Қазақстан • 21 Маусым, 2018

«Voice of Astana» І халықаралық фести­валі аяқталды

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордамыздың 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астанадағы «Сарыарқа» вело­трегінде тұңғыш рет «Voice of Astana» І халықаралық фести­валі өтті. 

«Voice of Astana» І халықаралық фести­валі аяқталды

Эстрада әншілері арасында ұйымдас­тырылған өнер байқауының әлемнің түкпір-түкпірін қамты­ған географиялық ауқымының кеңдігімен қатар, фестиваль бағдар­ламасының қазақтың біртуар дарыны, әнші Батырхан Шүке­новті еске алуға бағытталуы көпшілік қауымның көңілін ерекше серпілтті.

– Бүгінде Астана – бейбітшілік пен толеранттылықтың символы. Осынау 20 жылдың ішінде елордамыз өнердің сан түрін бір арнада тоғыстырған еуразиялық кеңістіктегі аса ірі мәдени орта­лыққа айналып үлгерді. Бас шаһар төрінде тұңғыш рет өтіп жатқан «Voice of Astana» І ха­лықаралық фестивалінің көркем­дік һәм мазмұндық деңгейі соның айғағы. Бұл фестиваль арқылы жақын және алыс шет елдердің үздік орындаушылары мен мәдениет қайраткерлері ара­сындағы шығармашылық ынты­мақтастықтың жаңа формаларын дамыту қажет», – деп атап көрсетті А.Мұхамедиұлы.

2018 жылдың 25 мамырына дейін жалғасқан іріктеу кезеңінде «Voice of Astana» байқауына 20-дан астам шет елден 18 бен 35 жас аралығындағы барлығы 600-ге жуық әнші мен түрлі музыкалық топтан құралған үміткерлердің өтінімі қабылданды. Олардың ішінде отандық қатысушылардан бөлек, Ресей, Әзербайжан, Гру­зия, Ұлыбритания, Италия, Бол­га­рия, Эстония, Қырғызстан, Қы­тай, Үндістан, Түркия, Та­тар­стан, Израиль, Армения, Өзбекстан елдерінің талантты өнерпаздары бар. Бұл жөнінде аталған байқаудың қазылар ал­қасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі музы­кант Байғали Серкебаев: «Музыкамен өмір сүретін дарынды жастармен әрдайым қуана танысамын. Әрі жаңа есімдерді үнемі бақылап жүремін. «Жұл­дыздар фабрикасында» біз Jigits тобын жинадық. Осы жо­лы да көптеген жаңа есімдер туатын­дығына сенімдімін» – деп бай­қау болашағының жарқын әрі ғұмырлы болатынына зор сенім білдірді.

Байғали Ермекұлының ай­туынша, «Voice of Astana» бай­қауы­­ның биылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылатыны көп­­те­ген талантты жас орындау­шы­лардың жұлдызының жанып, өнер әле­міне батыл қадам басуына үл­кен мүмкіндік сыйлайды. Он­дай мысалдар әлемдік музыка тәжі­рибесінде аз емес. Мәсе­лен, тарихы 1951 жылдан бас­тау алатын «Сан-Ремо» италия әндерінің фестивалі, сол секілді 1956 жылдан бері үздіксіз ұйым­­дастырылып келе жатқан «Евровидение» мен 2002 жылдан бері ТМД аумағына аса танымал өнер додасы – «Новая волна» ән байқаулары музыка маманының жоғарыда келтірген пікірін толықтай қуаттайды.

«Voice of Astana» байқауы­ның жартылай финалында қатысушылар осы шараға арнайы жазылған еліміздің бас қаласы – Астана туралы авторлық ән­дерді шырқаса, ақтық додада өз репертуарындағы үздік туын­дыларды көпшілік қауым мен музыка мамандарының талқысына ұсынды. Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Байғали Серкебаев, Ресей Феде­рациясының еңбек сіңірген әртісі Валерий Меладзе, 31 ар­наның бас директоры Бағдат Қожах­метов, халықаралық «Евро­видение» және балалар «Евро­­видение» байқаулары бас­қар­масының мүшесі Никола Ка­лигиоре және Discover Silk Road Star-дың бас директоры бастаған өнер майталмандары қа­зылық еткен байқауда вока­листерге орындау шеберлігі мен әртістік өнер, сахналық тар­­­тымдылық һәм залды игеру та­лаптары тұрғысынан баға бе­рілді.

Байқау қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шеші­мімен ІІІ орын мен байқау лауреа­ты атағы әзербайжандық өнерпаз Ильхам Назаровқа табыс етілді. ІІ орынды қытайлық Лин Бао мен Украинадан келген қатысушы Татьяна Доканина теңдей бөліссе, І орын мен байқау лауреаты атағы Goldstone (Ұлыбритания) мен Бердібек Құлғараевтың (Қазақстан) қанжығасына байланды. Ал фестивальдің басты жүлдесі – Гран-при мен «Астана дауысы» құрметті атағы және қомақты қаржылай сыйлыққа Грузиядан келген талантты өнер­паз Авитандил Абесламидзе лайық деп танылды.

Сондай-ақ «Voice of Astana» І халықаралық фестивалінің аясында Валерий Меладзе, Лео­нид Агутин, Владимир Прес­няков, Алексей Чумаков, Юлиан­на Караулова, Элина Чага, «A-Studio» тобы, Роза Рым­­баева, Карина Абдуллина, Мей­рамбек Бесбаев, Жұбаныш Жексенұлы, Ділназ Ахмадиева, JCS тобы, Айқын Төлепберген, Динара Сұлтан, Әли Оқапов, The Jigits, ағайынды Жүгінісовтер, Vox Acapella тобы бастаған қазақстандық және ресейлік белгілі эстрада әншілерінің қатысуымен өткен Батырхан Шүкеновті еске арналған кон­церт пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Байғали Сер­кебаевтың шығармашылық кеші де өнер думанының көрігін қыздырып, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл сыйлады.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше