Біріншіден, орындаушылар бүгінгі ұйымдастыру процестерін электронды форматқа ауыстырумен айналысып, негізгі мәселе – цифрлы индустрия құруды кейінге қалдырып отыр. Бұл жерде мәселе бұрын нарыққа енбеген жаңа секторларды, тауарлар мен қызметтерді тудыруға тіреледі. Мәселен, халықаралық медицина көп жылдар бойы қолданылып келе жатқан препараттарды жаңарту мәселесін алға тартып отыр. Криминалистер қылмыстарды ашудың компьютерлік бағдарламаларын жасауда. Сол сияқты сарапшылар сақтандыру, банк және қор биржаларында блокчейн технологияларының негізіндегі перспективалар туралы айтуда. Көлік саласында да пилотсыз автомобильдер мен авиатаксилер, ауыл шаруашылығы авиациясы мен магистральды компаниялардың тікұшақтардан бас тартып, нысандарға мониторингтер жасайтын аппараттардың шығып жатқаны айтылуда.
Екіншіден, бұл жұмыста жеке адамдардың бастамаларын, ғылымның жетістігі мен кәсіпкерлікті қолданған әртүрлі бизнес-идеяларды қолдауымыз керек. Халықаралық эксперттер экономиканы цифрландыру жұмысына мемлекеттің араласуын шектеу керектігін айтады. Үкімет процестердің орындаушысы емес, тек модераторы қызметін атқаруы керек.
Сонымен қатар «мидың сыртқа ағылуын» да тежеуді қарастыратын арнайы бағдарлама әзірленуі керек. Бүгінгі таңда қазақстандық ІТ мамандар Батысқа, тіпті Өзбекстанға да кетуде. Жуырда Мәжіліс депутаттарымен Ресейдің Сколково технология паркіндегі болған кездесуде сонда жүрген жүздеген қазақстандық қыздар мен жігіттерді кездестірдік. Қазір Ресейдің ЖОО-ларында жетпіс мыңнан астам қазақстандық жастар оқиды екен. Олардың оқығанына еш қарсылық жоқ, бірақ солардың елге оралуы қадағалануы керек қой.
Үшіншіден, бізде әлі күнге цифрландыруды реттейтін құқықтық құжаттар әзірленбеген. Өткен жылы Парламентке цифрлы экономиканы реттейтін заң жобаларының кешенді пакеті ақыры енгізілмеді, ал оны қажет ететін салалар жетерлік болатын.
Біздің Ұлттық банкіміз сәуір айында криптовалюталармен жасалатын операцияларға тыйым салынатынын жариялады. Бірақ цифрландырудың әлемдік тенденциясы бұдан қашып жатқан жоқ, нәтижесінде біздің артта қалып қоюымыз мүмкін. Сондықтан процесске тыйым салғаннан гөрі оны реттеген дұрыс емес пе?
Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының фракциясы осы мәселелердің бәрін Үкімет басшысының назарына жеткізіп, ұлттық экономиканың цифрландыру секторларын қолдайтын жаңа заң жобаларын тезірек әзірлеуді алға тартып отыр.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты