Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

«Өрлеумен» бір қадам алда бол

1183 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелестік қабілетімен айқындалады», - деген болатын. Бұл бір диплом алып, «өмір бойына жететін білім жинадым» деген қағиданы жоққа шығарып, маманның «өмір бойы оқуын», сөйтіп шапшаң өзгерістерге тез арада бейім болуын қажет етеді.

«Өрлеумен» бір қадам алда бол

Демек, қазіргі ұстаз оқу процесіндегі ақпарат беруші ғана емес, іздену-зерттеу ортасын ұйымдастырушы, оқушымен бірге әрдайым «жаңалық ашушы» жетекші әріптес болуы тиіс. Бұл қазіргі педагогтың тынбай оқып, үнемі ізденетін шығармашыл тұлға болуын талап етеді. Дана халқымыз: «білгенің - бір тоғыз болса, білмегенің - тоқсан тоғыз», - деп біліміңді үздіксіз жетілдіріп отыруды өсиет етіп қалдырған.

Қазіргі уақыт ұстаздан жаңа тәсілдерді қолдануды, шығармашылықпен, ізденіспен жұмыс істеуді талап етеді. Оқушыларға терең де тиянақты білім беру үшін заман талабына сай үнемі ізденісте болып, жан-жақты даму – мұғалімнің негізгі міндеті.

«Шәкіртке ұстаз болу – ірілік, ұстазға ұстаз болу – ұлылық», - деп халық жазушысы М.Әлімбаев айтқандай, бүгінде ұстаздардың біліктілігін арттыру саласы қызметкерлеріне қойылар талап та, міндет те зор. Осы орайда әлемдік және қазақстандық озық тәжірибені енгізу негізінде жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететін педагог кадрлар біліктілігін жүйелі түрде арттыратын орталықтың бірі емес, бірегейі деп «Өрлеуді» айтуға болады.

Бүгінде ұлттық орталық кадрлық әлеуеті жоғары, жұмыстары жаңа сапаға көтерілген 17 филиалдың жұмысын үйлестіріп, басқарады. Филиал қызметтері Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерін педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру арқылы орындауға бағытталған. Қазіргі таңда педагогтердің біліктілігін арттыру курстары білім берудің барлық деңгейі үшін балабақшадан бастап Жоғары оқу орындары ұстаздарын қамти отыра жүргізіледі.

 «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ құрылған соң тәуелсіз Қазақстанның біліктілікті арттыру жүйесі тарихында алғаш рет заманауи тәжірибені және әлемдік үрдістерді біздің еліміздің білім беру саласына интеграциялау үшін үлкен жұмыс жасалды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ төрағасы Ахметова Гүлнас Кенжетайқызының іскерлігімен, білікті басшылығымен орталық барлық осы маңызды келелі істердің алдыңғы қатарында. Білгір басшының: «Жаңғырту болашақта үлкен жетістікке әкеледі, тек ұстаз біліктілігін  жетілдірудің  нәтижесі  мұғалімнің  өз қолында», - дегені «Өрлеуге» әрқашан алда болуға, білім сапасын дамытуда мол табыстарға жетуге  бағыттайды. Екі мыңнан аса білікті мамандар – ғылым докторлары мен кандидаттары еңбек ететін білім беру орталығы республикадағы педагог қауымының арасында жақсы беделге ие.

Ұлт жоспары «100 нақты қадамда» көрсетілген білім алушылардың функционалдық сауаттылығының дамуына, он екі жылдық білім беруге көшуге негізделген жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстардың маңызы ерекше зор.

Сондықтан Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 2016 жылдан бастап жаңартылған білім беру мазмұнына көшу үрдісі басталып, оқушыларды кең ауқымды дағдыларға үйретуге, функционалдық сауаттылықтарын арттыруға, адами құндылықтарын дамытуға көңіл бөліне бастады.

Жаңартылған білім беру мазмұны аясында орталықта 2016 жылдан бастап 97 007 педагог оқытылды, үстіміздегі жылы 44 331 3-ші, 6-шы, 8-ші сынып педагогтерін оқыту жоспарлануда. Аталмыш курстар оқушыларды сындарлы оқытуға үйретуге, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізуге, инновациялық білім негіздерін терең меңгертуге бағытталған.

Біздің «Өрлеу» БАҰО» филиалдар желісі аймақтардың алыстығына, елді мекендердің шалғайлығына қарамастан, мұғалімдерді сапалы курстармен қамтамасыз етеді. Мысалы, 2017 жылы 2 706 курс (74 789 тыңдаушыны қамтыған) өткізілді. Оның 948-і (27 914 тыңдаушыны қамтыған) аймақтардағы көшпелі курстар түрінде, яғни ауылдық шағын жинақталған мектептерде жүргізілді. Осылайша, «Өрлеу» әр мұғалімге, шағын жинақталған мектептерге тың дүниеден ақпар беріп, жаңашылдықпен тәжірибе бөлісті.

Білім беру мазмұнын жаңарту аясында «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалдарында біліктілікті арттыру курстары арқылы білім алған тыңдаушылар әлеуметтік сауалнамаға қатысты. Әлеуметтік сауалнама  білім мен дағдыларды қолданудағы жағымды үрдістерді, қиыншылықтар мен пайда болатын мәселелерді шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. 

Біліктілікті арттырудың қаншалықты, қандай деңгейде өтіп жатқандығын мұғалімдердің көзқарасымен білу мақсатында «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» 2018 жылы өткізген курс тыңдаушыларымен пікірлесіп қайтқан едік.

Касымбекова Динара, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылы, «Бөлек батыр атындағы орта мектеп» КММ бастауыш сынып мұғалімі:

- Біз біліктілігімізді жетілдіруді ең алдымен, бағдарламамен танысудан бастадық. Күнделікті мұғалімге арналған нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, әр пәнге арналған оқу бағдарламаларына жеке, жұппен және топ ішінде талдау жасап, ортақ ой шығарып, өзара тәжірибе алмастық. Критериалды бағалау ұғымы біз үшін түсініксіз болған еді. Осы курс аясында оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер және белсенді оқыту технологияларымен қатар ҰМЖ, ОМЖ, ҚМЖ құрып, ықшам сабақтар қорғап, бұл жүйені терең түсінуге мүмкіндік алдық. Орталықтың оқыту әдістемесіне риза болдым.

Джумаева Гульнара, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, С.Бердіқұлов атындағы ЖОМ математика пәні мұғалімі:

- Бұл курс бізге өзінің жаңа мазмұны, жаңашылдығымен ұнап, білім беру үдерісіне тың көзқараспен қарауымызға септігін тигізді. Курс барысында тыңдаушылардың қажеттіліктері мен кері байланыс әдістерін, оқушыларға ғылыми және жобалық дағдыларды дамыту қажеттілігін талқыладық. Мен курс жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын және «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы тренерлерінің жоғары біліктілігін атап өткім келеді.

Төлегенова Балжан, Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, «Шошанай орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Курс барысында ағылшын тілінің әр түрлі аспектілерін оқытудың, уәждеменің, оқушыларды бағалау тәсілдері жайлы және білім берудің жаңаша мазмұнын енгізуге пайдалы бола алатын көптеген ақпаратты алдық. Курс ағылшын тілінде өтуде және де бұл мұғалімдерге жаңа білім алу мүмкіндігі ғана емес, оған қоса  тілді меңгеру деңгейлерін  жақсарту мүмкіндіктерін беруде. Сабақтар дәріс түрінде ғана өтпей, белсенді талқылаулар, көптеген тәжірибелік және шығармашылық тапсырмалар оқудың тұрақты бөлшегі болып табылады.

Қараева Айдана, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көлащы ауылы, Ж.Бәрібаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:  

- Курстың мақсаты – мұғалімдердің шеберлігін арттырып, жаңартылған білім мазмұны бойынша білімін кеңейту. Теория мен практиканы ұштастыра отырып, тиімді оқытуды негізгі алғышарттарымен таныстық. «Өрлеуге» курсқа келгелі белсенді оқу мен оқыту, жоспарлаудың ерекшеліктері, тілдік мақсат пен құндылықтардың маңыздылығы, қысқа мерзімді жоспардағы  оқу мақсаты, критериалды бағалаудың ерекшеліктерін меңгердік. Қазақ тілі пәнін оқытудағы тілдік дағдылардың маңыздылығын ескере отырып, оқушы  бойына адамгершілік құндылықты сіңірте отырып оқыту қажеттілігі басымдығын ұқтық. Осы орайда «Өрлеудің» білгір мамандарына зор алғысымды айтқым келеді. 

 «Өрлеуде» біліктілкті арттыру мәселелерімен қатар, ғылыми зерттеу  жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Бүгінде орталықта 800-ге жуық ғалым - ғылым және PhD докторлары мен кандидаттары, ғылым магистрлері еңбек етеді. Сондай-ақ оқытушылар біліктілікті арттырудың жаңа талаптарына сай сертификатталған. Осылайша, біліктілікті арттыру ғылыми-әдістемелік әлеуеті жоғары құраммен жүзеге асырылады.

Кадрларды дайындау және оқыту әлемдік білім беру ортасына интеграциялаудың басты бағыттарының бірі болып табылады. Орталық құрылғалы біліктілікті арттыру жүйесінің тарихында алғаш рет 2012-2017 жылдары орталықтың 400-ге жуық қызметкері үздік шетелдік орталықтарда халықаралық тағлымдамадан өтті. Сонымен қатар біліктілікті арттыру курстарына үздік шетелдік сарапшылар мен дәріскерлер тарту қолға алынды.

«Өрлеудегі» соңғы бес жылдағы сапалық өзгертулер педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі алдындағы тапсырмаларды сапалы әрі жедел орындауға мүмкіндік береді.

21-ғасырда барлық салада, соның ішінде білім беру саласында цифрлық технологияның рөлі артуда. Осы орайда «Өрлеу» «Казақстан Республикасы ұстаздарының біліктілігін арттыру жүйесінің Ұлттық порталын» құрды. Ұлттық порталды құру – қазіргі уақыт талабы. Біліктілікті арттыру жүйесінің порталы - педагогтер үшін «Blended learning» форматында өткізілетін алғашқы білім беру жобасы. Бұл дәстүрлі әдіс пен қашықтықтан оқыту технологиясын үйлестіруді қамтамасыз ететін аралас оқыту.

Біріншіден, мұғалім кез келген жерде, кез келген уақытта, яғни отбасынан, жұмысынан қол үзбей оқуға мүмкіндік алады.
Екіншіден, бар уақытын аудиториядағы оқуға жұмсамай-ақ, оқытудың жаңа белсенді әдістемесі мен окыту технологиясын біліп, тәжірибеде қолдана алады. Үшіншіден, қазіргі ақпараттық технологиялардың аркасында, біліктілікті арттыру курсы кызықты әрі тиімді болады.

Сонымен қатар педагог  мәртебесін арттыру, кәсіби тұрғыдан өзін-өзі ынталандыру, педагогтердің инновациялық және кәсіби маңызды тәжірибесін анықтау мен тарату, педагогтің қоғамдағы оң әлеуметтік беделін қалыптастыру мақсатында «Өрлеуде» курсаралық шаралар өткізіліп тұрады.

Педагогикалық қызметті жетілдіру үшін «Өрлеуде» 2013 жылдан бері біліктілікті арттыру курстарының сапасына үздіксіз мониторинг жүргізіліп келеді. Курстардың сапасына үздіксіз мониторингтік зерттеулерді біздің орталық ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша өткізеді.

Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өз дамуының жаңа кезеңінде білім саласына қойылатын XXI ғасыр талаптарына сай орталықтың қызметін, кәсіби дамудың барлық жүйесін жетілдіру, педагогикалық кадрлардың жаңаша ойлауына бағытталған инновациялық білім беру бағдарламаларын жасап, практикаға енгізу міндеттерін алға қойып отыр.

К.Д.Ушинский айтқандай: «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі жойылады». Бүгінде, ұстаздар қызықты жаңалықтар мен кәсіби өсу табалдырығында тұр. Біліктілікті арттыру курстары ұстаздардың кәсіби өсуінің жеке бағдарын құруға, педагогикалық тәжірибесін байытуға, шәкірттердің оқуға деген ынтасын арттыруға ықпал ететініне сенеміз.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы республика педагогтерінің үздіксіз кәсіби дамуына үлес қосады.


Өмірбекова Арайлым