19 Ақпан, 2010

БАР ҮМІТ – БИАТЛОНШЫЛАР БӘСЕКЕСІНДЕ

1124 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше Ванкуверде қар жауып, қатты жабығып жүрген жарыс қожайындарының көңіл-күйі бір көтеріліп қалды. Расында да қысқы Олимпия ойындарын қалың қар мен қақаған аязсыз көзге елестету қиын екен. Бізді қойшы, бәрінен де жарысты ұйымдастырушылар мен спортшы­ларға ауыр. Алғашқылары Канаданың басқа аумағынан қар тасып әлектенсе, соңғылары өздерінің шынайы шебер­ліктерін паш ете алмай діңкелеуде. Ал кеше аспаннан ақ ұлпа түсіп, көпшілік кәдімгідей серпіліп қалды. Соңғы екі күннің ішінде 12 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Бұл ретте барлық спорт түрлері бойынша бәсекелестік белең алып, Ванкувер кешен­дерінде “нағыз жан алысып, жан беріскен” айқастар өтті. Бұған дейін әліптің артын бағып келген Германия құрамасының соңғы тәуліктердегі қарқыны күшті болды. Кеше немістер биатлон мен шана спорты бойынша бас жүлде олжалады. Бұл сайыстарда Маг­далена Нойнер мен Татьяна Хюф­нер топ жарды. Міне, осын­дай табандылық пен жанкеш­тіліктің арқасында Германия командалық есепте екінші орынға шықты. Олардың еншісінде 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль. Оңтүстік Корея және Швей­цария көш басын­дағы коман­далармен иық тіресуде. Ванкуверде аталмыш мемлекет­тердің әнұрандары үш реттен шыр­қалды. Алайда басты қар­сыластарынан олар күміс пен қола медальді әлдеқайда кем жиды. Канада, Франция және Швеция спортшылары екі мәрте жеңіс тұғы­рының ең биік сатысына кө­теріл­ді. Сондай-ақ, Норвегия, Қы­тай, Ресей, Словакия, Чехия және Голландия командаларының қор­жы­нында бір алтыннан бар. Австрия, Польша, Италия, Жапо­ния, Австралия, Жапония, Эсто­ния, Словения және Хорватия құра­малары да жүлделі орындарды иеленді. Олимпия ойындарында ме­даль­ға қол жеткізу зор нәтиже екені еш дау туғызбайды. Алайда бүкіл әлем жұртшылығы мықты­лығын түбегейлі мойындаған кейбір мемлекеттердің қарқыны тым баяу екенін айтпай кетуге болмайды. Мәселен, қоржынында конькиші Иван Скоборев жеңіп алған жалғыз қоласы бар Ресей бес күн бойы 19-орынды қанағат тұтып келді. Ал кеше шаңғыдан жеке спринт бәсекесінде Никита Крюков пен Александр Панжин­ский көмбеге бірдей жетті. Біріне – алтын, екіншісіне – күміс медаль бұйырды. Соның арқа­сында орыстардың еңсесі көтері­ліп, бүгіндері алғашқы ондыққа енді. Сондай-ақ, тамаша жеңісті дәстүрі бар Норвегия құрамасы­ның көрсеткіші көңіл көншітерлік емес. Олар 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдені иеленіп, жалпы есепте сегізінші орында тұр. Ал Скандинавия түбегінің тарлан­боздары кей Олимпиадаларда дара шықса, кейбірінде үздіктер қа­тары­­на еркін қосылып жүргенін естен шығармаған жөн. Сол себеп­ті Ресей мен Норвегияның бүгінгі мүшкіл жағдайы көпшіліктің таңданысын тудыруда. Бірақ алдын ала тон пішпей-ақ қояйық. Өйткені, жарыстың қызығы мен шыжығы әлі алда. Олимпиаданың алауы тек 28 ақпанда сөнеді. Оған дейін жарыс кестесінде көптеген өзгерістердің болатыны сөзсіз. Бәлкім, әліптің артын баққан мемлекеттердің өрендері алдағы күн­дері суырылып шығып, шебер­ліктің шынайы үлгісін көрсетер. Қазақстан құрамасы мүшелері арасынан кеше Алексей Пол­­­­торанин өзін жақсы қырынан көрсете білді. Қысқа қашықтыққа жарысқан шаңғышылар бәсе­кесінде Шығыс Қазақстан облы­сының өкілі жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орын алды. Дегенмен де жерлесіміздің өнері майталман мамандар мен білікті бапкерлер тарапынан жоғары бағаға ие болды. Дәл сол сайыста Николай Чебатько 13- орынды иеленді. Биатлоннан ілесіп жарысуда Елена Хрусталеваның да жүлделі орын үшін таласуға мүмкіндігі болды. 13 ақпанда өткен спринт­тегі нәтижелер есепке алынып, ол Олимпиада чемпионы слова­киялық Анастасия Кузьминадан 25 секөндттен кейін бесінші болып жарыс жолына шықты. Алайда нысананы көздеу барысында мүлт кеткен ол жағдайын күрт нашар­латып алды. Нәтижесінде 11-орынды қанағат тұтты. Конькишілердің 500 метрлік сайысында ел намысын Марина Айтова қорғады. Өз құрбылары арасында дара талантымен оқшауланып жүрген 18 жасар ару әйгілі қарсыластарымен терезесі тең өнер көрсете алмады. Бұл жарысты ол 18-орынмен қоры­тын­дыланды. Жарыстың бесінші және алтыншы күндері бақ сынаған шаңғышылар – Сергей Чере­панов, Евгений Кощевой , Оксана Яцкая, Елена Коломина, Елена Антонова, Марина Матросова, биатлоншылар – Анна Лебедева, Ян Савицкий, Александр Червя­ков сынды отандастарымыз қалың топтың арасында қалып қойды. Мәнерлеп сырғанаудан іріктеу бәсекелері өтіп, дүйім жұрт Денис Теннің шеберлігіне құлшына қол соқты. 17 жасар өреніміз мүйіздері қарағайдай қарсыластарымен тең дәрежеде айқасып, ақтық сынға жолдама алды. Бүгін ол финалда өнер көрсетеді. Өкінішке орай, тағы бір сырғанаушымыз Абзал Рақымғалиевтің Ванкувер мұз айдынында жолы болмады. Бүгін биатлоннан ерлер 15 шақырымдық, әйелдер 10 шақы­рым­дық жекелеген сайыста күш сынасады. Бұл ретте Қазақ­станның намысын Александр Червяков, Диас Кенешев, Алек­сандр Три­фонов, Николай Брай­ченко, Елена Хрусталева, Любовь Филимонова және Анна мен Марина Лебедева қорғайды. Конькиші Екатерина Аидова 1000 метрге жүгіреді. Ертең жерлес­теріміз тұғырдан секіру, тау шаңғысы және шаңғы (пурсит) спорты бойынша шеберлік байқасады. Кеше 1000 метрге жүгірген конькишілер жарысы өз мәресіне жетті. Бұл ретте Шани Дэвис шашасына шаң жұқтырмады. АҚШ спортшысының көрсеткіші – 1.08,92. Одан сәл ғана қалып қойған кореялық Мо Тае Бум мен америкалық Чад Хедрик жүлдегер атанды. Қазақстандық Роман Креч 28-орында. Осы жеңістен кейін АҚШ құрамасы командалық есепте көш бастады. Олардың еншісінде 5 алтын, 3 күміс және 4 қола бар. Ғалым СҮЛЕЙМЕН, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Ванкуверден. СПОРТШЫЛАРҒА ДЕГЕН ҮЛКЕН ҮМІТ Жер жәннаты Жетісу жеріндегі қол жеткен табыстар қатарында өткен жылы Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатында еліміздің абыройын асқақтатқан зілтеміршілер Владимир Седов, Светлана Подобедова, Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанло тәрізді спортшылардың еңбектері де бар. Әрине, ол үлкен құрметке лайық. Бұл бір жағынан олардың ерен еңбегі мен бабына байланысты десек, екінші жағынан көрсетілген жан-жақты қамқорлықтың нәтижесі екені даусыз. Облыс әкімі Серік Үмбетов өңірдегі дене шы­нықтыру мен туризм басқармасының басшыла­рын, жетісулық спортшыларды және саланы насихаттап, қалың бұқараға жарыса жазып жеткізген бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерін де бірге қабылдады. Басшы өткен жылғы жетістіктерге жұртшылық назарын ау­да­рып, алдағы міндеттерді де елеп-екшеді. Саланы дамытудың, кәсіби спортшыларды жаттық­ты­рудың жауапкершілігі жайлы да әңгіме қозғады. Жалпы, Мемлекет басшысының саламатты өмір салтын ұстануы, спорттың түр-түрімен ай­на­лысуы бүгінде жас ұрпақтың жадында жат­талуы және осы үрдісті жалғастыруы қажеттігіне де екпін берді. Өңірдегі намысты қолдан бермей жүрген саңлақтардың есімін ерекше атап, әр кезде де егемен еліміздің мәртебесін асқақтату жолындағы еңбектерін еселеу қажеттігін сөз етті. Қол жеткен жетістікті одан әрі жалғастыру бағытында облыстық дене шынықтыру және туризм басқармасына жауапкершілік жүктеп, жаттықтырушылардың міндеттерін де баса айтты. Осылайша салтанатты жағдайда облыс әкімінің арнайы дипломымен 100-150 мың көлеміндегі ақшалай сыйлығын тапсырды. Мұндай құрметті жаттықтырушылар, үздік спортшылар иеленді. Гір тасын көтеруден әлем мен Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, 73 жастағы Әмірбай Рысқұлов облыс әкімінің спортшыларға деген қамқорлығын әрдайым сезініп жүргендігін, әлі де бәсекеде бақ сынайтынын айтты. Мұндай марапаттан аталған саланы үзбей насихаттаған қаламгерлер де қалыс қалмады. Күмісжан БАЙЖАН,Алматы облысы.