Оған Атыраудағы «Фариза жұлдыздары» клубы мүшелерінің шығармалары енген. Аталған клуб екі жыл бұрын құрылған еді. Жайық жағасындағы жасампаз жастардың әдебиет әлеміне аттаған алғашқы қадамдары оң болып, түрлі әдеби байқауларда жүлдегер атанды, мерзімді басылымдарда туындылары жарияланып келеді. Қазірдің өзінде Ұлмекен Шәукенова, Әйгерім Түсіпқалиева, Рахымжан Асқар, Асыланбек Шығыров, Раббина Бату, Еркеназ Қалижан, Асылай Ниязбаева секілді жас ақындар оқырманның жылы ықыласына ие болып жүр. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегерлері Бақытгүл Сәрмекова, Нұргүл Ысмағұлова, Нәркес Балтоғаевалардың да әңгімелері жинаққа енген.
– Бұрын Атырауда «Жас дәурен» атты әдеби бірлестік құрылған. Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Қадір Жүсіп секілді аға-апаларымыз сол бірлестіктің қатарында болды. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған игі істердің бірі, – дейді клуб жетекшісі, ақын Әлия Дәулетбаева.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында антологияның ресми таныстырылымы өтті. Қоғам қайраткері, Атырау облысының құрметті азаматы Мәдина Ғабдусалимова мен Жазушылар одағының мүшесі Өтепберген Әлімгереев жаңа кітаптың лентасын қию құрметіне ие болды. Шарада аймақтағы зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткері Рәшила Мүрсалиева, ақындар Жеңіс Аронов, Төлеген Жаңабаев, өлкетанушы Абат Кенжеғалиевтер жастарға жылы лебіздерін арнады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