13 Ақпан, 2010

ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАП БЕРДІ

1251 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
Президент Жолдауына назар салсақ, “Кеше қандай жағдайда болдық, бүгін қай деңгейге көтерілдік, ертеңгі күні шығатын биігіміз қандай?” деген сұрақтарға жауап табамыз. Ал бүгінгі таңда ел болып қандай жетістіктерге қол жеткіздік, алдағы міндеттер қандай деген толғақты мәселелерге назар аударып, өткен жылымызды бір саралап алатын кез келді. Кеңес Одағы тарап, тәуелсіздігін алған кезде еліміз үлкен экономикалық қиын­дық­тарға ұшырады. Бұрынғы Одақ бойынша бір-бірімен тығыз байланысы бар зауыт-фабрикалар тоқтап қалды. Елде жұмыссыздық өріс алды. Қалалар мен ауылдар да табиғаттың қатал сынынан шыға алмайтын жағдайға жетті. Өткен ғасырдың 90-жылдары басында бұрынғы кеңшарлар тарады, бұрын ауыл шаруашылығы мекемелеріне қараған малдар да, жекенің қолындағы малдар да ақшаның тапшылығынан бартер арқылы күнделікті қажетті тауарларға айырбасталып кетті. Сол тұста мал саны күрт азайды. Ал соңғы он жылдың ішінде халықтың жағдайы жақсарды. Шаруа қожалықтары да, жеке адамдар да төрт түліктің санын өсіріп, тұқымын жақсартып, пайдасын көріп отыр. 90-жылдары автокөлік немесе темір жол­дарды салатындай мүмкіндігіміз болған жоқ. Бұрынғы бар жолдар жүруге жарамсыз болып, жыл сайын елдің қарым-қатынасына үлкен қиындықтар тудырған еді. Ал жаңа ғасырдан бастап елдің экономикасының түзелгенінің ар­қасында автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өткізілді және жаңа жолдар салынды. Еліміздің батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін қосатын жаңа жолдар пайдалануға берілді. Сол секілді 153 шақырымдық Шар-Өскемен, Ақтөбе мен Қостанайдың арасын қосатын 400 шақырымнан асатын темір жол салынды. Қазақстанда бірінші рет Астана-Бурабай автобаны пайдалануға берілді. Оның бәрі мол қаржыны, үлкен қажыр-қайратты талап етті. Осының бәрі – елдің жетістігі, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді істер. Нарық заманы кезінде бір шақырым жол салудың өзі оңайға соқпайды. Сондықтан осы істердің қалай жүзеге асқанын ұғына білгеніміз абзал. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде халық “Енді елдің болашағы қалай болады?” деп қатты алаңдап қалып еді. Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында алаңдайтын ештеңе жоқ екенін сенімді түрде айтты. Осы Жолдауын Елбасы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” деп текке атаған жоқ. Қандай ел де айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға кезігіп отырады. Біз де бұған дейін қаржы қиындығына төтеп беріп келгенбіз. Тәуелсіздік алған тұсымызда тұралап қалған экономи­каны қайта қалпына келтірудің, барлық сала бойынша жаңа реформалар жасаудың қиындықтары орасан зор болды. Еліміз барлық ауыртпалықтарды аз уақыттың ішінде жеңіп шыға білді. 90-жылдары елде ішкіэкономикалық дағда­рыс орын алды, Шығыс Азияда басталған кезекті дағдарыс тұсында тәуелсіздігіміз тағы бір сынаққа түсті. Осының бәрін айта келіп: “Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім, ұтым­ды іс-қимылдың арқасында біз одан да аман-есен өте шықтық. Біз осылайша сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде лайықты тәжі­рибе жинақтап, ысылып, шыңдала түстік. Ел дамуының жаңа бағыттарын ай­қындап, қарыш­тап алға басумен болдық. Сол сияқты қазіргі әлем­дік дағдарыс та өткінші құбылыс. Халқы­мыз мұндай күйзелістер кезінде “көппен көр­ген ұлы той” деп сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Олай болса, бұл дағдарыстан да біздің аман-есен өтетініміз айдай анық”, – деді Н.Назарбаев. Ал биылғы Жолдауында Мемлекет бас­шы­сы ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күр­делі кезеңі аяқталып келе жатқанын айтты. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жа­һан­дық дағдарыс дауылы әлі басыла қоймаға­нын, алайда ол өзінің алғашқы алапат қуаты­нан айырылғанын мәлім етті. “Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ. Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қа­рыш­тап алға бас­қан мемлекеттер қата­рын­­да дамудың жоғары деңгейіне көтеріл­дік. Өйткені, біз оған қалай қол жет­кізуге болатынын білдік. Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асыр­ғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды. Біз жасампаздыққа жұмыла кіріс­кен­діктен, дамудың даңғыл жо­лына түстік. Толағай табыс­тары­мен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті”, деген Елбасының түйінді ойы бәріміздің көңілімізге қонды, халықтың жүрегіне үлкен сенім ұялатты. Қазір еліміздің экономикалық әлеуеті бірнеше есеге артты. Бір ғана мысал, 1996 жылғы респуб­ли­калық бюджеттің көлемін қазіргімен салыс­тырсақ, көп жайтқа қанық бола түсеміз. 1996 жылы бекітілген республикалық бюджеттің кі­рісі бар болғаны 149 млрд. 646 млн. 054 мың теңгені құраған. Қазір 3 трлн.-ның үстіне шығып отыр. Елдің татулығы, ауызбіршілігі – басты құндылықтарымыздың бірі. Қазақстандағы бейбітшілікті әлем елдері жоғары бағалауда. Көптеген шетелдік саясаткерлер, сарапшылар мен ғалымдар елдің бірлігін сақтаудағы ұлт­аралық келісімді, дінаралық байланыстағы озық тәжірибелерімізді, осы бағыттағы игі істерімізді үлгі ретінде ұсыну қажет екенін жиі айтып жүр. Қаржы дағдарысы кезінде Елбасының Үкі­мет пен Парламентке берген тапсырмаларының нәтижесінде кәсіпорындар тоқтап қалған жоқ. 1990-жылдары ішкі дағдарыс кезінде қанша адам жұмыстан қысқарып кеткені әлі есімізде ғой. Ал бұл жолы Президент қызметкерлерді қыс­қартпау жөнінде қатаң тапсырма берді. Соның арқасында ел ішінде тұрақтылық сақ­талды. Қаржы дағдарысының әсерін ел болып көтере білді. Халықты жұмыспен қамтуға және жаңа мамандықтарға оқытып шығаруға 2009 жылы республикалық бюджеттен 140 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы зор жоба­ларды жүзеге асыру барысы тоқтаған жоқ. Аса қажет өңірлерде балабақша, мектеп пен ауру­хана салу, пайдалануға беру нәтижелі жүргі­зілуде. Ал құрылысы басталмаған әлеуметтік ны­сандарды салу жоспары алдағы жылдардың еншісіне берілді. Еліміз тұрақты даму жолымен алға баса берсе, әлеуметтік сала бойынша көзделген барлық жобалардың іске асатынына ешқандай күмән жоқ. Бүгінгі таңда Елбасы мемлекет қаражатын жұмсауда қатаң бақылау жасалатынын ескертіп отыр. Бұрынғы жасалған бағдарламалар, қаржы дағдарысына дейін қажетті деп табылған жобалар қайта елеп-екшеуден өтті. Оның ішін­де өзінің тиімділігін дәлелдейтін, халық сұра­нысын өтейтін бағдарламалар ғана қаржылан­дырылатын болды. Қаржы дағдарысының ық­па­лынан қиналмай шығу үшін экономиканы қа­таң бақылауда ұстаудың маңыздылығы өте зор. Сонымен қатар, еліміздің әрбір азаматы да кез келген жағдайда қаржы жұмсар алдында ойланып алатын кезге келді. Бүгінгі таңда мақсатсыз шығын шығару ертеңгі күні өкінішті жайтқа алып келуі әбден мүмкін. Қазақ халқы­ның көңілі – кең, жаны – жомарт. Айталық, той жасаса да құдаларым мен қонақтарымды риза қылайын деп барын шашады. Ақын Қадыр Мырза Әлінің: “Қазақ осы дүние мен малыңды, Оңды-солды шашу үшін жинайтын”, деп келетін өлең жолдары ұлттың мінез-құлқын дәл беріп тұр. Алайда, бүгінгі нарық заманында тойды қалай өткізуді де ойланып-толғанып алып шешкеніміз абзал. Қазақ “Көрпеңе қарап көсіл” деп бекер айтпаған. Кейбір азаматтарымыз елден қал­майын деп достары мен туыстарынан қарыз неме­се банктен несие алып, той өткізеді. Кейін оны уақытында қайтара алмай, ағайындар ара­сында түсініспеушіліктер орын алып жатады. Мәселен, бір жолы “Нұр Отан” партиясының Астана қалалық қоғамдық қабылдауында азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдап отырғанымда, бір ақсақал келді. Амандасқан соң әлгі қария: “Баламның атына банктен не­сие алдырттым. Ол ақшаға балаларымның тойын жасап, құдаларымды шақырып, біраз қаражатты жұмсап едім. Енді несиені өтейтін кез келіп, қиналып тұрмыз”, – дейді. Мен сол кезде “Нарық заманын да алаң қылмайтын қазақтар-ай, неге соншама қарызданып той жа­сайды екен?” деп ойладым. Той жасама дейтін ешкім жоқ. Дегенмен де, тойды шама-шарқыңа қарай жасауың керек қой. Бұл да ойланарлық мәселе. Ал банктен несие алудың жолы өте қиын. Алдың екен, оны жедел еселеп, кері қайтаруды ойлауың қажет. Нарықтың заңы да, банктің талабы да – осы. Айталық, банктен 500 мың теңге несие алдың ба, оны пайда келтіретін кә­сіпкерлікке салып, екі-үш айда 1 млн. теңгеге айналдыруың қажет. Тапқан таза пайдаңды тағы да тойға, қыдыруға жұмсамай, қайтадан табыс әкелетін кәсіпке жұмсап, қарыздарыңды то­лық өтеп, өзіңнің де, бірге жұмыс істеп жүр­ген жандардың да жағдайын жақсартуың қажет. Сол арқылы елдің де экономикасын көтеруге аз да болса ықпал етіп отырғаныңды сезесің. Мемлекеттік органдар халықаралық форум­дарға қатысу үшін іссапарларға шығу, шетел­дерге бару секілді шығындарды азайтты. Дағда­рыс ықпалынан аман-есен шығып, экономи­камыз тұрақты даму жолына түскен кезде ондай маңызды шараларға қатысуға да, өзімізде өткізуге де толық мүмкіндік болады. Алдымызда үлкен белестер бар. Ел Конституциясының қабылданғанына биыл 15 жыл толады. Келер жылы Қазақстан Респуб­ликасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы келе жатыр. Осы белесті әлеуметтік жағдайы орныққан, эко­номикалық әлеуеті нығайған мықты мем­лекет ретінде қарсы алудың маңыздылығы зор. Елбасы осындай мақсатқа жету жолында біртұтас Қазақстан халқы белсенді түрде “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” еңбек етуіміз керек екенін айтты. 20 жылдық кезең торқалы той өткізу үшін емес, алды-артымызды елеп-екшеп, қандай нәтижеге қол жеткіздік, қандай мақсат-міндеттерді бірінші кезекте орын­дауымыз керек деген тоқтам жасайтын, елдің ішкі және сыртқы жағдайын сараптап қарайтын тұс деп білемін. Ендеше, сол бір нәтижелі межеге еңсесі биік ел болып, әлемдік қоғамдастық алдында беделге ие мемлекет болып жетейік. Биылғы жаңа Жолдауда Елбасы Үкімет пен Парламенттің алдына келелі мін­деттер қойды. “Нұр Отан” партиясының мүше­лері осы жолда белсенділік танытып, халықты бірлікке, іргелі істерге жұмылдыра білетіндігіне сенім артты. Міне, биыл, Қазақстан Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету миссиясын бастады. Бұл еліміз үшін айрықша оқиға. Қазақстан ТМД, Азия және мұсылман елдері арасында бірінші болып осындай әлемдік беделі зор Ұйымға жетекшілік жасау мүмкіндігіне ие болғанын қазір әлем жұртшылығы үлкен таңданыспен, ерекше көз­қараспен жазып жатыр. Бұл күндері шетелдік басылымдар жас тәуелсіз мемле­кетіміздің тарихы мен бүгінгі жетістіктері, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарып отырған қажырлы қызметі жайлы көптеген материалдар беру үстінде. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде Қазақ елінің арман-мүддесі жаңа белеске көте­ріліп, халқымыздың рухани байлығы жан-жақ­ты таныла түсетініне ешқадай күмәніміз жоқ. 14 қаңтар күні Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне кірісуіне орай жолдаған үндеуінде бұл міндет біздің елімізде тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпыұлттық ауқымдағы құн­ды­лық ретінде қабылданып отырғанын мәлім етті. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев әлемдік маңызы зор бастамаларды көтеріп келе жатыр. Елбасының бастамасы бой­ын­ша БҰҰ Бас Ассамблеясы жуырда 29 тамыз күнін Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықаралық күні деп жариялау туралы қарар қабылдады. Өз үндеуінде Елбасы Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бас­тамасын қолдауға шақырды. Сонымен қатар, 1 тамызды Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымы күні деп жариялау туралы ұсынысты қарауды ұсынды. Бұл да жаңа бастама болып табылады. Қазақ халқы кейінгі ұрпағы – біздерге әйел бес күндігін, ер адам бес жылдығын, ал ел елу жылдығын ойлауы керектігі жөнінде нақыл қалдырғаны белгілі (“Бес күндігін ойламаған әйелден без, бес жылдығын ойламаған еркек­тен без, елу жылдығын ойламаған елден без”). Тіпті әр адам да алдына мақсат-мүдде, нақты жоспар қояды. Ендеше, экономикамыз стратегиялық жоспарлы жүргені нақты нәти­жеге алып келетіні сөзсіз. Осы мақсатқа жету үшін елдің әрбір азаматы қолынан келгенінше белсенді атсалысады деген сенімдемін. Бауыржан СМАЙЫЛОВ, Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты. Жолдау және жұртшылық АСҚАҚ МҰРАТТАР ОНЖЫЛДЫҒЫ Біздің халқымыз ежелден асқақ мұраттарды іске асыруға талпын­ған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың биылғы Жолдауында алдағы он жылда еңсерілуге тиіс осындай асқақ мұраттардан туындайтын мә­селелер кеңінен қамтылды. Отан­дық экономиканы дағдарыстан кейін қалай дамытқан дұрыс? Біз бұ­ған қаншалықты дайынбыз? Міне, осы сауалдарға Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхам­бет Көпеев Атырау облысына жұ­мыс бабындағы сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен кездесуде толыққанды жауап берді. Ол алды­мен Атырау мұнай және газ инс­титутының профессорлар құрамы­мен, студенттерімен жүздесуде Елбасы Н. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты Жолдауында көте­рілген маңызды мәселелерге жан-жақты талдау жасады. Сенат Төрағасының орынбаса­ры М.Көпеев Махамбет, Қызыл­қо­ға аудандарының жұртшылығымен кездесуде де Елбасы Жолдауында айқындалған әр міндетті орындау­дың алғышарттарына тоқталды. Әсіресе, алыстағы Қызылқоға ауда­ны­на сапары кезінде осындағы әлеу­меттік нысандарға ерекше назар аударды. Мұнда 30 мыңнан астам халық тұрады. Өндірісі жоққа тән ауданға табиғи газ желісі енді жетіп жатыр. Таза ауыз су да солай. Өңір орталығымен байланыстырар жолды жөндеу әлі толық аяқталған жоқ. Дегенмен, білім беру, ден­сау­лық сақтау нысандарын жаңғыр­ту­да оң қадамдар бар. Мәселен, был­тыр мұнда 30 төсектік өкпе дертін емдейтін аурухана ашылса, енді бір мезгілде 250 адам қабылдайтын емхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Емхана құны – 1 миллиард 760 миллион теңге. Әзірге 500 миллион теңгеден астам қаржы игеріліпті. – Мұндай емхананың аудан орталығында салынуы құптарлық. “Жол картасы” бағдарламасымен осындай әлеуметтік нысандар тұр­ғызылып, күрделі жөндеуден өтті. Елбасы Жолдауында бұл бағдар­ла­маның биыл тағы да жалғасын таба­тыны нақтыланды. Демек, мем­ле­кет экономиканы дамы­тып қана қоймай, әлеуметтік мә­селеге, ішкі-сыртқы қауіпсіздігі­міз­ге баса назар аударып отыр. Адам­дар денсаулығын қорғау, тұрмысын жақсарту, сапалы білім беру секілді мәселелер мемле­кеттік саясаттың басты тармағы болғанмен, аграр­лық секторды өркендетуге де басым бағыт ұсталып отыр, – деді Сенат Төрағасының орынбасары Мұхам­бет Көпеев “Арман” мәдениет үйін­де өткен аудан жұртшы­лы­ғы­мен кездесуде. Бұдан кейін ол осы аудан аума­ғынан мұнай өндіретін “Қайнар­мұ­най­газ” басқармасының мұнайшы­лары­мен де Жолдауда айтылған мін­деттерді бірлесе талқылады. “Ем­бімұнайгаз” өндірістік фи­ли­алы­ның директоры Ізтұрған Бай­мұхановтың айтуынша, бұл бас­қарманың тұсауын кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп кескен. Содан бері бас­қармада мұнай өндіруде ір­кіліс болмаған. Елбасының биылғы Жолдауы мұнайшыларға тың серпін берді, бізде еңбек өнімділігін арттыруға толық негіз бар, деді І. Баймұханов Сенат депутаттарымен кездесуде. “Еліміздің батыс айма­ғын­да экономиканың өркендеуі мұнай-газ өнеркәсібімен тығыз бай­ланысты. Алдымызда асқақ мұраттарды орындаудың онжылдық межесі айқындалды. Қазақтың қонақжайлық, кеңпейілдік пен кішілік, ілім-білімге талпынар қасиеті танылар онжылдықта әр кез биіктен көрінейік” деп ой түйін­деген Сенат Төрағасының орын­басары сонымен бірге, Қазақ­станның экономикалық, әлеуметтік даму ырғағын үдету үшін алдымен еңбек өнімділігін еселеп арттыруға көңіл аударды. Кеден одағының маңызы, экспорттық бағыттарды кеңейту, инновациялық жобаларды іске асыру, жаңа технологияларды енгізу тұрғысындағы ойларымен де бөлісті. Мұхамбет Көпеевтің Аты­рау жұртшылығымен кездесуле­рін­де Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ища­нов, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов бірге болды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. ӨРЛЕУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен сөз етілді. Бұрнағы күні Алматыдағы Қа­зақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер инсти­ту­тын­да (ҚСЗИ) өткен осынау жи­ынға билік органдарының өкілдері, мемлекеттік және тәуелсіз талдама­лық құрылымдардың жетекші са­рапшылары, жоғары оқу орын­дары­ның оқытушылары қатысты. Олардың пайымдауынша, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету Президенттің биылғы Жол­дауы­ның негізгі өзегі болып та­былады. Ал экономиканың тұрақты өсуіне тек қарқынды индустрия­ландыру және инфрақұрылымды жеделдете дамыту арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сарапшылардың бағалауынша, Жолдау қолда бар ресурстармен бекемделіп бекітілген міндеттерді алға тартып отыр. Конференция жұмысына қатыс­қан Парламент Сенатының Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов өз баяндама­сын­да түпкі өнім өндіретін дербес эко­номика жасау үшін экономикалық тетіктерді жұмыс істеуге мәжбүрлеу қажеттігіне тоқталды. – Биылғы Жолдаудың мән-маңызы ерекше. Өйткені, “Қазақ­стан-2030” стратегиясының бірінші онжылдығының қорытындысы шығарылып, 2020 жылға дейінгі даму перспективалары айқындалып белгіленді, – деп атап көрсетті ол. – Үстіміздегі жылдың 1 қаң­тары­нан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Еліміз мұндай се­німге көп жағдайда экономикалық және саяси жүйелердегі реформа­лар­ды табысты жүргізуінің арқа­сын­да ие болды. Сенатор тәуелсіздік жылда­рын­да халықтың әл-ауқаты айтарлық­тай жақсарғанын, 652 мектеп, 635 денсаулық сақтау нысандары са­лын­ғанын, жалақы – бес, ал зей­нетақы  үш есе көбейгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Қ.Сұлтанов Мемлекет басшысының бюджетті табиғи ресурстарды сату есебінен емес, экономиканы әртараптан­ды­ру арқылы жасау жөнінде берген тап­сырмасының маңыздылығына баса назар аударды. Сөйткен жағ­дайда елдің алтын-валюта қорын 100 миллиард долларға дейін ұл­ғайту орайындағы міндет нақты іске аспақ. Сонымен қатар, Жол­дау­да отандық экономикаға шағын және орта кәсіпкерліктің қосар үлесін 40 пайызға дейін жеткізу қажеттілігі айтылған. Сөз алған бас­қа шешендер бұл үшін төре­шіл­дік әуре-сарсаңға салуды азайту керектігіне тоқталды. Тарих ғылымдарының докторы, ҚСЗИ директоры Болат Сұлтанов ел дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру аса маңызды тарихи міндет болып табылатындығын атап өтті. Гүлденген Қазақстанды құрудың Елбасы ұсынған бағдарламасы жай жалаң сөз емес, ол жеріне жете есеп­теліп, жеті рет өлшеніп, бір рет пішілген, қажетті қаржы ресурс­та­ры­мен қамтамасыз етілген, деді ол. 2020 жылға дейінгі Стратегия­ның күмәнсіз артықшылығы ре­тінде конференцияға қатысушылар оның ілгері өрлей дамушылық си­па­тын атады. Олардың пайым­дауын­ша, осынау Стратегиялық жос­пар әрбір қазақстандықтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашады. ҚСЗИ директоры өз сөзін қоры­тындылай келе: “Ойға алған осы ниетке біз өзіміздің ортақ үйіміздегі береке-бірлікті, тату-тәттілік пен келісімді қамтамасыз ет­кенде ғана жетпекпіз. Осыған бай­ланысты Н.Назарбаевтың біздің мемлекетімізді, ішкі дүниеміз бен бірлігімізді, тұрақтылық пен қауіп­сіздігімізді біздің өзімізден басқа ешкім көздің қарашығындай сақ­тап, қорғамайтындығы туралы сөздерімен келіспеу мүмкін емес. Болат Сұлтанов АҚШ кон­грес­мені, Хельсинки комиссиясының тең төрағасы Элси Хейстингстің жақында “Америка дауысы” радио­с­тансасына берген сұхбатын еске салды. Оның ЕҚЫҰ төрағалығына біздің еліміздің үміткерлігін нелік­тен қолдағандығын түсіндіре келе: “Қазақстанның ресурстары орасан зор және ол сыртқы саясатта Қы­тай мен Ресейге, сондай-ақ Батыс­қа артықшылық береді. Бұл де­ге­ні­ңіз – Еуропалық Одақ пен АҚШ. Бүгін таңда Қазақстанға демо­кра­тия бағытымен алға жылжудың та­ғы бір үлкен жауапкершілігі жүк­те­ліп отыр. Сондықтан мен АҚШ-пен, сонымен бірге, Ресеймен ынтымақтастық рухта қызмет ете алатын барлық үміткерлердің ішін­де таңдаудың Қазақстанға түсуі әбден дұрыс деп есептеймін” деп айтуында үлкен мән бар. Еліміздің экономикалық өрлеуі­нің жаңа мүмкіндіктерін кеңінен талқылаған конференция материал­дары жеке кітап етіп шығарылатын болды. Елбасы Жолдауын талқылау аясындағы осындай тағы бір келелі жиын Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің хатшысы Әділ Ахметовтің қатысуымен Қазақтың Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде болып өтіп, онда білім беру саласын әлемдік стандарттарға сай әмбебаптандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы. АШЫҚ ӘҢГІМЕНІҢ МӘНІ БӨЛЕК Құрамында Аманжол Жамалов, Бақыт Сыздықова, Петр Дмитриенко, Серік Қонақбаев, Ерболат Әбсәләмов, Тәңірберген Бердіоңғаров бар Парламент Мәжілісі депутаттарының республикалық ақпараттық-насихат тобын Ерлан Нығматулин Қызылжар өңіріне бастап келді. Елбасы Н.