Заңғар таулардың керім келбеті бар сырды қойнына бүккен абыз әулиедей маңғазданады. Жерошағы бықсып, қазаны қайнаған қазақы ауылдың кәнігі тіршілігі бақыт пен берекенің жарасымындай. Жер ананың қойын-қонышын тепкілеп, мен келе жатырмын деп жапанға жар салған су жаңа составтар көк түтінін будақтата қозғалады. Таңсық көрініске таңырқай қараған жас пен кәрі иректеле шұбатылған вагондарға ұзақ телміреді.
Өркениет арбасы арқасын аяусыз тілгілеп, төсін ауыр темір төпелегенде ұйқтап жатқан баябан дала мәңгілік тыныштықтың сүт ұйыған тегешін сапырған тылсым уақытты тілдеп ауыр күрсінеді. Бұл – арқасын ат тұяғынан басқа таптамаған салқар мекенді сан күйге бөлеп Түрксіб темір жол құрылысының қыз-қыз қайнап жатқан шағы еді. Біреу таңырқап, біреу жабырқап, енді біреулердің ойына мың үміт пен бір күдікті қатар міңгестірген алпауыт құрылыстың басында ауыр еңбекке телінген болашақ ұлы суретші – өзінің іргелі шығармасының сұлбасын санасына сызып, ешкім аңғармаған сырларды жадына түйіп жүрді ме екен, кім білсін?!.
Иә, Әбілхан Қастеев алғашқы еңбек жолын дәп осы темір жол құрылысында жер қазушы болып бастады. Күндердің күні тосын сыйы көп тіршілік көкірегінде қайнап жатқан талант бұлағының бағытын үлкен арнаға бұрып, бәрі мүлде басқаша болатынын, туған топырағына құбылыс болып келген алып темір жолды күрекпен емес қылқаламмен салып шығатынын сезген сезбегені бізге беймәлім. Әйтеуір қазақ даласына келген жаңашылдық, замандастарының темір жолға деген алғашқы көзқарасы, дархан даланың тылсым үні бәр-бәрі оның жан дүниесіне өшпестей із қалдырғаны анық.
Өнер дейтін тылсым әлемге аттандырған ұзақ сапар ауыл баласын қанша армандармен қауыштырса, сонша арпалыстарға кезіктірді. Бойындағы бұлқынған асау намыс барлық кедергілерді бұзып-жарып талант қуатын айдай әлемге танытты. Қаншама жыл салынған алып темір жолдың ыстығы мен суығын, шуағы мен көлеңкесін, мыңдаған қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз төккен терін бір картинаның болмысына сыйғыза салды. Сол арқылы қазақ даласына келген алғашқы темір жол тарихын мәңгі өшпес естелікке айналдырды. Сондықтан «Түрксіб» картинасын тапсырыспен жазылған туынды деу қиянат.
Туған өлке төсін еркін жайлаған жұрттан сүйінші сұрап, кең жазира атырапты қақ тіліп келе жатқан темір жол керуені жаңа дәуірдің салтанат құрған ұлы көшіндей көрінеді. Бағзыдан қалыптасқан тұрмыс-салт мүлде басқа арнаға түсті. Барша қазақ даласын оятқан ауыр вагондар айналаны дүбірге бөлеп келеді. Мұндайға бұрын-соңды көзі үйренбеген ауыл адамдарының біразы ақжолтайлап мәз-мейрам болса, енді бірі дала заңын бұзған бұл қандай дүбір деп алаң. Шұбатылған составтарға көз алмай қараған олардың жүздері анық көрінбесе де, бет әлпетіндегі әсер, іште бұлқынған сан тарау көңіл-күй ырғақтары сыртқы қимыл-қозғалыстарынан-ақ сыр байқатады. Суретте бөркін ұстап қол бұлғап жан ұшыра қуанған ат үстіндегі жігіт ағасы ауыл шопанының сүттей ақ алғаусыз көңілін аңғартса керек. Темір жолдың төменгі жиегіндегі жүк артқан керуенге көз салыңыз. Тіпті маң-маң басып бара жатқан түйелердің өзі мына бір өзгешелікке мойнын соза үңіліп, арқалаған ауыр жүктің салмағынан арылатын күн алыс емес екенін сезгендей әсерге қалдырады. Суретші адам мен табиғатты былай қойып жануар мен тілсіз темірге тіл бітіру арқылы көріністі жандандыра түседі. Ең бастысы, ешқандай жасандылықтың реңі байқалмайды. Бәрі өз болмысында, өз қалыбында тұнық әрі таза. Көрнекті суретшінің қай шығармасын алып қарасаңыз да туған өлкенің тарихы, халықтың тұрмыс тіршілігі, салт-дәстүрі бір-бірімен біте қайнасып жатады. Сол арқылы қазақи болмыс пен ұлттық құндылықтардың уақыт өлшеміне жұтылып кетпеу мәселесі әрдайым алдыңғы орында тұратын тәрізді.
Өнертанушы Самал Мамытова бұл тұрғыда: «Композицияның ортаңғы бөлігіндегі отарба қазақ жеріне келген жаңалық болатын болса, ал сол бөліктегі керуен-көш ескі өмірдің бейнесі. Яғни ескі мен жаңа қатар көрініс тауып, бір-бірімен бетпе-бет келуі туындыда ерекше драмалық көрініс тапқан. Картинадағы көңіл-күйді білдіретін қуаныш-шаттық сезімді суретші тек қана бірінші бөліктегі адамдардың қимыл-қозғалысынан ғана емес, түс арқылы да ерекше көрсеткен. Жасыл, қызыл, көк, ашық түстерді қолдануы салтанатты мерекені толықтыра түскендей. Ол әр шығармасында өзі өмір сүрген уақытты айна қатесіз бейнелейді», дейді.
Түрксіб туындысы дүниеге келгенде Қастеев кемеліне келген, елге аты шыққан сыйлы суретші еді. Сондықтан бұл картинаны толағай талант иесінің ұзақ та жемісті шығармашылық жолының қорытындысы деседі. Бекзат өнердің тылсым сырына ынтықтырған туындыны суретші Кәміл Шаяхметов былай суреттейді: «Немересін жетектеген әженің бейнесі мен баланың көрінісінен де үлкен бір ұлттық сарын сезіледі. Үлкен кісілердің киген киімі мен тұрған тұрысындағы философиялық ой, халқымыздың жаратылысын еріксіз еске түсіреді. Суретшінің композициялық шешімін тапқан және бір тұсы ол, қазақ ер азаматтарын ат үстінде бейнелеуі. Қазақ қашанда атты жанына серік еткен халық. Жалпы, қазақ халқын жылқы мінездес деп те атап жатады. Осы ұғымды ескерген суретші аттың қимылын ондағы адамдардың қозғалысына сай етіп сомдаған. Ер азаматтардың киімдері мен бас киімдерін ұлттық ерекшеліктерге сай етіп, картинаға аса шеберлікпен бере білген. Сондай-ақ жеті қазынаның бірі болған итті де назардан тыс қалдырмауы кез келген зерттеушіні қызықтырмай қоймайды. Картинада бейнеленген иттің өзі иесінің кейпіне еніп, бір мақсатта, бір ойда тұрғандай. Пойыздан шыққан түтіннің өзі аспандағы бұлттармен үйлесім тауып үндесуі, ақша бұлттардың суреттегі сюжетпен байланысуы, күн нұрының тау бөктері мен ондағы барлық құбылысқа түсіп, жарық пен көлеңкенің жымдасуы, кез келген әлемге әйгілі суретшілердің шығармаларынан кем түспейді. Мұндағы суретшінің шеберлікпен композициялық заңдылыққа сүйенгендігін айғақтайтын шығармадағы әрбір деталдар өз орнын дәл тапқан».
Отарбаның маңайындағы қызыл жалау мен ұран жазылған мата шығармадан кеңестік идеологияның да ойып орын тапқанын көрсетеді. Солай бола тұра Қастеев халқының мәдениетін алдыңғы орынға шығарған. Ол шығармашылық жолында төрт мыңға жуық туындыны дүниеге әкеліпті. Шетелдік зерттеушілердің өзі Қастеевтің киіз үйдің ішін, кесте тоқып отырған қызды, ұлттық дүниелерді көрсеткенде қылқаламы аса жауапты, сондай мұқият, әрбір бояуынан туған жерге деген сүйіспеншілік есіп тұратынын айтқан. Бұл тұрғыда өнертанушы Валерия Ибраеваның «Әбілхан Қастеев көңілі соқпаған, тапсырыстан туған шығармаларының өзінде адамның табиғатқа нұқсан келтіруіне байланысты өзінің ыңғайсызданған сезімі мен ұятын көрсеткісі келген» деуі тегін емес. Бұл Қастеев социалистік дала өзгерістерін жырлаған деген жалаң ұғымды жоққа шығарады. Ар мен теңдік, ұлттық мінез, адами қалып оның басты кредосы.
Ол жазылмаған дала заңын бойына сіңіріп, көшпенділер мәдениетімен өсіп жетілген адам. Туған өлкенің кең жазирасында «шығыстан-батысқа, батыстан-шығысқа» сәт сайын тыным таппай ағылып жатқан составтарда Қастеев қылқаламының рухы бардай. Аттан түспеген арда халықтың өркениет арбасымен қауышқандағы алғашқы әсерін, ешбір кино, ешқандай шығарма дәл Қастеевтің туындысындай бере алмайтыны анық. Түрксіб-Сібір темір жолы қазақ даласына жаңа леп әкелсе, Әбілхан Қастеев өзінің «Түрксіб» шығармасы арқылы шойынжол бойындағы мәңгілік қозғалысты мәңгілік ескерткішке айналдырды.
Дүрия даланы оятқан «Түрксіб»...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