– Бұл Кушка, бауырым, сені түнде әкелді. Масабаев деген жауынгер. Ауғанстаннан деді. Мазасын алмаңдар. Контузиясы ауыр... деген дәрігерлер, – деді балдаққа сүйеніп тұрған, қиық мұртты қараторы кавказ жігіті.
...Кешегі күн елесін Абзал есіне әзер түсірді. 1985 жыл 14 шілде. Рота командирі жауынгерлерін апыл-ғұпыл көтеріп Ескі Гератқа аттанған. Бұл жақты моджахедтердің Тұран Исмайыл деген қолбасшысы билеп тұрған. Қаншама бейбіт адамдарды, сондай-ақ біздің әскерлерге де талай шабуыл жасаған нағыз қанды қол қарақшының өзі еді. Міне, осы жолғы жорықтың мақсаты – сол әйгілі Тұранның көзін жою болатын. Бір мезетте атыс басталды... Жан-жақтан атылған оқтың ысқырығы құлақты жарады. Енді бір байқаса гранатомет снарядтары гүрс-гүрс жарылып жатыр. Пулеметінен үздіксіз оқ жаудырып жатқан Абзалдың құлағы шуылдап барады. «Сержант Масабаев сол жаққа бұрыл, ол жақта атыс күшейіп барады... Басыңа неге каска кимегенсің? Атысты тоқтатпа, көрсет мерген екеніңді...» деген капитан сөзін Абзал еміс-еміс естіді... Бұрыла сап пулеметін безілдетіп қоя берді... Таудан түсіп бұларға қарай беттеп келе жатқан бес-алты дұшман опыр-топыр құлады. Сеспей қатса керек, қайта көтерілгені көрінген жоқ. Содан кейін не болды?!.
Содан кейін болғаны – Кушкадағы госпиталь. Кезекті бір гранатомет минасы Абзал жатқан бекініс түбінде жарылып, дүмпу әсерінен Абзал есінен танып құлайды... Содан маңайдағы Тахтабазар шекара бекетіне жеткізіліп, мұндағы басшылар жауынгердің жанын сақтап қаламыз десек алыстағы Кабулға емес, тезірек жетуге болатын Кушкаға жіберуге шешім қабылдайды.
...Ескі Гераттағы сол қиян-кескі айқас Абзалдың есінен әлі күнге дейін шығар емес. Мерт болған, жараланған достарының бейнесі көз алына келеді де тұрады. Рота командирінің «Операция кезінде мергендігімен көптеген дұшмандарды жер жастандырған ерлігі үшін» деген негіздемесімен полк басшылығы қазақ сержантын «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады. Алайда неге екені белгісіз Абзал Масабаевтың ерлігі «Ерлігі үшін» медалімен бағаланды.
1984 жылы Ақмола облысының Баршын ауылында орта мектепті бітірген Абзал қалаға баруға, оқуға түсуге асықпады. Бұл кезде Қорғалжыннан бөлініп, жаңадан құрылған Баршын ауданында, әсіресе жастар үшін жақсы жағдай жасалып жатқан. Комсомолдар арасынан шопандар, құрылысшылар бригадасы ұйымдастырылған. Абзал да көп ойланбай ПМК кәсіпорнына құрылысшы болып еңбек жолын бастады.
1984 жылы қатарынан қалмай әскерге аттанды. Ашхабад іргесіндегі Кищинский полкына түсті. Мұнда жаяу әскер мен барлаушылар қызметіне сержанттар дайындайтын ротаға қабылданды. Целиноград қаласынан бірге шыққан жігіттермен бірге өткізген алты ай зымырап өте шықты. Сержант атағын алған жас сарбаздар бір сәтте Ауғанстанның жан-жағына тарап кетті. Бір тілім қара нанды бөліп жеген, қиындық туындағанда бір-біріне қолдау берген достары Болат Еркебұланов Кабул жанындағы бір операция кезінде мойнынан жараланып, ажал аузынан әзер аман қалды. Қаладан қосылған жігіттердің арасынан Қазбек Абдрахманов барлаушы ретінде жақсы қырынан көрінді. Ол Газни қаласында қызмет атқарып, ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен марапатталған. Серік Шуйкин де Ауғанстан соғысында дұшмандар тұтқынына түсіп қала жаздайды.
– Майдандас достарымның бәрі мен үшін батырлар. Өйткені олар жастайынан соғысты бастан кешіп, оқ пен отқа шарпылып үлгерді. Айта берсем, майдандас достарым көп. Бірақ солардың қатарынан Еркімбек Есеналин деген досымды ерекше көремін. Оның өкшесі жоқ. Ауғанстандағы бір айқаста гранатомет оғынан жараланған. Дәрігерлік комиссия оны әскерден босату жөнінде ұйғарым жасайды. Сонда Еркімбек командиріне «Шамалы уақыт қалды ғой, достарыммен бірге кетейінші, жолдас командир, мені жібермей-ақ қойыңызшы...» деп өтініш білдіреді. Батыр жігіттің бұл әрекетіне риза болған рота командирі келісімін беріпті. Сөйтіп менің бұл досым тағы алты айдай Ауғанстанда қызметін жалғастырып барып, қайтады. Шынымен де батыр емес пе – дейді достықтың қадірін тереңінен түсінетін Абзал Масабаев.
Ауғанстан алапатынан аман-есен оралған жауынгер-интернационалист Абзал Масабаев 1987 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсті. Әкесі Қазыбектің «Балам, шүкір, соғыстан бас-аяғың аман келдің ғой, енді оқығаның дұрыс болады. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген, бүгінгі заманда білімсіз қиын, қалаға барып оқуды ойла» деген ақылын мақсатқа айналдырды.
Бес жыл оқып, қолына дипломын алған жас маман алдымен үйленуді ойлады. Көңілі құлаған, жүрегі қалаған Ләззат есімді аржарқын қызды өмірлік жары етіп алды. Көп ұзамай жас шаңырақта алтын асықтай ұл мен күміс қасықтай қыз жүгіріп жүрді. Бүгінде Диана өз қиясына қонып, жауынгер әкесіне жиен немересін сүйдіріп отыр. Ал Диас болса «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алды. Оқып жүріп дзюдо күресінен Техас штатының екі дүркін чемпионы атанды. Бүгінде Астанада қызмет атқарады.
Жауынгер-интернационалист Абзал Масабаев бүгінде жеке кәсіпкер. Кезінде Қорғалжын өңірінің қадірменді қариясы болған үлкен атасының құрметіне аталған «Нұр» шаруа қожалығын басқарады. Осындай Астана төрінде тұрып, сайын далада жылқы өсіріп жүрген майдандас досымның болғанын мен де мақтан тұтамын.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,