Сонау 1998 жылы іргесі қаланған жоғары оқу орны бүгінде еліміздегі беделді университеттердің біріне айналып үлгерді. Қазіргі таңда университетте өнер саласының болашақ майталмандары білімін шыңдап жүр. Білім ордасы елорданың ғана емес, тұтас елдің өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосуда. Алқалы жиынға қатысқан Мемлекет басшысы құттықтау лебізінде ауқымды мәдениет ошақтары елорда мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті.
«Шығармашыл зиялы қауым елорданың мәдени өміріне елеулі үлес қосып келеді. Мен Астанаға Алматыдан және бүкіл Қазақстаннан мәдениет саласының үздік өкілдерін шақырдым. Әлемде көптеген университет бар, бірақ Өнер университеті тек Астанада ғана бой көтерді. Бүгінде елордада Опера және балет театры, Хореография академиясы, Орталық концерт залы және басқа да мәдениет ошақтары ашылды. Осының бәрі еліміздің болашағы үшін, мәдениетіміз бен өнеріміз үшін жасалып жатыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан кейін Елбасы жоғары оқу орнының маңызына тоқталды. Әлемдегі түрлі салалардың бәрі өнерге барып тірелетінін әрі өнер арқылы Қазақстанды әлемге әйгілі ететінімізді жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өнер университетінің қалыптасып, дамуы үшін оның басшылығы мен профессор-оқытушылар қауымының зор рөл атқарғанын айтты.
«Университет жанында колледж, бакалавриат, магистратура және докторантура бар. 3 мыңға жуық студент білім алуда. 20 жыл ішінде университеттің 500-ден астам түлегі халықаралық конкурстар мен байқаулардың лауреаты атанды. Сіздерге табыс тілеймін, Отанымыз – Қазақстан Республикасының абыройын асқақтататын атақты музыканттардың шығуына және жаңа есімдердің танылуына ниеттестік білдіремін!» деп түйіндеді Елбасы.
Мерейтойлық іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус, шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Мерекелік концертте көрерменге қазақ және шетел композиторларының түрлі жанрдағы танымал туындылары ұсынылды. Олардың қатарында Кеңес Дүйсекеевтің «Өнер ордасы» шығармасы, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан үзінді, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні, Леонард Берстайнның «Вестсайд тарихы» мюзиклінен «Симфониялық билер» және басқа да көптеген туындылар орындалды.
Жалпы, Қазақ ұлттық өнер университеті ел астанасы Арқа төсіне көшірілген кезде құрылды. Халық әртісі Айман Мұсақожаева еліміздегі дарындарды жинап, музыка әлеміндегі алғашқы қадамынан бастап кәсіби шеберлікті толық меңгергенге дейін жүйелі білім беру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл идеяны Президент Н.Назарбаев қолдап, оқу орнының ашылуына тікелей ықпал етті. Осының нәтижесінде Үкіметтің 1998 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Оқу орнының ректоры болып Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева тағайындалды.
«Н.Назарбаев Академияның 1998 жылғы 2 шілдеде өткен салтанатты ашылуына қатысса, 2000 жылы қайта жөндеуден өткен бас ғимаратты аралаған еді. Елбасы тапсырмасымен жаңа оқу ғимараты салынды. Ал 2005 жылы Орган залы ашылды. Содан бері онда тұрақты түрде концерттер өткізіліп келеді. Бүгінде университет елорда мен республиканың мәдени орталығы мәртебесіне қол жеткізді», деді университет ректоры А.Мұсақожаева.
Қазіргі таңда университет дарынды жастардың талантын ұштап, өнер әлеміндегі биіктерді бағындыруына жол салатын беделді оқу ордасына айналды. Оқу орнында жан-жақты білім беру мен өнер шеберлерінің жаңа буынын тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған. Талай таланттың жолы ашылып, шеберлігі шыңдала түсті. Бүгінде университет түлектері әлемдік деңгейдегі өнер сайыстарында жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, әнші Димаш Құдайберген Қытайдың «I am a singer» байқауына қатысып, талантымен әлемді таңғалдырды. Сонымен қатар университет студенттері беделді халықаралық конкурстарда топ жарды. Олардың қатарында П.Чайковский атындағы жастар конкурсының, «Шабыт» халықаралық конкурсының, «Славян базары» халықаралық ән фестивалі секілді өнер байқауының жүлдегерлері бар.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»