Әлем • 13 Маусым, 2018

«Реалдың» жаңа бапкері: Месси тарихтағы үздік ойыншы

554 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мадридтің «Реалы» команданы келесі маусымда Испания ұлттық құрамасының қазіргі бапкері Хулен Лопетеги жаттықтыратынын ресми түрде жариялады. Әлем чемпионатының басталуына екі күн қалғанда мұндай жаңалықты хабарлауына басты себеп – ұлттық құрама ойыншыларының бұл құпияны өзара сақтай алмауында болған көрінеді.

«Реалдың» жаңа бапкері: Месси тарихтағы үздік ойыншы

Radio Marca-ның хабарлауынша Лопетегидің Мадридке баратынын алғашында «Реалдың» алты футболшысы ғана біліпті. Алайда көп ұзамай бұл мәлімет өзге клубтың бір өкіліне де жеткен көрінеді. Түрлі БАҚ ол ойыншының «Реал» туралы керағар пікір білдіретін Жерар Пике екенін жариялап жатыр. Лопетеги сыбыстың тарап кетуінен сақтанып, «Реал» басшылығына ресми түрде жариялауын өтініпті. 

Бір айта кетерлігі Лопетеги 22 мамыр күні Испания құрамасымен 2020 жылға дейін келісімшартын ұзартып қойған. Арада бір апта өткеннен соң «Реалдың» бұрынғы жетекшісі Зинедин Зидан Мадирдтен кететінін мәлімдегеннен кейін команда басшылығы жаңа коучті іздеуге кірісті. Таңдау испаниялық маманған түскені көпшілікті таң қалдырғаны жасырын емес. Marca басылымы Лопетеги мен құрама арасындағы келісімшартты уақытынан бұрын үзу үшін корольдік Испания футбол федерациясына екі млн еуро төлейтінін хабарлады.

Шыны керек Хулен Лопетегидің Мадридке баратынын ешкім болжап білген емес, көпшілік күткен жоқ. Оның кандидаты тіпті жұрт күткен бапкерлердің арасында да болған емес. Зидан «Реалмен» қоштасқан кезде букмекерлер келесі бапкер кім болатыны жайлы бәс тігу ісін қабылдай бастады. Бұл тізімде «Тоттенхэмнің» жаттықтырушысы Маурисио Почеттино көш бастап тұрған. Сондай-ақ Арсен Венгер, Гути, Массимилиано Аллегри, Антонио Конте, Маурицио Сарри, Андре Виллаш-Боаш, Луис Фелипе Сколари, Тите, Йоахим Лёв секілді мамандардың қарасы көрінген.

Бірақ «Реал» президенті Флорентино Перестің ойы мүлдем басқа жақтан шықты. Ол келісімге келу жағынан да, қаржылық тұрғыдан да ыңғайлы әрі испаниялық ойыншылармен бірден тіл табысатын кандидаттарды қарастырған секілді. Ал Лопетеги «Реал» үшін таңсық емес. Ол футболшы ретінде де, бапкер ретінде де Мадридтің қызу тіршілігін көрген.  

Қандай командаларды жаттықтырды?

Хулен Лопетеги ойыншы кезінде қақпашы болған. Айта кетер бір жайт ол «Реалдың» ежелгі қарсыласы «Барселонада» да өнер көрсеткен. Алайда негізгі құрамнан орын ала алмай эль-Классико иелерінің қосалқы тізімдегі ойыншысы болды. «Райо Вальекано» қақпасын бес жыл қорғағаннан кейін 2002 жылы үлкен спорттан кетті.

Үлкен спорттан кеткенмен футболдан қол үзіп қалмады. Бапкер ретінде өзін сынап, «Райо Вальеканоны» 2003 жылы жаттықтырған. Алайда тәжірибесі жете қоймады. Лопетегидің қол астында бұл ұжым небәрі 10 ойын көрсетті. Ол тұста «Райо» Испанияның екінші деңгейлі Сегундасында өнер көрсеткеннен кейін әрбір матч маңызды болатын. Лопетегиге ұзақ уақыт берілмеді.

Осыдан кейін Хулен бес жыл футболдан қол үзіп, тек 2008 жылы оралды. 2008/2009 маусымында «Реалдың» фарм-клубына жетекшілік етті. Ал ары қарай жұмысын ұлттық құрамалармен байланыстырды. 2010-2014 жылдар аралығында Испания U19, U20 және U21 ұжымын жаттықтырды. Ол 19 жастағы ойыншылармен Еуро-2012 додасын жеңіп алды, келер жылы жастар құрамасымен Еуро-2013 турнирін ұтып, біліктілігін дәлелдей түсті.

Ол 2014 жылы Португалияның «Портуына» кетті. Оның жетекшілігімен «айдаһарлар» алғашқы маусымда чемпионатты екінші орынмен аяқтап, чемпион атанған «Бенфикадан» небәрі үш ұпай қалып қойды. Алайда келер жылы ұжымның көрсеткіші нашарлай түскендіктен уақытынан бұрын қызметінен босатылды.

2016 жылы Испания құрамасынан Висенте Дель Боске кеткеннен кейін орнына Лопетеги тағайындалды. Ол «қызыл фуриялармен» бірге әлем чемпионатының іріктеу кезеңін еш қиналмастан аяқтады. Испания бұл аралықта Италиямен ғана бір ойында тең ойнап, ұпай жоғалтты.

Испанияны кім жаттықтыруы мүмкін?

Өткен айда ғана Лопетеги ұлттық құрамамен келісімшарт мерзімін ұзартты. Осыған қарап-ақ Хуленнің екі апта бұрын «Реал» туралы мүлдем ойламағанын білуге болады. Енді Испанияның ақпарат құралдары оның ізбасары туралы болжам жасап жатыр.

Тізімде «Рома», «Сельта», «Барселона» клубтарының экс-жаттықтырушысы Луис Энрике бар. Бірақ «Барселонамен» үлкен жетістікке жеткен маман федерациядан аз жалақы талап етпесі белгілі. Одан кейінгі орында «Хетафе», «Севилья», «Олимпиакос», «Марсель» және «Малага» клубтарының бұрынғы жетекшісі Мичел тұр. Сондай-ақ Испанияның жастар құрамын жаттықтыратын Альберт Селадестің кандидатурасы да бар.

Лопетеги: Месси тарихтағы үздік ойыншы

Лопетеги келер маусымда «Реалда»... Ендң команданың бас жұлдызы Криштиану Роналдумен қаншалықты тіл табыса алатыны көпшілікті қызықтырып отыр?! Ол осыған дейінгі сұхбаттарында португалиялықтың басты бәсекелесі Лионель Мессиді ең үздік ойыншы санайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Мәселен 2016 жылдың қарашасында AS TV арнасына мынадай пікір білдірді: «Алтын доп» жүлдесі? Мен  Мессиді бірінші, Рамосты екінші, Роналдуды үшінші орынға қойдым. Осыған дейін Месси секілді тұрақты деңгейде ойнап келе жатқан ойыншыны көрген емеспін», деген.

Ал бірер апта бұрын 20 minutos басылымына берген сұхбатында аргентиналық шабуылшыны кезекті рет үздік ойыншы ретінде есептейтінін айтты.

«Лео Месси мен көрген ойыншылардың ішіндегі ең үздігі. Ол секілді футболшыны көруіміз екіталай. Ешбір ойыншы команданы Месси секілді тығырықтардан шығарған емес. Оның ойынын көріп отырып, рахаттанасың. Мен үшін ол футбол тарихындағы ең үздік ойыншы», деген еді Хуан Лопетеги.

Осындай пікірлерінен кейін көзқарасын өзгертер ме екен?! Алайда Криштиану Роналду Чемпиондар лигасының финалынан кейін осы жазда «Реалдан» кетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Бәлкім Лопетеги қазірден-ақ португалиялықтың Мадридтен кететінін білетін болар!  

Дайындаған

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»