Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Ғылыми конференция арқауы – «ақылды қалалар»

565 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірлік пен келісімнің, дамудың шынайы үлгісін қалыптастырған Астана қаласына қазір әлемдік қоғамдастықтың көзқарасы ерекше. Оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы тұрақтылық пен қауіпсіздік, интеграциялық үдеріс­тердің ошағы, инновацияларға ашық және мәдени-тарихи ордаға айналдырғандығына күллі әлем сүйсіне көз тігіп отыр. 

Ғылыми конференция арқауы – «ақылды қалалар»

Бұл тұжырымды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде Еуразиялық ин­тегра­ция институтының ұйым­дас­­тыруымен «Ұлы астаналар – «ақылды қалалар» атты екі күн бойы өткен мазмұны терең халық­аралық ғылыми конференцияда сөз сөйлегендер растай түсті. 

Олардың қатарында еліміздің Мәжіліс депутаттары, АҚШ, Ресей, Түркия, Франция, Бела­русь, Өзбекстан, Қырғызстан мем­лекеттерінің шығармашыл ғылы­ми зиялы қауым және дипло­матиялық миссия өкілдері аталған конференция аясында тұщымды баяндамалар жасап, Астананың атын асқақтата түсті. 

Конференцияға қатысушылар Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың бой көтеруі Мемлекет басшысының қайраткерлігі мен көрегенділігінің, ерік-жігерінің жеңісі екендігін баса айтты. 

Халықаралық жиын аясын­дағы «Ақыл-ой орталықтарының» басым­дықтары: жаңа нақты­лық қалыптастыру, «Астана – жалпы­ұлттық және әлеуметтік бірліктің фарватері», «Әлеуметтік әл-ауқат және экономикалық тұрақты­лық: Астана – қазақстандықтар­дың қаласы», «Жаңа технологиялар және цифрландыру елор­даның орнықты даму жолында» тақырыптары бойынша ұйымдас­тырылған дөңгелек үстел отырыстары мен пікірсайыстарда ең өзекті мәселелер қозғалды. 

Ал конференцияның жалпы отырысы Астанаға қатысты құн­ды деректердің кеніші қазыл­ған­дай әсер қалдырды. Атап айтқанда, Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, АӨСШК Хатшылығының кәсіби (дипломатиялық) персоналы­ның мүшесі Н.Жалғасбаев және басқалар Астананың қалыптасуы мен елорданы дамытудағы Елбасының рөлі жайында толымды пікірлерін ортаға салды. 

– Әлемдік дипломатиялық лексикада Астана процесі деген анықтама пайда болды. Бұл ұғым Сирия елін азаматтық соғыстан құтқаруға байланысты ілкімді іс-шаралар барысында жиі қайталанды. Астана атауы Иранның ядролық бағдарламадан шығу мәселесі көтерілген сайын жиі аталады. Астана әлемдік және дәстүрлі діндердің түсіністік тауып, ортақ шешімге келген келіссөздердің тал бесігіне айналды. Астанаға дейін әлемдік діни көшбасшылардың басын бір жерге құрау мүмкін емес болатын. ЕҚЫҰ аясында Астана декларациясының қабыл­дануы да зор еңбекті қажет етті. Астанада ғылыми орталықтар, әлемдік оқу орындарының филиалдары, медициналық клас­терлер құрылып, Астана эконо­микалық форумына әлемдік экономиканың марқасқалары жи­налып тұрады. Бұл жетістіктер алыстан айқын көрінеді, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары өзінің құттықтау сөзінде. 

Қазақстан халқы Ассамблея­сы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко конференцияға қатысушыларды Астананың 20 жылдығымен құттықтай келе, еліміз тәуелсіздік жылдары өзі­нің тарихи таңдауын жасап, Мем­лекет басшысының батыл саяси шешімі арқылы жаңа аста­на­ның қалыптасып, дамудың даңғыл жолына түскендігін атап өтті. 

– Бүгінде Астана құрылыс, ақпарат, коммуникация саласында, нақтылай айтқанда, тұтастай еліміздің дамуына серпін бе­ріп келеді. Оған қоса еліміздің әр түкпірінде экономикалық белдеулердің қалыптасуына оң әсерін тигізді. Астананы көшіру еліміздің мемлекеттік аппаратқа, кәсіпорындардың менеджерлеріне стратегиялық сипаттағы ғаламат әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыруда теңдессіз тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Олардың ең бастыларының бірі – ЭКСПО-2017 халықара­лық көрмесі. Осыған орай Елба­сы­ның салиқалы саясаты елімізді табысты, бейбітшіл және болашаққа сеніммен қарайтын мемлекет ретінде танытты, – деді Л.Прокопенко. 

Ал Өзбекстан елшілігінің өкілдері екі ел арасындағы қа­рым-қатынастарды дамытудағы Астана­ның рөлін атап өтті. 

Конференцияның жалпы отырысында, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті ҚХА кафедра­сының меңгерушісі А. Башмаков пен Ресей өкілі, професс­ор, сая­си ғылым­дар докторы Р.Ка­напья­нова­ның баяндамаларын жинал­ғандар ұйып тыңдады. 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Баубек Сомжүрек жүргізіп отырған конференция соңында жиынның қорытынды құжаты – арнайы қарар қабыл­данды.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»