ісі, қуаныштың төресі емес пе! Үй болғанда қандай?! Бүгінгі заман талабына сай еуропалық стандартпен салынған заманауи үлгідегі бөлмелері кең, жуынатын жері, әжетханасы ішінде зәулім үйлер салып, тек кілтін ұстатты. Ауылдың айтқышпектері болса: «Мемлекеттің қол- жетімді баспана бағдарламасы» дейді, басқа ауылда ол қолжетімді ме, жетімсіз бе, қайдам. Ал бізде нағыз қолжетімді баспана. Құрылыс жүргізіп, үй тұрғызу жағынан біздің ауылымыз екінші Астанаға айналды» деп, той-томалақ, ас-жиындарда ел ішіндегі тірлікке риза болып, мақтанатын жағдайға жеткен. Рас, жағдайы барлары өздері әрекет жасаса, тұрмыс-тіршілігі орташа қарапайым қожалық мүшелеріне, жас отбасыларына ұжым басшысы үй тұрғызып беруді дәстүрге айналдырған.

Бастама қалай басталған, оны Темірлан­ның өз аузынан естілік.

– Ауылымыз – жүз пайыз қазақы ауыл. Жамбыл облысында Дунгановка ауылында тек дүнген ағайындар, болмаса Еңбекшіқазақ ауданына барсаңыз, бір ауыл неміс халқы тұрады. Көшелері, үйлері қандай деп қазақтардың өздері тамсанып отырады. Сонда ол ауылдан біздің қай жеріміз кем?! Неге бізге де жақсы үйлер, әдемі қоршаулар салмасқа?!. Неге көшемізді таза ұстамасқа?!. Неге көшеге күл, қи төге­міз. Біздер бір-бірімізбен ағайын-туыс, жекжат болып кеткен ауыл болғандықтан, жұмысшыларды қызықтыру керектігін ойладым. Екіншіден, совхоз тараған кезде осы ауылға еңбегі сіңген механизаторлардың еңбектері бағаланбады. 40 жылдап трактор айдаған азаматтар не дұрыстап пай алмады, не дұрыстап үлестеріне қол жеткізбеді. Қаншама жыл совхозға адал қызмет еткен адамдардың құлайын деп тұрған үйлерін көргенде сол кісілерге іштей жаным ашып, өзімді кінәлідей сезінетінмін. Сөйтіп 2006 жылдан осы мәселені қолға алдым. Алғаш өзім де қорқақтап бітіре аламын ба, алмаймын ба дедім. Алдымен екі-үш үй салып көрдім. Соңғы төрт-бес жылда он үйге дейін салдық. Астық түсімі азайған жылдары зейнетке шығатын Дихан, Елубай, Тұрсынхан, марқұм Мұрат ағалар мен жас отбасыларына бес үй салдық. Ондағым, зейнеткерлік демалысына қуанып кетсе дегенім ғой. Әрине сол қаражатты шаруашылықтың дамуына – комбайн, басқа да техника алуға жұмсауға болар еді. Бірақ ойлана келе алдымен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартайық деп шештім, – дейді төраға.

Журналистік қызығушылықпен, қандай қаражатқа, ол тегін бе, әлде несиеге ме деп сұрағанымызда, іскер басшы оның да жөнін түсіріп айтты.

– Қожалық жылды пайдамен аяқтағанда, кеңес мүшелерімен ақылдасып шешеміз. Мәселен, Диқан ағаның үйіне 500 мың теңге кетті делік. Екі жыл жалақысынан аз мөлшерде ұстаймыз. Ал біз астық бітік шығып, қожалық пайданы көбірек тап­қанда, қарыздарын қысқартып тастаймыз. Ал төлемеймін десе – өз еріктерінде. Өйткені олармен келісімшартқа отырмаймын. Егер ертең төлей алмай қалса, олардан «тартып аламын» деген әңгіме де жоқ. Өйткені осы ауылға сіңірген еңбегі бар. Кейбіреуі қиқаңдаса айтамын: «Айналайын, мен саған үй салып бердім деп міндет етпеймін. Ұнамай жатсам, басқа жұмыс тауып ал», деймін.

Бір қызығы, әрине, баспана салынып біткен соң иелері қоныс тойын жасап әрі осындай керемет үйді сыйлаған Темірландарына рахмет айту үшін қонаққа шақырғанда, ыстық, суық су ішінде, бөлмелері кең салынған үйлерді көрген жұбайы Райхан «өзімізге кішкене ғана болса үй салайықшы?» деп мазасын ала бастайды. Содан ауылдастарым сөз ете қоймас деп, жан-жақты өсіп-өнген отбасынан шыққан Темкең кеңінен отыратын бір отау тұрсын деп, бір жағынан елден қалмайын деп, осыдан екі жыл бұрын өзі де үй салып, бала-шағасын қуантады.

Қайырымды қол тамұқта күймейді

Иә, Темірлан осы топырақта туып-өскен жігіт болғандықтан, жер жағдайын, ауыл тіршілігін, тіпті ауылда тұратын бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін олардың әрқайсысының қам-қарекетінен, тұрмыс жағдайынан жақсы біледі. Сондықтан да той-томалақ, өлім-жітімде, тұрмысы нашар отбасыларына қолынан келген көмегін беруден аянып қалмайды. Мәселен, ата-анасынан айырылған Төлеулиевтер отбасына тұрғын үй сатып алып берді. Сондай-ақ ауылында қараусыз қалған құрылыс ғимараттарын қайта жөндеуден өткізіп, ел игілігіне ұсынды. Оның бұл қамқорлығын ауылдастары да бағалап, Ақтеректің бел баласы атанған Темірланға қашанда ризашылықтарын білдіріп жатқаны. Міне, осындай төгілген тер, жасаған еңбек ескерусіз қалмай, қожалық төрағасы 2008 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Әрине, ақтеректіктерге аудан, облыс әкімдіктері қашанда қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Үкіметтен субсидия беріледі. Бұған дейін ауданнан, облыстан бөлінген қаражатқа ауылдағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, Жаманты көшесіне асфальт төселді. Ең бастысы «Ауыз су» бағдарламасы бойынша ауылға су келгенде халық ерекше қуанды.

Қожалық қашанда ауылда өтетін қандай бір іс-шара болсын ауылдық әкімдікпен ақылдасып, бірігіп өткізеді. Ауыл әкімі, осы топырақтың азаматы Ғабит Шортанбаевтың ұйымдастыруымен қалада жұмыс істейтін азаматтар қаржылай ақша жинап, әкімдік ғимаратының іші-сыртын сылап, терезе, еденін ауыстырып берген. Балаларға футбол алаңын салса, жерлесіміз Наурызбай Айдабосынов ініміз ауылдағы мекемелердің аулаларына мың түп қарағай, арша, шырша көшеттерін отырғызып, бүгінде жайқалып өсіп, ауылға сән беріп тұр. Қоңыртөбе тауының етегіндегі Майтөбеде соңғы екі-үш жылда қамбасы астыққа, төскейі малға толған ақтеректіктер әз Наурыз мерекесін бұрын-соңды болмаған жағдайда атап өтіп, елдің мерейін бір көтеріп тастады. Оған мұрындық болған – ауыл азаматтарының береке-бірлігі, ынтымағы, осында туып-өскен жастардың ұйымшылдығы, серпілісі...

Құрмет те құрметті адамға жарасады емес пе. Елімізде дәстүрлі өткізілетін көмекке зәру жандарға қолұшын созған жомарт жандарға жылына бір рет берілетін «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының «Жылдың қайырымдылық аталымының» Темірлан Қалмашұлына берілуін ауылдас­тары қайырымдылықтың, жақсылықтың қайтқаны, еңбектің өтеуі деп бағалап, бөріктерін аспанға атып, ауыл болып қуанды.

«Қайырымдылық жасасаң, өзің де сондай қайырымдылық көресің» деген. Әр адам туған жерін, туған қаласын дәл Темірлан бауырымыздай жақсы көріп, тұрақты көмектесіп, кәсібінің нәсібін ел пайдасына жаратып, жақсылық жасаса, қанеки. Мұндай шараға жүрегі жомарт, туған елін, жерін Темірландай сүйетін, құрметтейтін «алтын жүректі» адам ғана бара алмақ.

– Өзім ауылыма ризамын. Кейде оны менің атыммен байланыстырғылары келеді. Мен олай деп ойламаймын, біздің жеріміз де, халқымыз да жақсы. Еңбекқор, шаруақор, үлкенін сыйлап, кішісіне ізет көрсете білетін нағыз қазақы ауыл. Егер қазақы ауыл қайсы десе, ұялмай көрсететін ол – менің ауылым. Сол үшін әлі де жұмыс істеймін, шамам келгенше бір адамды ренжітпеуге тырысамын. Өйткені менің ұрпағым ертең ауылға келгенде әкесінің, атасының жасаған ісіне ұялмауы керек, – дейді Темірлан бауырымыз ағынан жарыла.

 

* * *

Ауылдың шаруасы біткен бе? Жаз келсе, қысқа қамданады. Көктемде мал төлдетіп, егін салады, күзде жинайды. Осылайша қазақы қаймағы бұзылмаған Ақтерек ауылында ырыстың ыдысы толып, береке-бірлігі артуда. Ал жерлестері болса ауылдың ажарын келтіріп, үркердей ағайынның несібесін арттырып отырған жаңашыл да жігерлі басшысынан тағы да тың істер, жағымды жаңалықтар күтеді...

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»