10 Желтоқсан, 2011

Үш жылда 164 білім нысандары іске қосылды

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Республика бойынша орта мек­тептердің ең ауыр күйін тартқан об­лыс­тардың бірі – Оңтүстік Қазақстан. Екі ауысымды былай қойғанда Мақ­та­арал, Сайрам секілді, бір өзінде 40 мыңға тарта халық жайлаған ауылдары бар ірі аудандарда үш, төрт ауысымды мектептер болды. Енді болған деп өткен шақпен айтсақ қателеспейміз. Жазғытұрым облыс әкімі Асқар Мырзахметов Төле би ауданында өт­кен “Ырыс алды ынтымақ” фору­мын­да: “Биыл бюджет есебінен 54 мек­тептің, 18 балабақшаның, сондай-ақ 8 мектепке қосымша құрылыс жұмыс­тары жүргізілуде. Бір жағынан, бұл, тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігінің бірі екендігін көрсетеді. Қазығұрттағы жиында «Жастар ор­та­лығын» ашу керектігі айтылса, бү­гін­де талапқа сай облыстық Жастар орталығы, оған қосымша аудандарда да осындай орталықтар ашылды. Бұ­дан бөлек басқа да кешендер, спорттық клубтар ашылуда” деген болатын. Мемлекетіміздің білім саласына салып жатқан қаржысы өте қомақты. Мә­се­лен, Оңтүстіктегі білім беру сала­сын қар­жыландыру биыл 119,3 млрд. тең­геге жетті. Бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда, 20,9 пайызға артқан. “100 мектеп” бағдарламасы бойын­ша 39 мектеп жоспарланса, оны толы­ғы­мен аяқтадық. Соңғысы Шаян елді мекеніндегі мектеп-интернат ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде берілді. Бір жағынан бұл сақалды құрылыс бо­латын. Жалпы, білім саласындағы бар­лық  сақалды құрылыстарды жаптық, – дейді облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Балғабайқызы. Анықталған 29 үш ауысымда білім беретін, апатты жағдайдағы 62  мек­теп­тің де мәселесі толық шешілген болса, 249 білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5,1 млрд. теңге қаралып, 2,8 есеге ар­ты­п­ты. Ал мектепке дейінгі ұйым­дар­дың саны 81 бірлікке, 8906 балаға артып, 50398 баланы қамтитын 501 мек­тепке дейінгі ұйымдар жұмыс іс­теу­де. Жыл­дың соңына дейін балалар­дың қам­тылуы 50 пайызға жеткізілетін болады. Оңтүстікте осындай оңды өзге­ріс­тер болып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент