Әдебиет • 17 Мамыр, 2018

Өзекті өртеген мұң (Шерлі элегия)

699 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Ақ қала» шығармасын оқып мауқын басып, есінен танған өлімші күндерін бір сәтке ұмытқысы келеді. Сорлы жүрегі қайғыны өлшеусіз тар­тып, зәлімдерден көрген қорлы­ғы да жанына батты. 

Өзекті өртеген мұң (Шерлі элегия)

Тәтті жұтып, ащы түкіргендей, алданып қаны тө­гілгендей кезде жетім деп жебеуші кем еді. Сосын да түңілуден шарша­ғандай, өмірден баз кешіп, тірлігінен қажығандай қалпы бар. Жастығын ойласа көкірегі қарс айырылар, қан жылар. Жаратқанға сыйынады, ұрпағына азабын тәптіштеп айтпайды. Қуаныштан есі шығар сирек кезінде де өзгелерге ұқсап шалқып кетпейді. Ыза-ашуына да ерік бергісі жоқ. Есінде тұрады тау бауыры, елсіз өңірде қалған екі өлік. Екі мола. Ержігіттің әкесі, анасы. Сүргін кезең, ажалынан бұрын кісі қолынан өлуі. Маңдайындағы қос жанары бәрін көрді. Пәк жаны шошыды. Аштық кезі, қорқыныш, үрей. Тау бауырын түрткілеп, анасымен бірге адал шөптің тамырын жеп жан сақтау. Жетімсіреу, кісіге қарауға жасқану, тілін жұтқандай сөйлеуден қорқу. Ержігітті ауыр ой түрлі-түрлі саққа жүгіртіп арбайды. Бір сәт тіл қатпай тауға қарап телміреді.Тау да үнсіз, мола да үнсіз. Ой арпалысына беріліп тұрып аптаптан тершіді , маңдайының терін сүртті. Тынысы тарылды ма, аузына сөз түспеді. Сол минөтте үлкен ұлы Ардақ автокөлігіндегі бөшкеден екі шелек суды  әкеліп мола басындағы теректің түбіне құйды. Ұлының қырандай қайратына сүйсінді де:

– Тағы да су әкел, аптапта суға бір қансын терек, – деді де, іштей әкем мен анамның аруағына көлеңке болып жайқалып өссін терек деп ойлады. – О дүниеде «әкенің еңбегін, анаңның ақ сүтін ақтадың ба?» – деген сауал болады деседі. Ұлым есіңде болсын. Әкеме, анама адал қызмет еттім деп мақтануды маңдайыма жазбады. Бар қызметім басын қарайтып, дұға тигізу болғаны ғой.

– Әке есімін жалғастырдың. Ата­ғына жаманат, кір келтірмесең аруақ риза шығар, – деді өткір қоңыр көз­ді Ардақ әкесінің жанын жеген өкі­нішін ұмыттырғысы келіп. Ержігіт ұлы­ның сөзіне тоқтап иығын басқан зіл жеңілдеп, тұла бойы аздап сергек тартқандай қалыпқа түсті де, кенет мелшиген тау арасында кер бесті атымен аң қағып жүргендей елес көз алдынан жүгіріп өткендей болды. Аң қағу қызығында досы қайсы, дұшпаны қайсы, бәрі де есінен шықты ма екен. Түрлі оқиғаларды табиғат айтпайды. Анасы ғана кей-кейде көзінің жасын сығып отырып сол бір қарғыс атқан шаң­қай түсті сыздықтатып айтушы еді. Онысы қайғы-шерін тарқатқысы келіп, бойын жеңілдетіп, ұрпағын өсіруге ынтығын арттыруы үшін болар. Кенет бөгеліп, сөзін жұтып, нәр­кес көзі жаутаңдап қамығып қалады. Ақ сүтін Айға сауған ана қарғысы қате кетпейді дегенді айта алмай бөге­ле ме? Үміт бекер ...еркіндік өтірік ...қар­ғыс атқандар кісі қанын шашып жат­қанда...сенім жоқ ...жақсы мен жайсаңдарын қырып жатқанда ...қантөгісті көріп дәтің шыдап қалай ертеңгі өмірден үміт ете аласың? Ана­ның тірліктен күдерін үздірмеген ұр­пағы ғана еді.. Кірпігіне ілінген жас­ты  саусағымен сипап, қарғыс атқан оқи­ғаға толқып, көз алдынан толқын-тол­қын өткізіп отырды...

Жетімнің есі ерте кіреді, қиын­дықты жеңуге тас-түйін дайын тұ­рады. Ержігіттің де көзімен көр­­гендері миын­да сақталған-ды. Ерей­меннің сұ­лу табиғатын қанағат тұтпай, тау­дан аққан бұлақтың сылдырын елеме­гендей, бүгежеңдеп ақсай басқан, са­қал, мұрты ақ қудай жүдеу қарт тірі еке­нін кенет есіне алып: « Бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» деп кекетіп, қарғап, сілеп елін баққан байларды құртып жолымыз болады деп қуанғандай едік. Енді өліп, тірі қалғанымыз кеңесті қарғап құ­латып алмалық, деп күбірлейді. Бар өшін кімнен аларын білмей, аузы­на келгенін айта беретін есалаң де­меңіз. Ашыққан адамның қабағы жабылғанша көзі өңменіңнен өтердей өткір болатынын Ержігіт бірінші рет байқаса да қарғыс деген сөз анасының айтқан әңгімесіне тіреледі. Пенде өлер жерін білсе де соған бас тіге алмай арпалысады екен-ау. Әкесі осылай оймен қажып жанталасты ма? Ажал құйындатып ұйтқып тұрғанда ас­панға ұшсаң аяғыңнан тартып, жер­ге сіңсең шашыңнан  сүйреп шы­ғып бір оқпен өлтіре саларын білді. Жұмыр жерге қарақан басы сыймай тұрғанын ұғып қорғанғысы келді. Онысы жанұясын аман сақтауға жаны тырнағының ұшына тірелгендей ала­сұруы еді. Бармақ шайнатқан үрей алдын­дағы дәрменсіздік. Оны өлең­мен де айтып кеткен: 

