Медицина • 22 Маусым, 2018

Робот техникасы қазақстандық кәсібилер мектебі қалыптасуда

1721 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жол­дау­­ында адами капиталды қалыптастыру үшін білім бе­ру ісін­де қазақстандық озық жүйені құруды жеделдету қажет­ті­­гін тап­сырғаны мәлім. Бұл аяда елімізде робот техни­касы бой­ынша балалардың біліктілігі мен дағдыларын қалып­тас­ты­ру­дың маңызы зор. Өйткені Халықаралық робот техникасы фе­­дерациясының мәліметінше, бүгінде әлемде 1,1 млн робот қыз­мет көрсетуде.

Робот техникасы қазақстандық кәсібилер мектебі қалыптасуда

Автокөлік өнеркәсібі жұ­мы­сының 80 пайызы ма­ши­на­ның көмегі­мен атқа­ры­ла­ды. Давостағы дүние­­жү­зілік эко­номикалық форум­ның негізін қалаушы әрі президенті Клаус Шваб «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты еңбегінде ро­бот техникасының көптеген са­­лаға – өндірістен ауыл ша­руа­­­шылығына, жеке саудадан қызмет көрсетуге дейін ық­­­пал ететінін жазған болатын. Сондықтан отандық ро­бот техникасын дамытуға арнал­ған кез келген жобаның ке­ле­шегі бар. Себебі жаңа тех­но­ло­­­гияның қарқынды енгізілуі ең­­бек нарығының болмысын ай­­тар­лықтай өзгертті. 

Астана қаласындағы ха­лық­­­ара­лық мектепте World Robot Olympiad атауымен өткен ұлт­­тық біріншілік қатысу­шы­ларының жобаларына назар аударған жан жақын келешек­тегі жаңа цифрлы кезеңнің қазақ­стандық кәсіби мамандарын көрген­дей әсерде қалады. Еліміздің әр түкпірінен келген 250-ден астам оқу­шының Lego, Arduino uno, WeDo конструк­тор­лары арқылы жасаған робот жобаларының әлеуметтік, эко­номикалық, экологиялық жә­не бас­қа да салаларды қам­тыған та­қырыптары сан алуандығымен әрі өзектілігімен ерекшеленеді.

Айталық, Семей қаласын­да­ғы физика-математика ба­ғы­тын­дағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің 11-сынып оқу­шылары Назым Жазыл­бе­кова мен Айғаным Сағи­дол­лина тағам өнеркәсібін дамыту саяса­тын іске асыру мақсатында ғи­­мараттардың сыртқы қабыр­ға­сын тиімді пайдалануды робот тех­никасының көмегімен жүзеге асыруды көздейді. «Қазіргі таң­да гендік модификацияға ұшы­­ра­­­­ған өнім көлемі артуда. Сон­дай-ақ ірі қалалардың экологиясы бұзылды. Бұл орайда ғимараттардың қолда­ныс­сыз тұр­ған сыртқы қабатын өсім­­дік өсіретін орын ретінде тиімді қолдануға болады. 
Яғни қабырғаға текшеленген ұя­шықтар орнатып, оның ішіне гүл өсіретін қыш құмыраны қою арқы­лы оған жеміс-жидек егеміз. Арнайы робот рельстермен жүру ар­қылы әр ұяшыққа барып, жеміс-жи­декті қарауға, күтуге және жинауға мүмкіндік бар», дейді Назым Жазыл­бекова. Оқушылардың зерт­теуінше, егер ұяшықта құлпынай өсі­р­се, бұл өсімдік күніне 12 сағат жарық пен аптасына 2 рет 15-20 литр суды қажет етеді. Есептеулер арқылы 9 қабатты үйдегі 14400 құлпынай түбі күніне 1 кило көмірқышқыл газын жұтатыны анықталды. Осы арқылы қаланың экологиясы жақсарады. Сондай-ақ одан 5 күнде орта есеппен 2,5 млн теңге пайда табуға болады. Аталған жоба таза өнім алуға, сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамытуға көмектеседі. Жұмыстың 90 пайызын робот орындайтындықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы міндеттерін орындауға да септеседі. 

Ал Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Сай­лаубек Нұрғиса Arduino uno қон­дыр­ғысы, ультра дыбысты датчик пен жарық диодтары арқылы жолда жү­­рудің интеллектуалды жүйесін жасап шығарды. Бұл жоба көше қиылысындағы жол қозғалысын реттеуге арналған. Мәселен, көлік алыс­та келе жатқанда көк, жақындаған сәтте жасыл түс жанса, кейін сары және қызыл түс жанады. Бұл жолды қиып өтетін көліктерге тоқтау белгісін береді. Бұдан бөлек аталған қондырғы дыбыс жиілігін арттыру арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға көлік келе жатқанын білдіреді. Осы жобаны бірге жасаған 8-сынып оқушысы Дәулетхан Асанов еліміздегі жол апатының алдын алуды көздегендерін, мысалы, 2017 жылы Қазақстанда 2086 адам жол апатынан қайтыс болып, 30 мыңнан астам адам түрлі дәрежеде жарақат алғанын, жол-көлік апаттарының алдын алу үшін аталған «ақылды құрылғыны» ойлап тапқандарын айтады. Сондай-ақ бұл жедел жәрдем мен өрт сөндіруші көліктердің кептелекте тұрып қал­мауын да көздейді.

Сол сияқты тараздық оқушылар Дінмұхамед Мұхамеджанов пен Әлихан Қалмаханбет су қоймасындағы су деңгейін автоматты түрде реттеу жобасын алғаш рет таныстырып отыр. Бұл дамбының жарылу қаупінің алдын алады, жауын-шашын мөлшерінен болатын су деңгейінің көтерілуін қадағалайды, ең бастысы халықтың зардап шекпеуі үшін артық суды жедел ағызып отырады.

Ал астаналық жас робототехниктер Әлішер Өткелбаев пен Қазы­бек Тоқтаров шаһарда ақылды сая­бақтар құру туралы жоба жасаған екен. Онда ауаның ылғалдылығын сақтайтын ақылды субұрқақтар, күн мен желден қуат алу арқылы тыны­ғушылардың құрылғыларын қуатқа толтырып беретін ақылды орындықтар, өздігінен ымырт үйіріле жанатын, таң шапағымен өшетін көше шамдары, қоқысты жинап, өңдеуге жіберетін жолдар және смарт киіз үйлер орналастырылған. 

Атыраудан келген оқушылар Мақсат Қобдабаев пен Марлен Сәке­нов болса, қуаңшылық жайлаған өңірлерде судың жетіспеушілігі жағдайында өсімдік өсіруге мүмкіндік беретін робот-ферма құрастырып шығарған. Мәселен, робот-фермада жылына 7 рет, 1 шаршы метріне 70 килоға дейін өнім беретін саңырау­құлақты өсіру өте тиімді, дейді аты­рау­лық оқушылар. 

Бұл жарысқа 7-8 жастағы бүлдір­шіндер де қатысты. Павлодар қала­сындағы №25 орта мектептің 1-сыныбын үздік тәмамдаған Зарина Тұрғанбекова, Қонақбай Асаин, Ал­дияр Айтекеновтерді еліміздегі ең жас инженер-робототехниктер деуге болады.

Жалпы Назарбаев зияткерлік мектептері World robot olympiad ха­­лық­­аралық жарысының Қазақ­стан­дағы ресми үйлестірушісі және тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын робот техникасынан өңірлік, республикалық іріктеу кезеңдерінің ұйымдастырушысы. Осы арқылы зияткерлік мектептер Қазақстанның робот техникасы бойынша ұлттық құрамасын қалыптастырды. Бұл құрама мүшелері 2014 жылы Ре­сейдің Сочи қаласында, 2016 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында, 2017 жылы Коста-Риканың Сан-Хосе қаласында өткен әлемдік жарыстарда алдыңғы орындардан көрінді. Мәселен, талдықорғандық оқушылар Талғат Бек пен Анатолий Алексеев әзірлеген «Жер айналасындағы орбитада ғарыштық қалдықтарды жоюға арналған станса» атты жоба «Open» санатындағы «Creativity Award» аталымын жеңіп алды. Авторлардың ойынша, роботтандырылған спутник орбитаға ракета тасығыштың көмегімен жеткізіледі. Робот датчик­тің көмегімен ғарыштағы қалдықты анықтап, оны қуып жетеді және арнайы құрылғының көмегімен қалдықтарды ұстап алады. Содан кейін робот баяулайды, маневрлық қозғалтқышты пайдалану арқылы күнге қарай бағытты айқындайды. Жарық датчигінің көмегімен күнге қарай бұрылып, қалдықты жыл­дамдық қоса отырып, күнге қарай жолдайды. Осылайша робот ғарышты қал­дықтардан тазалайды. Сондай-ақ зиятк­ерлік мектептер оқушыларының «Робот-өрт сөндіруші» жобасы да әлемдік робот техникасы өрендерінің арасында кеңінен танымал деуге болады. 

Бүгінде беделді World robot olympiad клубына 50-ден астам елден 20 мың бала мүше болып енгенін айта кеткен ләзім. WRO құрамында Таяу Шығыс, Еуропа, Африка, Оңтүстік және Солтүстік Америка елдері мен Аустралия бар. Биылғы ұлттық біріншіліктің жеңімпазы қараша айын­да Тайландта өтетін WRO-2018 халықаралық олимпиадасына жолдама алып, Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51