Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой! Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде алыстап бара жатқандай еді. Телеарналардан домбыраның дауысын есту мұңға айналғаны былай тұрсын (оның орнын салмақсыз бағдарламалардың жаулап алғаны шындық), шілдехана, бесік тойы, тұсаукесер, тілашар, беташарларымыз даңғырлаған эстарада әуеніне байланбады ма? Домбырамен әуелете шырқалып, тиесілі сыйлық иесін табатын «Тойбастар» дәстүрінің түр-сипаты мүлде өзгергеніне бәріміз куәміз. Құрметті қонақ келгенде «ауылдың алты ауызы» айтылып, «қонақкәдемен» жалғаса әнмен өрілетін отырыстар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан?! Арасында үлкендердің әдемі әңгімелері тыңдалатын. Қазір ше? Ішіп-жеп болған соң, бас салып би билеу-
ге көшеді. Жас та, жасамыс та секеңдеп, ию-қию музыка, қызық деген осы деп түсінетін болдық. Ілгерідегі құдаларды әудем жерден арнау айтып қарсы алып, күмбір-күмбір күй тартып, шығарып салар кез қайда, шіркін?! Домбырада айтылатын әр әннің сөзі қандай, сазы қандай?! Тыңдап отырғаныңда бір күрсінтіп, бір мұңайтып, мың түрлі әсерге бөлейтіні бар. Оның құдіретті үнін естігеніңе шүкірлік етесің. Домбыраның иесі қазақ болып туылғаныңа тәубе дейсің, басқа емес.
Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруы ғажап емес. Көп нәрседен үміттіміз. Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін жанымыз қалайды. Ең дұрысы, науқаншылықтан ада, әсіреқызыл тез оңарлық тірлік емес, өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болса екен дейміз.
Биылғы шілде айының бірінші жексенбісі 1 шілдеге тура келіп тұр. «Жаздыкүн шілде болғанда...» деп Абай атамыз айтқандай, «көкорай шалғын, бәйшешек, ұзарып, өсіп, толғанда» бүкіл қазақ даласы күмбір-күмбір күй төккей, көктегі күн нұр төккей, домбырасын қолға алғай, әуелете ән салғай... «Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші жарым, келші балам...» деп Мұқағалиша толғайық, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп Қадырша қайырайық! Ұлы ұлттың баласы, ұлықта Домбыраңды!
Зеберкүл Шардарбекова