Қайтейін , мына заман құйындады,

Маңдайға жайсаң тірлік

бұйырмады.

Ішер ас, киер киім болмаған соң,

Қанішерден рахым күтіп сыйынбадым.

Қаныпез қасымыздан табылып тұр,

Түрмеге талай жайсаң жабылып тұр.

Іштен шыққан есерлер елді кезіп ,

Жауларды атамын деп қағынып тұр.

Қара мылтық аузында жаным қалды,

Тінткілеп жиған, терген барымды­ алды.

Содырлар сойқандатып жүгіріп жүр,

Жалпақ өрт жайпап кетті жалындары, − деген әке сөзі Ержігіттің бой­тұма­рын­дай еді.

«Әлгі сүрініп, жығылып тентіреп жүрген алба-жұлба қартты бастықтың үйінің алдында қасқыр иттері талап­ өлтіріпті» дегенді анасы мен на­ға­шы әжесінің қайғырып айтып отыр­ғанынан естіді. Марқұмның рухы кезіп кетіп құдайдан безгендерге қар­ғыс айтып  жүр ме, кім білсін? Ержігіт балаң жастағы қайғылы оқиғаны, бір­дің емес-ау, жүздердің, мыңдардың қа­сі­ретін неге есіне ала береді. Онысы  әкесін жоқтауы екенін, бір қайғыны қоз­ғаса, мың қайғы қозғалатынын түсі­нерсіз.

Түсінгенде қандай! Қаптаған адам-жырт­қыштар жерді сілкіндіріп, қара мыл­тықты төсеп, республикадағы он алты облыс, жиырма бір қала, екі жүз үш аудан, 2672 ауылдық кеңес бойын­ша (Сегіз мыңдай қырық, елу үйлі елді мекендер) 1932 жылғы аш­тық басталар алдында  278,2 мың  ірі қара, 549,4 мың қой, ешкі, 63,5 мың жылқы, 48,9 мың шошқа, 16,6 мың түйе болса (ф.141.оп. 9 л. 64-65, 69), байларды тәркілеуден кейін 40 миллион төрт түлік малдан  1933 жылғы санақта төрт-ақ миллион мал қалған екен. Халық малсыз күн­көрістен айырылып, қара жолдың қос қапталы толған өлікке айналды. Қан­ды ауыз зұлымдарға әлсіздер өмі­рін беріп, дүйім елде үрерге ит, тігерге тұяқ қалмады. Жазалаушылар мен қаралаушылар адам қанын сай-сала­мен ағызып, теңіздерге құйғандай қыр­­ғын­ды жүргізіп жатты.

Итке таланып аштан өлген қарттың қал­тасынан шыққан қағаздағы сөз­­ді ауылдастар оқыпты. Ол сөз Ер­жігіт­тің де есінде қалған: «Жан-жа­ғым­да жаңарып қазылған көр, жақ­сылық жоқ, еңбек еш, тұзым сор. Сая­сат дегені езуді тіліп тастады. Бұ заман­ның жаралған адамы аяусыз қор. «Күн­шалғанға» бұлт түнеп көшкен еді, зұлымдар коммунизм деп бөскен еді. Қара дауыл қасірет төнген шақта, көкі­ректі ажал оғы тескен еді»-деп жазыпты. Бұл мыңдар, миллиондардың көз жасы, тарихтың қалың қайғысы. Оны азсынсаң, дүниежүзілік екінші соғыстың қанды қырғынында батырлар өз жанын қиып, ұрпақ тыныш өмір сүрсін деген үнді жаңғырықтырып қалдырды. Талай аналар көз жасын сығып, ұлдарын соғысқа аттандырды. Қазақ тарихында жалғызды жауға шаптырмаса, бұл соғыста талайлар жалғызынан айырылды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» деп бірін-бірі тектен-тек жұбатқанымен өлі оралар ма? Солардың бірі Кеңес Одағының Батыры Ақәділдің анасы жалғызынан айырылып зарлап қалды. Ержігіттің анасы да: «Әкең жалғыз еді, өкімет жауын құртамыз деп сумаң қаққан жәуміт құзғыннан ажал тапты» деп көз жасын төгетін-ді. Түрлі қырғынның себебін айтуға тіл байланған үрейлі кездің оқиғасы жетерлік.

Осындай ой толқындары Ержігіт қарттың қабырғасын қайыстырды. Иә, зұлматты жылдардың зары ұмытылмайды.

Табыл ҚҰЛИЯС,

жазушы