13 Желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №1499

282 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
2011 жылғы 8 желтоқсан,    Астана, Үкімет Үйі Телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауының және оларды орталықтан басқарудың бірыңғай қағидаларын бекіту туралы «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңының 21-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауының және оларды орталықтан басқарудың бірыңғай қағидалары бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі    К.МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 желтоқсандағы  №1499 қаулысымен бекітілген Телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауының және оларды орталықтан басқарудың бірыңғай қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауының және оларды орталықтан басқарудың бірыңғай қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңының 21-бабына (бұдан әрі – «Байланыс туралы» Заң) сәйкес әзірленді және телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасау және оларды орталықтан басқару тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидалар арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісін құрайтын желілерге қолданылады. 3. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады: 1) телекоммуникация желілерін орталықтан басқару жүйесі – басқарушы технологиялық параметрлерді қалыптастыру және олардың атқарылуын бақылау жөніндегі ұйымдық-техникалық іс-шаралар кешені (бұдан әрі – ТЖОБ жүйесі); 2) уәкілетті мемлекеттік органдар – осы Қағидалардың 1-қосымшасында көрсетілген мемлекеттік органдар; 3) ТЖОБ жүйесіне қатысушылар – байланыс саласындағы уәкілетті орган, байланыс операторлары, байланыс саласындағы уәкілетті орган белгілеген уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым); 4) шетелдік байланыс операторлары – Қазақстан Республикасынан тыс байланыс қызметтерін көрсететін жеке немесе заңды тұлғалар; 5) түйісу нүктесі – қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторларының көлік желілерінде халықаралық қосылысты ұйымдастыру үшін қызмет атқаратын шекара маңындағы желілік торап. 2. Телекоммуникация желілерінің өзара іс-қимыл жасау және оларды орталықтан басқару тәртібі 4. Трафикті өткізуді және өзара есеп айырысу тәртібін қоса алғанда, телекоммуникация желілерінің қосылуы мен өзара іс-қимыл жасауы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады. 5. Қазақстан Республикасында телекоммуникация желілерін орталықтан басқаруды байланыс саласындағы уәкілетті орган «Байланыс туралы» Заңға сәйкес және мына: 1) халықаралық байланыс желілерінде телекоммуникация желілері трафигінің ағымдағы жағдайы туралы ақпаратты жинақтау және талдау; 2) байланыс құралдары тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсатта пайдаланылған жағдайда соттардың байланыс желілеріндегі жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың кез келген желілер мен байланыс құралдарының қызметін тоқтата тұру туралы шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету; 3) уәкілетті мемлекеттік органдарды басым пайдалану, сондай-ақ табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде кез келген желілер мен байланыс құралдарының (үкіметтік байланыстан басқа) қызметін тоқтата тұру құқығымен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. 6. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы қызметтерін ұсынуға лицензиясы жоқ операторлар шетелдік операторлармен трафик алмасуды Қазақстан Республикасының қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторлары арқылы ғана жүзеге асырады. 7. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы қызметтерін ұсынуға лицензиясы бар байланыс операторлары шетелдік операторлармен трафик алмасуды ТЖОБ жүйесі арқылы жүзеге асырады. 8. ТЖОБ жүйесін техникалық сүйемелдеуді уәкілетті ұйым жүзеге асырады және ол ТЖОБ жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, оны жаңғыртуды және одан әрі дамытуды қамтиды. 9. Байланыс операторлары өздерінің телекоммуникация желілерін орталықтан басқару орталықтарын ТЖОБ жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз етеді. 10. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторларының телекоммуникация желілерін ТЖОБ жүйесіне қосу телекоммуникация желілерінің жұмыс істеуін, орнықтылығын және ақпараттық қауіпсіздігін ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету шараларын көздейтін және байланыс саласындағы уәкілетті органмен келісілген байланыс операторы мен уәкілетті ұйым арасындағы екі тараптың келісімдері негізінде жүзеге асырылады. 11. Байланыс операторларының шетелдік байланыс операторларымен өзара іс-қимыл жасауы байланыс операторының халықаралық трафигі ТЖОБ жүйесі арқылы өткен және түйісу нүктелері тіркелген жағдайда жүзеге асырылады. 12. Байланыс операторлары осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес шетелдік байланыс операторларының телекоммуникация желілерімен жұмыс істеп тұрған түйісу нүктелерін тіркеуді қамтамасыз етеді. 13. Түйісу нүктелерін тіркеу үшін байланыс операторлары байланыс саласындағы уәкілетті органға осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша хабарлама жолдайды. 14. Байланыс операторлары өздерінің өндірістік пайдалануға жаңадан енгізілетін түйісу нүктелері туралы хабарламаны шетелдік байланыс операторларының телекоммуникация желілерімен физикалық қосылыстың жоспарланған орнатылуына дейін кемінде 30 күнтізбелік күн қалғанда береді. 15. Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген мерзім ішінде уәкілетті ұйым байланыс операторының қажеттілігіне сай келетін көлемде халықаралық трафикті ТЖОБ жүйесі арқылы өткізу үшін техникалық шарттарды дайындау мен олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді. 16. Уәкілетті ұйымның шет елдердің телекоммуникация желілерін басқару орталықтарымен өзара іс-қимыл жасауы байланыс саласындағы уәкілетті органмен келісілген екіжақты келісімдер негізінде жүзеге асырылады. 17. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған және байланыс саласындағы уәкілетті органның немесе байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың немесе уәкілетті мемлекеттік органдардың атына соттың кез келген байланыс желілері мен құралдарының (үкіметтік байланыстан басқа) қызметін тоқтата тұру туралы шешімдері келіп түскен жағдайда байланыс саласындағы уәкілетті орган оларды орындау үшін дереу уәкілетті ұйымға жібереді. 18. Желілердің және байланыс құралдарының қызметін тоқтата тұру туралы шешімді алған кезде уәкілетті ұйым тез арада осы шешімнің орындалуын қамтамасыз етеді және байланыс операторларына оның орындалуын қамтамасыз етудің пайдаланылатын технологиялық параметрлері туралы хабарлайды. 19. Көрсетілген шешімнің орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін байланыс операторы өзінің телекоммуникация желісінің басқару орталығына байланыс саласындағы уәкілетті органның жеке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. 20. Желілердің және байланыс құралдарының қызметін қалпына келтіру соттың немесе байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың немесе уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті шешімінің негізінде жүзеге асырылады. Байланыс саласындағы уәкілетті орган көрсетілген шешімдерді орындау үшін тез арада уәкілетті ұйымға жолдайды. 21. Желілердің және байланыс құралдарының қызметін қалпына келтіру туралы шешімді алған кезде уәкілетті ұйым дереу осы шешімнің орындалуын қамтамасыз етеді және оның орындалуын қамтамасыз етудің пайдаланылатын технологиялық параметрлері туралы байланыс операторларына хабарлайды. Телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауының және оларды орталықтан басқарудың бірыңғай қағидаларына 1-қосымша Мемлекеттік органдардың тізбесі 1. Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) 2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) 3. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі 4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 6. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 7. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 8. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 9. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 10. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 11. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі 12. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі 13. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 14. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 15. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі 16. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі 17. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі 18. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі 19. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 20. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі. 21. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі 22. Қазақстан Республикасы Призидентінің Күзет қызметі 23. Қазақстан Республикасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметі Телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауының және оларды орталықтан басқарудың бірыңғай қағидаларына  2-қосымша КІМГЕ: Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Шетелдік байланыс операторларымен түйісуді тіркеуге ХАБАРЛАМА ____________________________________________________________________________ (өтініш берушінің атауы немесе өтініш берушінің Т.А.Ә.) кейіннен_____________________________________________________________________ (шетелдік байланыс операторының атауы) шетелдік байланыс операторымен трафик алмасуды жүзеге асыру үшін ____________________________________________________________________________ (түйісудің географиялық координаталары, параметрлері, деректері) түйісуді тіркеуді жүргізуді сұрайды ____________________________ (қолы, күні)                     М.О.