Мазмұны қасиетті Рамазан айымен сәйкестендірілген көрмеге Түркістанда алғаш ислам дінінің негізін қалаушылар Исқақ баб, Абд әл-Жалил бабтың дінді таратуы жайлы насабнамалар, Ахмет Ясауидің шежіресі жазылған насабнама, Ахмет Ясауидің мөрі, Диуани хикмет, қолжазбалар, дұға кітаптар, пайғамбарлар өмірі жазылған көне кітаптар, фих мәселелері, т.б жәдігерлер қойылды.
Көрменің ашылу рәсімінде Ұлттық музейдің Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Дәулеткерей Құсайынов: «...ХVI ғасырда өмір сүрген жазушы, сатирик, педагог Эразм Роттердамский: «Мен үшін жерұйық – кітапханам қайда болса, сол жерде» депті. Ұлттық музейде тұрған Күлтегін ескерткіші де дана халқымыздың сөз маржандары, мақал-мәтелдері, тарихы, даналығы жазылған кітаптың алғашқы нұсқасы болмақ. Кітапты ұлықтайтын бұл мереке ата-бабамыздың ерте заманнан бері жиған асыл, дана сөздеріне тағзым ету болып табылады», деп өз пікірін білдірді.
Көрмені ұйымдастырудағы мақсат музей қорында сақталған көне кітаптарды, қолжазбалар мен насабнамаларды, халқымыздың сан ғасырлық рухани байлығын болашақ ұрпаққа ұдайы насихаттап, мүлтіксіз жеткізіп отыру болып табылады.
Оңтүстік Қазақстан облысы Тарихи-мәдени этнографиялық орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева: «Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылған бұл шара Ұлттық музей мен біздің орталықтың арасындағы шынайы әріптестік қарым-қатынасымыздың жарқын көрінісі деп есептейміз. Түркістан қаласынан Астанаға Ясауи бабамыздың шежірелері, хикметтері, мөрін алып келдік. Ата-бабаларымыздан қалған қасиетті мұраны өскелең ұрпаққа аманат етіп, қаз-қалпында жеткізе білсек, ойлаған ісіміздің жүзеге асқаны. Сондықтан да көздің қарашығындай сақтап келе жатқан бабамыздың құнды кітаптарын Астана жұртшылығының назарына ұсынып отырмыз», деді.
Қаршыға КҮЛЕН