Тәуелсіздікке қол жеткен тұста Сарыарқаның төсіндегі Целиноградтың бейнесі де атына сай болатын. Тың және тыңайған жерлерді игереміз деп жан-жақтан ағылып келіп, одан қалып қойып қоныстанып, бара-бара қала ішінде қазақ үні көшеде көмескіленіп, ал көп ішінен бірді-екілі шыққан аз дауыс құмығып, бастырықта қалатындай күй кешкен. Бірақ елдік мұрат сынға түскенде тайталастан тайынбайтындықтарын да танытып, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың құтты мекені – Ерейментауда орталығы болады деген неміс автономиясын құруға қарсылық танытқан рухы бар қаланың тәуелсіздік берген жаңа тынысы 1998 жылы кеңіп сала берді.
Өзге емес, өз ұл-қыздары келіп, Сарыарқаның салқын самалына жүздерін тосып, еркелей аққан Есілдің сылдырына құлақ түре, елорданың тұсаукесер тойына қайткенде де үлгеруге тиіспіз деп таң шапағымен таласа тұрып, дайындықты торғынды кештерде де тынбастан жалғастыра беретін. Сол кездегі Ақмола көшелері қайнаған құрылыс алаңы еді. Тас төсеп жатқан құрылысшының жанынан секіріп өтіп, салынып жатқан, жөндеу жүргізіліп ғимараттың арасынан сыналап өту үйреншікті жайға айналған. Қазіргідей жөндеу жүретін көшені жауып қою деген де болмайтын. Өйткені жағалай құрылыс. Бәрінің ойы межелі күні жұмыстарын бітіріп, Астана күніндегі қуанышқа сақадай сай тұру. Уақытпен санаспай, ұйқы-күлкі көрмей, тынбастан қаншама жұмыс атқарылды десеңізші?!
Көптен күткен күн де келіп жетті. Астананың тұсаукесері болатын күні қала бой түзеген жас арудай таранып, сыланып, сұлуланып тұрған еді. Содан бері де 20 жыл өтіп кетіпті. Осы жылдар елордамыздың сыртқы бейнесін де, ішкі мазмұнын да толықтай өзгертті. Қаланың байырғы көшелерінде терезелері топыраққа белден еніп, жапырайып тұрған үйлер бұзылып, қаншама еңселі көшелер бой көтерді. «Сакко Ванцетти», «Карл Маркс», «Делегатский», «Октябрьский» және басқа да толып жатқан көшелер құлаққа жағымды, жанға жылы тиер, халқымыздың аяулы ұл-қыздарының есімдерін, ұлттық мүддеге сай атауларды алды.
20 жыл бұрын 37 мектептің біреуі ғана қазақша болса, қазір мектеп саны ұлдар мен қыздарға бөлек ашылған екі қазақ-түрік лицейін қоспағанда – 84, ал олардың дені қазақ мектептері екен. Ол кезде Астанада мешіт те мектеп тәрізді жалғыз еді. Орталық базар жанындағы мешітке (Ол кезде Садуақас Ғылмани есімін иеленбеген) айт күні Елбасы келіп, барша жамағаттың қуанғаны да есте. Сол уақытта қалада жаңадан салынған әр ғимараттың ашылуы үлкен мереке болатын. Алғаш түрік бауырлар «Интерконтиненталь» қонақүйін ашқанда сол күні қатыса алмаған қала тұрғындарының кейін арнайы барып көрген сәттері де жадымызда. «Алатау», «Қазақстан» спорт кешендерінің пайдалануға берілгені, Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының, «Синема сити» кинотеатрының ашылуы мәдени, рухани, спортсүйер қауым үшін қандай тамаша жаңалықтар болып еді.
Астанада бүгінгідей сауда және ойын-сауық орталықтары да жоқ-тұғын. Ең алғаш «Еуразия» сауда орталығы ашылғанда жұртшылық ішінде көрме аралап жүргендей сезінетін. Ауылдан келген туыстар вокзалда, сауда үйлеріндегі эскалаторларға таңданып, «Бәйтерек» кешеніне шығып, Елбасы алақанының таңбасына қолын қойып ырымдағанына талай рет куә болдық.
Астана армандар жүзеге асатын қалаға айналды. Жастар үшін қаншама іргелі жоғары оқу орындары ашылды. Әу баста олардың көшін Еуразия ұлттық университеті бастаса, бүгінде Назарбаев Университетіне ұласқан білім ордалары 20 жыл ішінде қаншама жасты түлетіп, қияларға қанат қақтырды.
Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық кешені, «Әзірет Сұлтан» мешіті және қаланың өзге де көрікті жерлері, әлемге әйгілі сәулетшілер қолтаңбалары, еңсесі биік «Ақорда» резиденциясы, Министрліктер үйі және басқа да толып жатқан кеңселер, тұрғын үйлер, қонақүйлер мен мейрамханалар, қаланың жасыл белдеуі, шаһар ішіндегі сансыз саябақтар сүйікті Астананың көркіне көрік, ажарына ажар, сымбатына сымбат қосып тұр. Қараған сайын көзің де, көңілің де сүйінеді.
Өткенде көне Мысырға саяхаттап келіп, ұшақтан түскен астаналық турист «Түу, біздің Астанамызға жетер қала жоқ екен. Каир көшелерінің ластығы сұмдық. Көнеден жеткен пирамида ғимаратының сырты ысталғаны сондай, бастапқыда қандай түс болғаны белгісіз. Көшесінде аузы-мұрныңды басып әзер дем аласыз, аяғыңыздың асты қоқыс. Жарқыраған Астанама жетер шаһар жоқ» дейді.
Жарқырай түс! Арайланып, абаттана түс, менің арайлы Астанам!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»