Назарбаевтың Жол­дауын жұртшылыққа кеңінен таныстырып, мән-маңызын жан-жақты түсіндіруді мақсат еткен халық қалаулылары алғашқы кездесуін “Нұр Отан” ХДП облыс­тық филиалы ғимаратында петро­павлдықтарды арыз-шағымдары бойынша қабылдаудан бастады. Саяси ұйымның бастамасы жер­гі­лік­ті жерде де қолдау тауып, “ашық есік” күніне зейнеткерлер де біраз жиналды. Олар зейнетақы белгілеудегі кейбір шарт-талап­тармен өздерінің келіспейтіндерін білдірді. Мәселен, талай жыл аудан­дық депутат аманатын арқа­ла­ған Нұрикамал Смағұлова ең­бекке 11 жасынан араласыпты. Жұмыс өтілі де жеткілікті көрінеді. Алайда, тағайындалған зейнетақы мардымсыз. Біраз жерге шағым­данғанымен, тиянақты жауап ала алмағанға ұқсайды. Ендігі бар үміті – Парламент Мәжілісі депу­таттарында. Қоғамдық қабылдауға келген бір топ қария бұғаналары қатпай жатып жұмысқа жегілгендерін, сол себепті өздерін тыл еңбеккерлері қатарына жатқызса деген тілек­те­рін жеткізді. Парламент Мәжілі­сінің депутаттары Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне сауал жолдап, мәселенің анық-қанығын анықтайтын болды. Мектеп ұстаздары Мәжіліс депу­таты Бақыт Сыздықовамен білім беру саласына қатысты өз ойлары­мен бөлісті. Оқулықтардың сапа­сына байланысты дәйекті ұсыныс­тар айтты. Депутаттар “Нұр Отан” ХДП бастауыш ұйым өкілдерімен, білім беру және денсаулық сақтау са­ласы қызметкерлерімен кездесіп, Жолдаудан туындайтын міндеттер басты тақырып арқауына айнал­ды. Кездесуді облыс әкімінің орын­басары Самат Ескендіров кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандар алдында Е.Әбсә­ләмов сөз сөйлеп Пар­ламент тара­пынан атқарылған жұмыстарға шолу жасады, өмір сапасын жақ­сарту, әлеуметтік қорғау мемле­кеттің маңызды міндеті ретінде қала беретінін атап көрсетті. Мәжіліс аса маңызды заңдарды бірінші кезекте қарап, қабылдаған. Биыл республикалық бюджеттің кірісі 3 триллион теңгеден асып жығылған. Ол“Ардагерлер туралы” заңның кешеуілдеп жатуын былай түсіндірді: Бар мәселе қаржыға келіп тірелетіндіктен, “Ардагерлер туралы” заңның қашан қабыл­данатынын айта алмаймын. Онда Чернобыль апатын жоюға қатысу­шылар мен ауған жерінде интер­националдық борышын атқарған жауынгерлерге қатысты жеңілдік­тер де қарастырылған. Президент­тің әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне бюджеттен 65 мың теңге мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төлеу жөніндегі ұсы­нысы ардагерлерге деген шынайы қамқорлықтан туған. Оның сыр­тында жеңілдікпен жол жүрулері үшін 383 миллион теңге бөлінетін болады. Кездесуде емдеу орындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мектептер жанында шағын орта­лықтар ашу, кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері бой­ынша қойылған сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берілді. Оқушы­ларды ыстық тамақпен қамтуда жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылғанымен, жеткіліксіз. Сондықтан мәселе республикалық деңгейде шешілсе деген өтініштер айтылды. Экономикалық-техника­лық білім кешенінің басшысы Александр Мерк Жолдауда са­ла­матты өмір салты мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік жауапкершілік қағидаты өте дұрыс қозғалғанын сөз ете келіп, еліміз­дегі спорт саласына қаражат мол бөлінгенімен, даму деңгейі қана­ғаттандырмайтынына қынжылыс білдірді. Депутат С.Қонақбаев бұл пікірмен келісетінін айтып, өз тарапынан барлық мүмкіндіктерді жұмылдыратынына сендірді. Ауылдық жерлерге жас маман­дарды орнықтыру жайлы сауалға Е.Нығматулин жауап қайтара келіп, былтырдан бері “Нұр Отан” ХДП Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе отырып “Дипломмен — ауылға!” акциясының қолға алынғанын хабардар етті. Парламент Мәжілісі депутат­тарының М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дегі ашық сұхбаты да әсерлі өтті. Студенттер кредиттік оқу жүйесі, магистрдің статусы, жеңіл­дікті жолақы, кедендік үштік одақ, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі Қазақ­станның рөлі жайлы сауал­дар қой­ды. Жолдаудан алған әсер­лерімен және түйген ойларымен бөлісті. Халық қалаулылары келесі кезек­те М.Жұмабаев ауданында бо­лып, бірқатар кездесулерге қатысты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ЖАН-ЖАҚТЫ ТҮСІНІК БЕРДІ Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Қоңырбаев пен Сансызбай Есілов Мемлекет басшысының биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстаның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауына орай сайлаушылармен пікір алмасу мақсатындағы Ақмола облысының Шортанды, Целиноград, Астрахан, Қорғалжын және Аршалы аудандарында болып, тұрғындармен кездесулер өткізді. Барлық аудандардағы “Нұр Отан” партиясының филиал­дарында партия белсенділері­мен, мәслихат депутаттарымен, мем­лекеттік органдардың өкіл­дерімен және сайлаушылармен жүздесу­лер өтті. Пікір алмасу барысында Мәжіліс депутат­тары “Нұр Отан” партиясының қызметі және оның Халықтық тұғырнамасының қа­лай жүзеге асып жатқаны жайлы жан-жақты түсінік берді. Кездесулерде тұрғындар “Нұр Отан” партиясының пар­ламенттік фракциясының жұ­мы­сы жөнінде, Мәжілісте тал­қыланып жатқан заң жобалары мен жуырда қабылданған заң­дар туралы толыққанды мәлімет алды. Биылғы Жолдау туралы әңгіме қозғалған кезде сайлау­шылар әлеуметтік қолдау және ел экономикасын өркендету мақсатында 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын стратегиялық жоспардың жасалғандығы үшін алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, ауылдық жердегі көкейкесті мәселелерді көтерді. Ауыл шаруашылығына суб­сидия бөлу, шағын кәсіп­керлік саласына несие бөлу жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мақсатында бюджеттен қаржыландыру жа­ғын арттыру, басқа да орын алып отырған кедергілерді жою туралы ұсыныстарын алға тартты. Сондай-ақ зейнетақы, жәрдемақы мен еңбекақы, ана мен баланы қорғау, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласының қызметін арттыру, саламатты өмір салтын ұстану, өңірлерде спортты дамыту жөніндегі мәселелер қозғалды. Барлық аудандардағы “Нұр Отан” партиясының филиал­да­рында азаматтарды қоғамдық қабылдаулар болды. Тұрғындар­дың өтініштеріне орай жауап берілді және арыз-шағымдары қабылданды. Және де бірқатар мәселелердің шешілуі үшін лауа­зым иелеріне хат жібе­рілетін болады. Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы. ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ Парламент Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің бюро мүшесі Нұртай Сабильянов 5-12 ақ­пан ара­лығында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының Ақтоғай кен­тінде, Қопа, Баршатас және Мәде­ниет ауыл­дарында, Аягөз және Семей қала­ла­рын­да сайлаушылармен 17 кездесу өткізді. Басқосуларда Мәжіліс депутаты Мем­лекет басшысының Жолдауы туралы баян­дап, оның әлеуметтік-экономикалық мән-маңызы жайында таратып айтып берді. Аягөз ауданында болған кездесу­лер­де Мәжіліс депутаты мұғалімдер­мен, теміржолшылармен, мектеп оқушы­лары­мен, шалғайдағы ауыл тұрғын­дарымен кездесті. Семей қаласындағы кездесулер №16 орта мектепте, №5 мектеп-гимназияда, Семей педагогикалық институтында, Республикалық музыкалық колледжде, “Семей таңы” газетінің редакциясында өтті. Сондай-ақ, “Нұр Отан” ХДП-ның Семей қалалық филиалында сайлаушыларды қабылдап, “Қазақстан-Семей” телеарнасында Жолдау туралы тіке­лей эфирде сөйледі. Сонымен қатар, Нұртай Сабилья­нов Шығыс Қазақстан облысы әкі­мі­нің Семей және Өскемен қалаларында тұрғындармен өткізген есепті кез­де­су­ле­ріне де қатысты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы.