12 Желтоқсан, 2011

Еліміз құқықтық жүйесінің қалыптасуы мен даму жолдары

3654 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Тәуелсіз Қазақстанның ең ұлы мерекесі – 20 жылдық ме­рей­тойын атап өтуге санаулы күн­дер ғана қалды. Үлкен тарих­тың өлшемімен қарағанда, бұл қысқа мерзім болғанымен, осы­нау жылдардың біздің Отанымыз үшін қаншалықты күрделі, тағ­дыр­шешті болғанын біз жақсы бі­леміз. Елдің табыстарын арт­ты­руға деген ықылас пен ұмты­лы­с­тың қаншалықты тәуекелді болғаны осы екі он жылда жақсы көрінді. Осы табыстарды көрсе­ту­дің ең үздік әдісі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясын жариялау болып табылады. Ол егемен Қазақстанның басты жетістіктерін қазіргі және болашақ ұрпаққа көрсетіп берген аса маңызды рес­ми, саяси-құқықтық құжат бо­лып табылады. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің Егемендігі туралы дек­ларацияны қабылдап және одан бір жылдан кейін, 1991 жылдың 16 жел­тоқ­са­нында ел Президенті «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойғанда аз ғана адамдар болмаса, көпшілік Қазақ­стан­ның 20 жылдан кейін осындай зор табыстарға қол жеткізген ел боларына сенбеген еді. Ол ол ма, тіпті Қазақстан тәуелсіз ел ретінде КСРО-дан қалған экономи­ка­лық, саяси және экологиялық проблемалардың ауыр сал­ма­ғы­нан сансырап, шашылып қалады деген сарапшылар да табылған. Бірақ біздің ел ауыртпа­лық­тың бәрін еңсере отырып, әлем­дік қоғамдастықтың беделді мү­ше­лерінің біріне айнала білді. Бүгінгі күні біздің мемлекетіміз әбден пісіп-жетілген, тәуелсіз ел болып отыр. 20 жылдың ішінде бізде барлық мемлекеттік бас­қа­ру құрылымының институттары мен азаматтық қоғамның эле­мент­тері дамыды. Әлеуметтік-экономикалық қатынастардағы өзгерістер саяси және құқықтық жүйелердің түбе­гей­лі реформаларымен бірге іске асып отырды. Осының өзі Қазақ­станның берік құқықтық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Уақыт өткен сайын қазақстандық саяси-құқықтық модель заңдар­дың орындалуы мен мемлекеттің беделін нығайтып, Конс­ти­ту­цияның мызғымастығын қамта­ма­сыз етті. Қазақстан демократиялық мем­лекетке тән іс-әрекетке тиісті ұс­та­нымдарды тегіс бекітті. Біздің Конституциямызда демок­ра­тия­ның, адамгершіліктің және әді­лет­тің идеалдары көрініс тапты. Қазақстан Республикасы тәуел­сіз мемлекет құра бас­тағалы бері елдің құқықтық жүйесін кешенді реформалауға бағыт­тал­ған үш бағдарламалық құжат қабыл­дан­ды. Қоғамдық қаты­нас­тардың әр­бір даму кезеңі оны тиісінше құ­қықтық жолмен реттеуді, жаңаша ойлаудың жү­йелерін құруды талап етті. Осы­лардың негізінде ұлттық құқық пен институттық білімді қоса алғандағы барлық сот-құқық­тық институттар құ­рыл­ды. Сөй­тіп, экономикалық, сая­си, әлеу­меттік және басқа да салалар­дағы өзгерістер құқық­тық «өмір­ді» жаңғыртумен қатар жүріп отырды. Қазақстан Республи­ка­сын­да­ғы құқықтық реформалар жөнін­дегі мемлекеттік бағдарламаның алғашқы құжаты 1994 жылдың 12 ақпанында қабылданды. Бұл құжатты іске асырудың ең басты жетістігі – ұлттық заңнамаларды (конституциялық, азаматтық, банк­­тік, салықтық, қаржылық, кедендік, азаматтық іс жүргізу, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу) түбегейлі жаңғыртуға қол жеткізілді. Сонымен бірге, сот жүйесі мен құқық қорғау органдары, қа­ла берді Қазақстанның барлық заңнамалық инфрақұрылымы ке­зең-кезеңмен реформаланды. Екінші құжат – 2002 жылы қабылданған Қазақстан Респуб­ликасының құқықтық саясаты­ның тұжырымы деп аталды. Онда 2010 жылғы кезеңге арналған құқықтық жүйені дамытудың негізгі бағыттары айқындалды. Мұнда азаматтардың конс­ти­­ту­циялық құқықтары мен бос­­тан­дығын одан әрі қам­та­ма­сыз ету үшін құқық қорғау жү­йе­сі мен әділсот шешімдерін шыға­рар­дағы сот­тардың тәуелсіз­ді­гін ны­ғай­ту жол­да­ры заң­дық дең­гей­де шешімін тапты. Со­ның ішінде, әсі­ре­се, судья­­лар­дың тәуел­­сіз­ді­гін қам­та­­м­асыз ету үшін қо­сымша құ­қық­тық және ма­те­риал­дық кепілдіктер жасалды. Өлім жазасы тек адам­дар­дың қаза болуы­на соқ­тыр­ған тер­рор­лық қылмыс­тар­ға және соғыс уа­қы­тындағы аса ауыр қылмыс­тарға ғана қал­ды­рылды, мұның өзі Қазақстан жағдайында оны аты­мен жоюға мүмкіндік берді. Сот­тың тұт­қын­дауға санкция беру тәртібі енгізіліп, қылмысты істі прокуратура мен соттың жүр­гізу мүм­кіндігіне тыйым сал­ған кон­с­титуциялық норма өзгер­тіл­ді. Қа­зақстан тәуелсіздігі жыл­­дарында пайда болған омбудсмен мен жеке нотариат инсти­тут­тары дамы­тылуда. Азаматтар мен ұйым­дар­дың құқын қамтамасыз етудің жаңа тетіктері: медиация және сот актілерін жекеменшік негізде орын­дау­лар өмірге енгізілді. Елдің одан арғы тұрақты да­муын қамтамасыз ету мақ­саты­мен 2007 жылы енгізілген конс­ти­туциялық өзгерістер Президент пен Парламенттің рөлін арт­тырды. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Тұңғыш Президентінің Тәуел­сіз мемлекетімізді құрушы және іргесін қалаушы ретіндегі тарихи миссиясы заң жүзінде танылып, ол Ұлт көшбасшысы мәртебесіне ие болды. Жоғарғы өкілді органның Үкімет құрамын жасақтауды бақылауы күшейтіл­ді, сонымен бірге, оның мемле­кеттің бюджетті құру мен оның орындалуын бақылаудағы өкі­леттіктері айтарлықтай кеңей­тілді. Осылармен қатар, мемлекет норманы белгілеу үдерісін жаңа сапалы деңгейге көтеретін шаралар қабылданды. Олардың қата­рын­да заң жобалары іс-әрекетін перспективалық жоспарлау, құ­қықтық нормативтік актілердің жобаларына ғылыми сарап жасау, қабылданатын заңдарды то­лы­ғымен қаржылық тұрғыда қам­тамасыз ету, т.б. бар. Қорыта айтқанда, мемлекет­тің құқықтық саясаты қоғамы­мыз­дың заңнамалық-саяси жүйе­сін одан әрі демократия­лан­дыру­ға бағытталған заңнамалық шаралар болып отыр. Сонымен бірге, әлемдік эко­но­мика мен саясаттағы іргелі өз­герістер, сондай-ақ ел дамуының ішкі динамикасы заңгерлер ал­ды­на жаңа міндеттер қоюда. Ұлт­тық құқықтарды уақыттың жаңа талаптарына сәйкес келтіру үшін мемлекеттің норма жасау және құқық қолдану әрекеттерін одан әрі жетілдіру қажет болды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жарлығымен 2009 жылдың 24 тамызында Қа­зақстан Республикасының құ­қық­тық саясатының тұжы­рым­дамасы (әрі қарай Тұ­жы­рым­дама) атты үшінші бағдар­ла­ма­лық құжат қабылданды. Ол ал­да­ғы он жылға (2010-2020 жылдар аралығы) арналған. Онда жи­нақ­талған тәжірибелер мен ғылыми негіздер арқылы жақын және алыс перспективаларға, бүгінгі күнгі даму үрдісіне сүйеніп жа­сал­ған Қазақстанның мемлекеттік және қоғамдық біртұтас құ­қық­тық саясаты айқындалған. Отандық барлық заңнамалық құрылымдардың, құқықтық жү­йенің өзекті мәселесі, ең жоғары құндылығы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 1-ба­бын­да көрсетілген адамның өмі­рі, құқы және бостандығы болып табылады. Бұл біздің еліміз үшін өзінің азаматтарын қорғаудан жоғары міндет жоқ екенін көр­сетеді. Адамның құқы мен бостан­ды­ғына кепілдік беріле отырып, мемлекет оған қол сұғушылыққа қарсы мемлекеттік тетіктер құр­ған, сонымен бірге, адам өзін өзі заңсыз іс-әрекеттерден заңға қар­сы келмейтін әдістермен қорғану мүмкіндігі бар жеке субъект ретінде танылған. Жеке адам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынаста адамның құқы мен бостандығын қорғау міндеті сот­тар мен құқық қорғау орган­дарына жүктелген. Елбасы Н.Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа эконо­ми­ка­лық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүм­кіндіктері» атты Жол­дауын­да құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыт­тарын айқындап берді. Онда Ел­басы ба­сымдық «ведомствоішілік мүд­делерді қорғаудан аза­маттардың құқы мен мемле­кет­тің мүддесін қорғауға» берілуге қарай ойысуы қажеттігін атап көрсетті. Соны­мен бірге, Мемлекет басшысы құқық қорғау жү­йесін одан әрі оңтайлан­ды­рып, біліктілікті ба­рын­ша нақ­ты­лау қажеттігін жә­не есеп беру жүйесі мен әрбір құ­қық қорғау органының іс-әре­кетінің бағасын беруде парламенттік және қоғамдық қатаң бақылау болуы керектігін айтты. Жеке адамның құқы мен бос­тан­дығын, қоғам мен мемле­кет­тің мүддесін бұзуға жол берілсе, оларды дереу орнына келтіруге бағытталған міндеттерді орын­дау үшін заңнамаларды, құқық­тық тетіктер институты мен құ­ралдарды одан әрі жетілдіруі қажет. Қорыта айтқанда, бізде тиімділігі жеткілікті дәрежедегі құ­­қық­тық кеңістік орнады деп сеніммен айта аламыз. Ал құқық­тық жүйені одан әрі жетілдіру жеке адамның мүддесін, оның құқы мен бостандығын қорғау ке­пілдігін арттыра түседі. Қа­зақ­стан өзі мойнына алған тиісті халықаралық міндеттемелер мен халықаралық стандарт­тар­ды орын­дай оты­рып, ашық қоғам және құқық­тық мемлекет орнатуға ұмтылады. Берік ИМАШЕВ, Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетінің төрағасы.