Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты-сараптама саласының көшбасшысы

1175 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты – еліміздің егемен мемлекет ретіндегі ішкі және сыртқы саясатының стратегиялық бағытын болжап, талдап отыратын және саяси сараптама жасау мақсатында құрыл­ған Қазақстан Президенті жанын­дағы ғылыми-зерттеу, сараптамалық талдау мекемесі. Институт еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 1992 жылы Алматыда шаңырақ көтерген болатын.

 

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты-сараптама саласының  көшбасшысы

Бүгінде республикамызда беделді сараптамалық, ғылыми-зерттеу орталығына айналған мекеменің ширек ғасырлық тарихына аз-кем көз жүгіртсек, Орта­лықтың пайда болып, толық­қанды институт ретінде қалыптасуына оның алғашқы басшысы Өмірсерік Қасенов айтарлықтай үлес қос­ты. Институт құру қажеттілігіне Мемлекет басшысы түсіністікпен қарап қолдады. Институт еліміздің сыртқы және ішкі саясатының стратегиялық тұс­тарын болжамды-талдаушылық қамту мақсатын­да 1993 жылдың 16 маусымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ресми түрде құрылды.

Қазақстан Президенті мен оның Әкімшілігі жанындағы сарап­тамалық құрылым қызметін ат­қара отырып, ҚСЗИ осы жылдар ара­лығында Қазақстан дамуының стратегиялық мәселелеріне: оның сыртқы және ішкі саясаты, мемлекет қауіпсіздігінің шаралары, көрші және ұлы державалармен байланысы, аймақ пен әлемдегі экономикалық үрдістер, еліміздің экономикалық дамуына қатысты көптеген сараптамалық зерттеулерді дайындады. Олар­дың көбі мемле­кет­тік деңгейдегі стратегиялық мәселе­лерді шешуде негізге алынды. Бүгінде шаңырақ көтергеніне ширек ғасыр болған мерзімде ҚСЗИ еліміздің сая­си және экономикалық өмірінің ал­дыңғы шебінде қызмет ете отырып, Қазақстанның сыртқы және іш­кі саясатының қалыптасуы мен оның эконо­микалық қауіпсіз­ді­гін қам­та­ма­сыз етуге өз ықпалын тигізіп келеді.

Осы жылдар ішінде Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қызметінің басты назары мемле­кеттік қауіпсіздік мәселесіне арналды. Сон­дықтан да елімізге ұлттық қауіп­сіздік­тің қатерлерін танып білу мен оның алдын алу әдіс­терін қалыптас­тыруға айтар­лықтай үлес қосып отыр­ған беделді институт ретінде танылды. 

Әрине, тоқсаныншы жылдар­дың басындағы қиыншылықтар, білікті кадрлардың тапшылығы, қаржының аздығы, материалдық-техникалық базаның нашар болуы елде саяси сараптама жасап, талдаушылар мен халықаралық қатынастар саласы бойынша мамандар дайындау жағдайында қыруар жұмыс істегенін біле­міз. Көш жүре түзеледі демекші, алғашқы жыл­дары Алматыдағы Қазақ­тың мем­лекет­тік ұлттық уни­вер­ситеті мен жоғары оқу орындарынан, әлем тілдері универ­ситетінен шетел тілдерін меңгер­ген кадрлар мен білікті мамандар, шығыс­танушылар Қазақстан стратегия­лық зерттеулер институтына шақырылды.

Сол тұста өзім Мемлекет бас­шы­сы­ның көмекшісі қызметін атқар­ған жылдары, Қазақстан Прези­денті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі ретін­де, кейінірек республика Парламенті Сенатының депутаты болған кездерімде ҚСЗИ жұмысын жіті қадағалап, тікелей қолдау мен көмек көрсеткен жайымыз бар. Алғашқы кездегі директор Өмірсерік Қасенов инс­титуттың қыруар жұмысын қолға алып, беделін көтеру жолында көп іс тындырды. Сол ба­ғыт­ты одан әрі жалғастырып, ҚСЗИ-ді халықаралық деңгейге жеткізе білген кейінгі басшылар Алма Сұлтанғалиева, Лев Тараков, Мәулен Әшімбаев, Болат Сұлтанов, Ерлан Қарин, сынды білікті саясаткер ғалымдар зор қызмет атқарды. Ал қазіргі институт директоры, ғылым докторы Зарема Шаукенова. 

Институтта стратегиялық ба­ғыт­­тар назарға алынып, саяси сарап­тама, талдаулар қамтылып, осы сала өз деңгейінде дамығаны назарымыздан тыс қалмады. Өзінің атауы айтып тұрған­дай, сыртқы саясатта институт Қазақ­станның ұлттық мүдделері мәсе­лелері мен қауіпсіздік шараларын сараптап, Орталық Азия мен әлемдік геосаясаттағы орнын, көршілес елдер мен әлемдік дер­жавалардың стратегияларын зерттеумен айналысуға тиіс болды. Көп кешікпей, сырт­қы саяси мәселелермен қатар ішкі сая­си мәселелердің де маңызы арта бас­тағанын бағамдаймыз. Тоқ­саныншы жылдардың алғаш­қы жар­тысында саясаттағы, эконо­микадағы және қоғамдық қаты­настардағы қарқынды реформалар Қазақстанның әлеуметтік және сая­си өмірінде маңызды болды. Осы және басқа да мәселелердің тиімді шешімдерін табу стратегиялық зерттеулер институтының негізгі мін­деттерінің бірі еді.

Бірер жылдан соң институт геосаяси мәселелерді жедел меңгеріп, халықаралық қауіпсіз­дік саласындағы зерттеулердің қарқынын күшейтті. Сол уақыт­та институт қызметкерлерін осы саладағы батыстық талдаушылық құрылымдармен тікелей байланыс орната бастады. Инсти­тут басшы­лығы мен сала қызметкер­лерінің сіңірген еңбегі – олардың өз мүм­кіншіліктері мен ықпалының арқа­сында Қазақ­стан үшін ядролық мәселенің тиімді шешілуіне үлес қосуымен байланысты: 1994-1995 жылдары Қазақстан кеңес заманынан қалған ядролық қару-жарақ арсеналынан бас тартып, жетекші державалардан қауіпсіздік кепілдігін алды. 

Қазақстанның стратегия­лық зерт­теу­лер институты жинаған тә­жі­­ри­­бесі арқасында оның ішкі және халық­аралық беделі артты. Бұған мысал ретінде 1993 жылдың соңында институтқа танымал америкалық саясаткер және талдаушы Збигнев Бзежинскийдің келуі, үш жылдан кейін тағы бір белсенді америкалық саясаткер, АҚШ-тың бұрынғы мемле­кеттік хатшысы Джеймс Бейкер­дің келіп сөз сөйлеуін атап өтуге болады.

Бүгінде институтта өзінің үш тіл­дегі сайты жұмыс істейтінін көреміз. Бұл осы салаға қатысты қыз­мет­­кер­лердің зерттеулерін ғылыми ортаға таныту үшін аса қажет. Инс­ти­туттың өз жеке сайты болуы халық­аралық байланыс ор­нату­ға қолай­лы. Зерттеушілер мен ғалым­дар қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерін­де ұсы­нылған жеке сайтын ұдайы пай­­да­ланады. Мұндай сайттың болуы стра­тегиялық зерттеу­лер инс­титу­ты­ның халықаралық байланыстарын кеңейтуіне барынша жағдай жасап отырғанын көрсетсе керек.

Сайттан мемлекетіміздің не­гізгі деп табылатын маңызды құ­­жат­­тарын, Елбасының халыққа Жолдауларын, Қазақстан дамуы­ның 2030-2050 жыл­дарға арналған стратегиялық бағдар­ламаларын, сол мәселелерге ар­налған сараптама, талдауларын көреміз. 

Бүгінгі таңда стратегиялық зерттеулер институты «Қоғам және Дәуір» атты қазақ тіліндегі, «Казахстан-Спектр», «Analytic» атауымен орыс және ағылшын тілдерінде Central Asia’s Affairs журналдарын басып шығаруда. Оны біздер, яғни еліміз­дегі философия, саясаттану, дінтану инс­титуттары мен бірқатар ғылы­ми-зерт­теу мекемелері ұдайы назарда ұс­тап отырамыз. ҚСЗИ-дың мер­зім­дік басылымдары тек институт қыз­мет­керлерінің ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының саясаттану ғылымының өкілдері, Орта­лық Азия мемлекеттері мен басқа да шетелдік авторлардың өз ғылыми көзқарастарын ортаға салып, жария ететін мінбер мен алаң ретін­де танылып отырғанын байқауға болады.

Осы арада назар салып қарасақ, аталмыш стратегиялық зерттеулер инс­титуты тек еліміз ішінде ғана емес, жақын және алыс шетелдерде сұра­­ныс­­қа ие болып отырған кітаптар, брошю­ралар және түрлі құжаттар жинақ­т­арын жарыққа шығарып отыр. Инс­ти­туттың өзінің қалыптасуынан бер­гі жылдарда оқырмандар мен ға­лым­дарға барлығы 200-ден аса кітап­­тар ұсыныпты. Сондай-ақ инсти­тут мамандарының «Сыртқы саясат және қауіпсіздік» айдарымен жария­ланған өзекті мәселелерге орай жаса­ған сарап­тамаларын, шетелдік ғалым­дардың мақала­ларымен танысамыз.

Бағамдап отырсақ, Қазақтың стра­тегиялық зерттеулер институтында 2000 жылдардан жаңа кезең басталды. ҚСЗИ Қауіпсіздік кеңесімен және т.б. әлеуетті және талдаушылық мекемелермен ынтымақтастықты күшейте түсті. Бұл үдеріс халықаралық жағ­дайдың ушығуымен, Орталық Азия қауіпсіздігіне Ауғанстаннан төн­ген қауіп-қатерлердің өсуімен, 2001 жылдың елеулі оқиғаларымен, АҚШ-тың антитеррорлық операцияларымен және геосаяси жағдай­дың өзгеруімен тұспа-тұс келді. Осы­лардың барлығы институт қыз­метін­де көрініс тапты. Инс­титут дирек­торы Мәулен Әшiмбаев­тың тұсында сыртқы және iшкi қауiп­сiз­дiк, жаңа халықаралық жағдай­дағы Қазақстанның стратегиясы, эконо­миканың iлгерілемелi дамуы, Каспий аймағының мәселесі секілді барлық негiзгi бағыттарға өз жұмысының қарқынын күшейтті. Институт пен Президент Әкiмшiлiгi арасында тығыз байланыс орнатылды, ҚСЗИ-дың талдаушылық жұмыстарын тиiстi мекемелердің тұтынуын қам­та­масыз етті. Бұл кезде институт шы­ға­ратын баспа өнiмінің саны артып, журналдардың саны төртке жеткен. М.Әшiмбаев тұсында институттың күнделiктi жұмысына мемлекеттiк тiл енгiзіле бастады. Қазақ тіліндегі талдаушылық зерттеулер мен ғылыми мақалалар саны айтарлықтай өсті. Бұдан кейін де осы үрдіс заңды құбылысқа айналды. 

Ал 2005 жылы ҚСЗИ-дың директоры болған Болат Сұл­танов тұсында дипломатиялық тәжірибесі институттың еуропа­лық әріптестермен байланысты нығайтуда үлкен септігін тигізді. Осылардың қатарында, бірінші кезекте, Германия сыртқы саясат қоғамы, Ғылым және саясат қоры, Фридрих Эберт қоры, Дж. Маршалл орталығы сияқты германия­лық және ҚХР мен Үндістандағы (Шан­хай халықаралық қатынастар инс­титуты (ШХҚИ), Джавахарлал Неру атындағы университет), Ресейдегі Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты, Ресей дипломатиялық академия­сымен әріптестіктер нығая түсті. Монографиялық зерттеулер мен ұжымдық басылымдар тұрақты жа­рық көре бастады, институттың ака­де­мия­лық бағыты өсті, кадрлық құрамында білікті ғалымдар саны көбейді, оның өзіндік ғылыми мектебі қалыптасты. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2014 жылы 11 сәуірде Қазақстан стра­тегия­­лық зерттеулер институты Астана­ға ауыс­тырылғаны мәлім. Осы күні инс­­титут Елбасымыз Н.Назарбаев бел­гі­леген ағымдағы және перс­пек­тивалық мiн­дет­тердi не­гiзге ала отырып, өз қыз­метiн анық­­тайтын беделді мекемеге айналды. 

Қазіргі таңда ҚСЗИ еліміздегі ғылы­­ми және сараптамалық құры­лым­­­дар арасында айрықша орында тұр, өйткені ол – Қазақстан Прези­денті­нің қарауындағы институт. Бұл өз ке­зе­гінде тек құрмет қана емес, соны­­­мен бірге осы саланың бар­лық ғы­лыми қызметкерлеріне үлкен жауап­­­кер­­шілік жүктейді. Сондық­тан да стра­­­те­гиялық зерттеулер, сарап­тама, тал­дау ісіндегі негізгі талап­тар­­­дың бірі ретінде жоғары білік­тілік пен ғы­­лымға адалдықпен қатар қазақ­стан­­дық патриотизм де негізгі орынға қойылады. 

Қазақтың стратегиялық зерттеулер институты өзінің негізін қалап, шаңырақ көтергенінен бергі уақыттан бастап осы күнге дейінгі аралықта ғылыми жұмысқа белсенді араласып, шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен көптеген ғылыми конференциядар, дөңгелек үстел отырыстары, түрлі семинарлар өткізіп келеді.

2017 жылдың қорытынды­сы бойынша «Әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші аналитикалық орталықтар» (АҚШ аналитика­лық орталықтарын қоспағанда) жаһандық рейтингісінде ҚСЗИ 140-орынға ие болды. Институт жетекші рейтингке енген бірден-бір қазақстандық «ақыл-ой орта­лығы» ретінде өзінің ерекше мәртебесін тағы да растады. Яғни ҚСЗИ Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен бұл ном­инация бойынша енген жалғыз анали­тика­лық орталық болды. 

Ақан БИЖАНОВ, 

Білім және ғылым министрлігі Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор