Адамның түс көруі туралы түрлі болжамдар көп болғанымен, көрген түстің айнымай келуі, түсіңде көрген оқиғалардың өңіңде қайталануы сияқты құбылыстардың қайдан пайда болатынына тұрлаулы тұжырым әлі де жоқ. Ал бірақ тарихта болған әйгілі адамдардың өңінде шындыққа айналған түстері туралы мысалдар жеткілікті. Мысалы, Харон ар-Рашидтің, Шыңғыс ханның қайын атасы Дэй шешеннің түсі, Абылай ханның түсі, Бабыр мырзаның Самарқан қаласын алар алдындағы және оның өлімге бас байлағандағы көрген түсі, өзінің өгей шешесімен некелесіп абыройсыздыққа душар болған Дост-Мұхаммед ханның және басқалардың түстері әлі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмай келеді.
Маған да осы жолдарды жазуға бір танысымның әңгімесі себеп болды. Бұл келіншек тұрмысқа шыққан соң көп жылдар бойы бала көтере алмай қиналып жүреді. Бойына біткен бірер шарана құрсағында көп тұрмай, түсіп қалатын. Бала таппаған әйелдің халі белгілі, бейшара келіншектің күні-түні Тәңірден тілегені тек бір перзент болады. Өстіп жылап жүргенде жаңағы келіншектің тағы да аяғы ауыр болып, аузы күйіп қалған бейшара қорыққанынан дәрігер мен емші жағалап шыға келеді. Дәрігерге барса ішіне біткен бала егіз екенін айтады. Балгер «балпанақтай бір ұл табасың» дейді.
Сол келіншек араға бірнеше жыл ғана салып барып, өзінің жастау кезде көрген түсінің мәнін кейін түсінгенін айтады. Ол түс оған кинодағыдай қанық бояуларымен, қолмен қойғандай анық көрінген және есінде көп жылдар бойы өңіндегідей сақталып қалыпты. Сонымен оның түсін баяндайық.
Балнұр түсінде саудасы қыз-қыз қайнап жатқан үлкен бір Шығыс базарына барады. Базарда не жоқ дейсіз, қаптаған халық, көздің жауын алған тауар-
лар мен жемістер. Ол жүріп-жүріп тырсылдап піскен екі қарбызды таңдап алып, қос қолтығына қысып, өзен бойымен үйіне қарай аяңдайды. Жүрген сайын ауыр тартқан қарбыздардың бірі қолынан сусып шығып кетіп, өзенге ағып кетеді. Келіншек қолындағы бір қарбызды қапсыра құшақтап алып, екінші қарбызды ұстап алу үшін, өкпесі өшіп, өзен бойымен жүгіреді. Қарбыз жеткізбейді. Бірақ суға ағып кеткен қарбыздардың бәрі бір торға барып тіреледі екен дейді. Балнұр түсінде сол тұсқа дейін жүгіріп жетіп, торға тіреліп тұрған қарбыздарды алайын десе – шетінен шіріп кеткен. Қолына ұстағанда шіріген қарбыздар сусып ағып кетеді. Сонымен ол жалғыз қарбызбен жабырқап үйге қайтады.
Расында Балнұр дәрігерлер айтқандай егіз ұл табады. Өкінішке қарай, балгер айтқандай, жалғыз ұлмен қалады. Шарананың бірі нашар туып, дәрігерлер сәбидің өмірі үшін біраз алысса да шетінеп кетеді. Әрине, әрең тапқан қос нәрестенің көрер жарығы үшін алысқан келіншектің ол кезде түспен шаруасы жоқ қой.
Ол бұл түсті түс туралы әңгіме қозғалғанда ғана есіне түсіріп, сол түсін араға жылдар салып барып өзі жорып, таңданып қалды.
Сол секілді көпшілігіміз өміріміздегі бір әрекеттер мен оқиғаларды, болмаса бір жерлерді бұрын түсімізде айнытпай көргенімізді есімізге түсіріп, таңданып айтып жатамыз. Мұндай түсініксіз сезімдерді зерттеген француз ғалымы Флоренс Арно оған «дежа вю» деп ат беріп кеткен. Бұл термин «бұрын кездестірген, таныс» деген мағына береді. Тіршілігімізде жиі қайталанатын тылсым құбылыстарды дәрігер-психиатр Зигмунд Фрейд де көп зерттеген ғой.
«Түсті көруінен емес – жоруынан қорық» дегенді де бұрынғылар тегіннен тегін айтпаған. Жайсыз түс көргенде әжелеріміз «Тіфә-тіфә, түс – түлкінің боғы» деп жататын.
Осындайда үлкен кісілердің «Түстің басы бұлғақ келеді, жақсылыққа жорысаң – жақсылыққа, жамандыққа жорысаң жамандыққа қарай бұрылып кетеді» деп айтып жататыны түседі. Сондықтан да біздің Шығыс халықтары түсті кез келген адамға жорытпайды. Реті келсе ниеті түзу, парасат-пайымы терең жандарға түс жорытып жататыны белгілі. Қазақ жақсы түске де көз тиеді деп есептейді. Сондай-ақ түсті жақын бір жанашыр, жөн білетін кісіге жорытып жатқанда тыңдап отырған екінші кісінің жағаласып, жоруы да айыпқа саналған екен.
Тіпті түс туралы деректерді ақтара берсең тарихта аяны бар нышанды түстерді сату немесе сатып алу сияқты оқиғалар да болған. Жақсылыққа бастайтын бір түс көріп, оны айтып отырғанда «түсіңді сат» деп жармаса кететін жайттарды «Мың бір түн» сияқты ертегілерден де оқымап па едік?!
Бала күнімізде әжелеріміз түс көріп, үйге қандай қонақ келетінін, болмаса бір жақсылықтың болатынын болжап, жағымсыз түс көрсе садақа беріп жататынын білуші едік. Тіпті тарихта болған әулие адамдар өздерінің бұл дүниеден қай күні, қандай жағдайда өтетініне дейін түс аяны арқылы біліп отырғанын айта берсең мысал жеткілікті. Бәріміз де түс көреміз, бір қы-
зығы түс көрмейтін адамдар да бар екен.
Бала кезде көрген түс
Сол түсті көргенде жасым беске де толмаған болатын. Мектепке бармағаным анық. Бұл өзім көріп, өзім жоритын түстердің тұңғышы екен ғой. Өкінішке қарай, қаралы түс болды.
Түсімде Сарыағаш жақта болатын тойға қырқынан енді шыққан шарана баласын алып қыдырып кеткен нағашы көкем мен жеңгемнің жататын төсегінің қос жастығының үстінде жаңа сойылған мал еті қанымен сорғалап, үйіліп жатыр екен деймін. Жан-жақтан абалаған қанден күшіктер сол етті тартқылап жеп жүр. Мына жағынан қусам, екінші жағынан бас салады. Екінші жағынан қусам келесі жастықтың үстіндегі етке анталайды. Арпалысып жүргенде жаңағы шибөрідей шулаған иттер етті жеп болды...
Апама таңертең түсімде айтып едім:
– Қаршадай болып алып, түсің жаман екен. Тіфә-тіфә, түс түлкінің боғы де! – деді.
Жақсылық болса екен, жақсылық болса екен деп жолға қарап отырғанымызда, сап-сау, балпанақтай етіп алып кеткен Беренбекті былқ-сылқ еткізіп көтеріп тойға кеткендер де келді. Үлкендердің сөзінен түсінгенім, қасы-көзі орнында, көрікті болып туылған бөпемізге қонақта көз тиіпті. Нағашы әжем қырғыздың қызы еді. Беренбектің есімін де өзі қойған. «Берен» деген сөз қазақтың сардар, жауынгер деген сөзін білдіреді деген.
Содан кейін Беренбегіміз бір тәулікке де жетпей шетінеп кетті. Салқын бөлмеге жас жоңышқаны жұлып әкеліп төсеп, нәрестенің мәйітін жатқызып қойды. Көргендердің айтуынша, шетінеген шарананың арқасына үлкен көз сияқты көгеріп дақтар шығыпты.
Апам көңіл айтып келгендерге менің бұрнағы күні көрген түсімді жылап айтып отыр екен.
Өртенген шаңырақ туралы түс
Актер Асанәлі Әшімовтің «Махаббат – екі адамның бір-біріне деген сыйластығы» деген сөзі бар. Басқа басқа, осы сөзді Асанәлі ағамыз он рет ойланып, жүз рет толғанып қана емес, махаббаттың да, тағдырдың да теперішін көріп барып жасаған пайымы ғой. Үздігіп жүріп қосылып, жауығып айырылысып жатқандар қаншама?! Сыйластық жоқ жерде – әлсіз, онсыз да күйреуік сезімге қайдан орын болсын! Бірін-бірі сыйлап, қадірлей алатындар ғана махаббаттарын қорғай алады. Қорлау басталған тұстан бастап, сорлы сезім де өлмек.
Бір келіншек «Түсімде біздің жатын бөлмеміз жанып жатыр екен. Басқа бөлмелер дін аман. Бір уақытта күйеуміз екеуміз жататын қос төсек те өртеніп кетті. Қап-қара болып жанып, күйеленген бос бөлменің төбесіне шошына қарап жатқанымда оянып кеттім» деді.
Жоритын түгі де жоқ. Онсыз да ажырасудың алдында тұрған жұп еді. Әйелі байғұс от басын, ошақ қасын қаншама сақтап қалуға тырысып, қаншама кешірімшіл болса да екінші тараптан осыны керек еткен адам болмады емес пе?! Қаншама жыл ақымақ еркекпен алысқан әйел осы түсінен кейін көп ұзамай ажырасты.
Гүлайымның түсі
Осы Гүлайымның айтқан әңгімелері ұдайы ойлантады. Бірде ол өзінің бір түсі жайлы таңғалып айтып бергені бар. Бұл аян мені де көпке дейін ойға қалдырды.
Қыздардың ішінде бірінші болып көлік жүргізген құрбымыздың түсі төмендегідей еді.
– Күндіз екен деймін. Бір даңғыл кең жолда машинаммен жүйткіп келе жатырмын. Қайдан шыққаным және қайда бара жатқаным белгісіз. Бір кезде ұзын жолдың бойында бір нәрсе қарауытып көрінді. Жақындап келіп тоқтасам, бір дәу көк сиыр дөңкиіп өліп жатыр. Қап мына сиыр арам өліп қалды-ау, деп өкініп тұрғанымда, есік қатты тарсылдай жөнелді.
Түсімнен шошып ояндым. Есік қағып жатқан көршілер екен.
– Ойбай, тұр! Машинаң өртеніп жатыр, дейді олар. – Аулаға шықсам машинам қып-қызыл болып лаулап жатыр. Көз алдымда көлігім қас пен көздің арасында жанып кетті, – деді досым.
Және бұл түстің жоруын да жолдасымның өзі айтып берді. Оның алдында үлкен бір қатерден аман қалған Гүлайым Құдай жолына деп бір мал құрбандық шалуға деп ниеттенген екен. Бірақ Алла жолына атаған малды сатып алып, құрбандық шалуға тіпті қолы тимейді. Осылайша бұл ниеті кейінге шегеріле-шегеріле, қалыс қалып қойғандай болғанда осы оқиға орын алады...
Берсең – қолыңнан, бермесең жолыңнан алам деген осы шығар.
АЛМАТЫ