15 Желтоқсан, 2011

Елбасы және ел тәуелсіздігі

7009 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Қазақ елі өз тәуелсіздік ға­сырының бестен бірін тол­тыр­ды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұр­ғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы экономикалық-әлеу­меттік және саяси қиын­шы­лықтарды еңсере білген Қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Елі­міздің саяси өмірі жаңар­тылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің бар­лық институттары құры­лып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқа­ты жаңа деңгейге көтеріл­ді, әлеуметтік салада жаңа асу­лар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқын­далып, елдің тұтастығы, жер­дің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтиже­сінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жа­буы бүкіл дүние жүзінің назарын өзіне аударды. Осы бір батыл қадамның нәти­же­сінде мемлекетіміз тәуелсізді­гінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді. Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды. Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын өз қолымен тұң­ғыш көтеріп, тәуелсіз Қазақ­стан мемлекетін құрған Ел­ба­сымыздың аз жылдың аясын­да туған елін әлемдік қоғам­дас­тыққа таныт­қандығына өз­ге­лермен бірге өзіміз де қай­ран қалып, там­санамыз. Та­рих­тың қилы бір кезең­дерінде елге Нұр­сұлтан Назарбаевтай Көшбасшының та­бы­луын халқы­мыздың бағы деп те түсі­неміз. Биылғы жыл және де ел Тәуел­сіз­дігінің жиырма жылдығы ғана емес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бүкіл- халықтық сайлауда айқын жеңіске жетіп, ел тізгінін өз қолына алғанына да жи­ыр­ма жыл толды. 1991 жылы 1 желтоқ­санда қазақстандықтар өздерінің Тұң­ғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адас­тыр­майтынына, тура жолға бастайты­нына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отыр­ғандығына осы күндері көзіміз анық жетіп отыр. Бәрі де есімізде. Қазақстан Рес­публикасы Президентінің қызметіне кірісуге арналған салтанат сол жылдың, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында болған-ды. Президенттің қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшық­талған жағдайында өтті. Президент ежелгі дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде бү­кіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән-салтанатты шапан жапты, президенттік айырым белгілерін тапсыр­ды. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата берсе, көрнекті жазу­шы, публицист, Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаев ақ тілегін білдірді. Тарихтың сол бір бұлта­рыс­ты кезе­ңін­де қазақста­н­дық­тар өз Көшбасшысын дұ­рыс таңдай білді және де ха­лық өздері сенім артқан Нұр­сұлтан Назарбаевтың тәуел­сіз­діктің алғашқы күндерінен бас­тап, елді адастырмай, дұ­рыс бағытпен алып келе жат­қандығына да осы күндері көздері анық жетіп те отыр. Халықтың қателеспей сол бір кездегі дұрыс таңдау жасай білгендігіне осы күндері шүкіршілік те етеміз. Президентке бүкіл халық атынан өкіл­­дік берілгеннен кейін 16 желтоқ­санда «Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қа­был­данды. Екі күнгі талқылауға созылған бұл заңның төңірегінде де дау-дамай болмай қалған жоқ. Қазақ елінің өз бетімен тәуелсіз мемлекет бола алатындығына күмән келтірушілер де табылды. Олар сол бір күдіктерімен егемендіктің осы бір заңының әр тұсына негізсіз ша­бу­ыл­дар жасап та жатты. Тіпті, Қазақстанның дербес мемлекет бо­луын қаламағандар да, тәуелсіздігімізді жақтырмағандар да болғандығын қайтерсіз?! Тарих бізге 1991 жылдың 16 жел­тоқсанынан бастап тәуелсіз мемлекет құрудың сыбағысын ұсынды. Сөйтіп, еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алған болатын. Елбасы Назарбаев өзіне сенім арт­қан өз халқына ең бір қиын жыл­дар­дың өзін­де орын­далуы мүмкін бол­­май­тын мәсе­леге бай­ланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде бере қалса, бәрін де орын­да­ды. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бе­­кіген тө­зім­шілдігі, са­­бырлы­лы­ғы, ұстам­ды­лығы бар Тұң­ғыш Президентіміз бүкіл қа­зақстандық­тар­ды өзінің айналасына топ­тас­ты­ра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты. Осы арада бір ақи­қатты айтайық, Н.Назарбаевтың Ұлт көш­бас­шысы екендігін Парламент қабыл­даған Конс­титу­циялық заңнан көп бұрын-ақ ха­лықтың өзі мойындап та қойған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет бас­шы­лығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырқына жығылмай, әліптің соңын баға сабырмен, уақыттың талабына, қазақ­стан­дық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. Елбасы өзінің қол жеткізсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шы­ғармаумен бірге, оған жету үшін де жа­лаң ұран көтеріп, жақсы атақ алуға қызықпады. Қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді ғана түгел пайдаланып, эволюциялық жолмен тұрақты ілгері жылжи бергенді дұрыс санады. Дамудың қазақстандық жолын іздестірді, өзіндік бағытты тан­дады. Сол қазақстандық даму жолы­нан өзге даму жолдарының ешқайсысын да, тіпті бірде-бірін жоққа шығарған емес, керісінше, өзге даму жолдарының қажет­тісін алып та, пайдалана білді. Елімізде дамудың өзіндік жолы таң­дал­са да, мемлекет тәу­ел­­сіз­дігінің мүдделері өзі­мен бірге шешілуі қи­ын мә­селелердің де тұ­тас то­бын алға тартты. Жаңа Қазақстанды қа­лып­­тас­ты­ру жолындағы басты кедергілердің бірі тота­литарлық жүйе кер­неуі­нің тәуелсіз ел мүд­де­лерімен қиыса бермейтіндігінен де болып жатты. Бұрынғы жүйе­нің елесі мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырларынан белгілі бір дәрежеде көрініс беріп те жатты. Мұның өзі шаруашылық жүргізу мен басқарудың ескі тәсілдеріне бой ұрушылықтан ғана байқалып қойған жоқ, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығынан, өкімет асырайды дейтін бұрынғы пиғы­лынан да танылып жатты. Көзге көріне бермейтін бұл ке­дер­гілерді де Елбасы­ның байсалды сая­са­тының арқасында жеңіп, еңсере білдік. Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі кеңестік жүйенің жаппай ыдырауы мен идеологиялық бос кеңістік жағдайында Қазақстан да терең бір жартастың жағалауына таяп қалған еді. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес өкіметі орнықтырған тұтас қоғам бөлініп-жарылудың аз-ақ алдында тұрды. Солшылдар, оңшылдар, неше түрлі ұлтшылдар – бәрі де елдің қо­ғамдық және экономикалық құрылымы­ның қандай болуы керектігі туралы ай­тысты, өз дәлелдерін жеткізуге тырысты. Бәрі де әлеуметтік, ұлттық, экономи­калық әділеттіліктің қалпына келуін талап етті. Солардың бәрі де өз айтқан­дарын ғана дұрыс санайтын. Тіпті, олар­дың уәждері мен талап-тілектері де кәдім­гідей иланымды естілетін. Дегенмен де, бәрі қосыла келгенде әбден ша­тыс­қан және кереғар түйінге айналатын, ол түйін барған сайын тарыла келіп, жас тәуелсіз мемлекеттілікті тұншықтыру қаупін тудыратын. Қысқаша айтқанда, бұл кезде саясат экономиканың алдына шығып кеткен еді. Осындай жағдайда Елбасы бәріне де са­бырлылықпен қарап, бәрі­нің де сөзін де, бөзін де тау­ып, қо­ғамның жалпы ыды­рауының, саяси көзқарас­тар­дың бөлшек­теніп кетуінің ал­дын ала білді. Елбасы сенімді экономикалық негіз болмай­ын­ша кез келген үндеу-ша­қы­рулардың елдің тығы­рық­қа тірелуіне ғана алып келетінін басқалардан тере­ңірек түсінді. Нұрсұлтан На­зар­баев­тың сол жылдардағы ұс­танған саясаты мен тиімді ре­формалары ғана елімізді болжап білуге болмайтын құр­дым­нан құтқарып қала алды. Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіздіктің бетбұрысты кезең­дерінде Мемлекет басшысы ретінде, әсіресе, экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бер­­мейтін, бірақ өміршең ма­ңы­зы бар шешімдерді батыл қа­былдап жатты. Елбасының өз кезінде: – «Кейде адам­дар­ды еркінен тыс қазір бар­ғы­сы келмейтін, бірақ объек­тив­ті түрде баруға тиіс жақ­қа жетелеуге тура келді», – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді. Елбасы тәуелсіздіктің ал­ғашқы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидаты ретінде белгіледі. Ұзақ жылдар бойы өз жерінде қағажу көрген қазақ ұлтының дамуы мен орыс және басқа да этнос­тардың құқықтарын сақтау саясаты ұлт­аралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды. Дегенмен де, Елбасының мейлінше салмақталған бұл ұстанымын жұрттың бәрі бірдей және бірден қа­былдай да қойған жоқ. Алғашқы кездерде қазақтардың да, сондай-ақ ұлтшыл-радикалдардың да қарсылықтарын ең­серуге тура келді. «Халықтар достығы­ның лабораториясына» айналған, жергілікті халық – қазақтардың азшылыққа ұшыраған аумағында ұлтаралық қақты­ғыстарды әдейілеп қоздырудың түрлі амалдары да бар еді. Жүзден астам ұлт өкілдері тұратын республикада шиеленісті жағдайлар мен тұрақсыздық ту­ды­ру­ға әрекеттенгендер де, ұлтаралық факторларды пайдаланғысы келетіндер де табылмай қоймайды. Мұндай жағ­­дайға да Елбасы лайықты жауап таба білді. Қазақстан халқы Ассам­блея­сын құру, оны жетілдіру, оны бас­қа елдерге үлгі ету Н.Назарбаев қыз­ме­тінің даналығы­ның көрінісі бола алды. ХХ ғасырдың соңын ала тәуелсіздікке ие болған елдердің бірсыпырасында ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар да болмай қалған жоқ. Сондай қақтығыс­тардың біразы әлі күнге дейін жалғасып та жатыр. Дәл осындай болуы мүмкін қақтығыстар мен жанжалдардың алдын алған Н.Назарбаев Қазақстанды дауыл­сыз айдынды мұхитқа алып шықты. Көрші елдер мен әлемнің әр қиырында тұтанған этностық соғыстар мен жан­жал­дардың аясында, әлемдік геосаяси тұрақсыздық кіндігінің бой­ын­да орна­лас­қан осынау орта­лықазиялық елдегі ұлттық келісім мен татулық және өркенді даму Елбасы Н.Назарбаевтың жеке еңбегі әрі басты саяси жетістігі болатын. Қазақстандағы этнос­аралық шиеленісті жою арқылы ғана Н.Назарбаев рефор­маларды одан әрі жүзеге асыру үшін берік ішкі саяси іргетас қалай білді. Жас тәуелсіз Қазақстан мем­ле­ке­тінің Көшбасшысы Н.Назарбаевтың қашан болса да әлемдік үдерістердің дең­гейінен көрінуін, жаһандық си­пат­тағы бастама­ларды алға қоя білу қа­бі­летін, реформатор ретіндегі батыл­ды­ғы мен сол мақ­сатты жолда табысқа жет­кізетін ерік-жігерін бүкіл әлем еріксіз мойындаған-ды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өр­кенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүр­гізе білді. Тіпті, қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Елбасының мұндай ұстанымы мен әрекетіне қарсы шыққандар да табылды. Олар тисе терекке, тимесе бұтаққа деген сыңайлы орынсыз сындарын да айтып жатты. Бірақ, Елбасы өзіне сенім артқан, жауапкершіліктің бар жүгін өзіне ғана артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды. Ең бір қиын сәттерде де хал­қына ғана жүгінді. «Сынға назар аудар­маңдар! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге баға береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үстем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді», – деп айтудан танбаған Елбасы сол кезде өзінің серіктестерін жігерлендіріп, қанат­танды­рып отыратын. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бас­тамасы мен оны ақиқатқа ай­налдыруы Елбасының модер­ни­зациялық жобасының басты табысының символына айнал­ды. Қазақстанның жаңа аста­на­сы шын мәніндегі жаңа дәуір­дің қаласы бола алды. 1994 жылы Н.Назарбаев аста­наны көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екіұдай пікір туғыз­ған-ды. Қазақстан Прези­денті­нің бұл шешімі мейлінше күт­пеген жәйт болды. Ел өтпелі кезеңнің ауыр жағдайларын бастан өткеріп жатты. Эконо­микалық дағдарыс та жан-жақтан қыспаққа алып тұрды. Дәл сол бір қиын-қыстау кездері астананы көшіру жөнін­дегі Елбасының бұл баста­масын батылдық пен батыр­лық демеске және де амалың жоқ. Тіпті, дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезеңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбегейлі батыл қадамға бар­ған да емес. Төрт жыл бойына, яғни жаңа астананың тұсаукесері өткенге дейін Президентке ел астанасын жаңадан салу жө­ніндегі өз идеясы мен ұсыны­сының түптің-түбінде пайда­лы болатындығын қорғап, дәлелдеп отыруға тура келді. Егемен Қазақстанның елорда­сын жаңа әрі тәуелсіз идея­лардың топтастырушы орта­лы­ғына айналдыру жөніндегі Елбасының идеясы тәуел­сіз­дікті нығайтудың салмақты бір дәйек­темесі болды. Жаңа астананың салынуы және көшірілуі рекордтық аса қысқа мерзімде өтті. Бұл қадам дағдарыс кезеңінде қа­зақстандықтардың әлеуметтік оптимизміне қолдау жасау үшін өте маңызды еді. Астана елдің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының нышандық оқиға­сына айналды. Жас елдің мүмкіндіктері әлемге паш етілді. Астана саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге, Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды. Елбасының: «Қазіргі таңда біздің Ота­нымыздың елордасының атын – Астананы елдің барлық азаматтары жа­ны­на жақын тұтып кетті. Астана ауыс­тырғалы бері әрбір қазақстандық елде іргелі де қажетті шаруа қолға алынғанын сезініп өмір сүре бастады. Ғасырлар бойғы тұсау мен тоталитаризм бұғауларын серпіп тастаған, соның алдында ғана дағдарыс пен күйзелісті бастан өткерген елде жаңа, жақсы заман туып келе жатқаны сезілді. Қазақстан­дықтардың бәрі жас державаның елор­дасы – Астананың жан-жағына үміт пен батылдықтың жан сергітер шапағы ша­шы­рап жатқанын көрді. Астананың та­рихы біздің тәуелсіздігіміздің тарихы­нан ажырағысыз. Астананы көшіру ұлттың стратегиялық мүдделерінен ту­ындады, онда геосаяси да, әлеуметтік-экономи­ка­лық та, рухани-тарихи астарлар болды», дегендігі бүгінгі күннің, яғни тәуел­сіздігіміздің жиырма жыл­дығының тарихымен ұласып тұр­ған­дығы да анық. Әлемдік тәжірибеде астаналардың, саяси орталықтардың ауыстырылуы нә­ти­жесінде түбегейлі өзгерістерге қарқын берген экономикалық-әлеуметтік даму серпіні және саяси жаңаруы туралы да аз айтылмайды. Осы тәжірибені растаған­дай біздің Астанамыз да қуатты да, өркенді және барша қазақстандықтарды біріктіретін, сонымен бірге, халықты топтастыратын ұлттық идеяға айналып келеді. Өйткені, Астана – жаңа Қазақ­стан­ның күш-қуаты, барлық қазақстан­дықтардың үміті мен болашаққа деген сенімінің символы бола алды. Астана – Ел­басының қолынан шыққан ту­ын­ды. Астана мен Елбасы есімі ел наза­рында егіз ұғым болып қалыптасты. Өйткені, жаңа дәуірдегі жаңа Қазақ­стан­ның жаңа астанасының салы­нуын еліміздің Тұң­ғыш Президенті – Елбасының Қазақ мемлекеттілігін өркенді дамытып, бүкіл әлемге та­ны­ту жолындағы дәуірлік ерлігі деп ай­ту­ға да толық негіз бар. Елбасы­мыз ең­селеткен елорда болғандықтан, оған басқаша баға беру де мүмкін емес. Мемлекет басшысы экономикалық тығырыққа тірелген, саяси дағдарысқа ұшырау алдындағы Қазақстанды жаңа дәуірлік жарқын күндерге жетелеп алып шықты. Өзіне сенім артқан елдің үміті ақталды. Ел мен Елбасы бір ұғымға айналды. «Елбасы» ұғымын алғаш рет Әбіш Кекілбаев 1991 жылы 10 желтоқ­санда Н.Назарбаевтың тамаша жеңісінен кейін, ел тарихындағы тұңғыш инаугурация рәсімі кезінде өзінің Мемлекет бас­шы­сына арнаған тілек сөзінде қолданған еді. Содан бері «Елбасы» атауы шынайы ұғымға, бүкілхалықтық атауға айналды. Шындығына келгенде, еліміздің Тұңғыш Президентіне Елбасы атағын еліміздің Парламенті емес, халық әлдеқашан-ақ берген еді. Ел Парламенті оны заңды тұрғыдан ғана бекітті. Тәуелсіздік туы­ның берік қолда екендігіне ел халқының сол кезде-ақ көзі жеткен-тін. Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік алған елдердің таңдаған даму үрдісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты да қа­лыптасады. Сол сияқты тәуелсіздік ал­ғанына жиырма жыл толған Қазақ­станның да жаңа мемлекеттілікті қалып­тастырудан бастап, өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің ке­зең-кезеңімен демократияландыру бағы­тындағы қазақстандық жолы қалып­тасты. «Назарбаевтың нұсқасы» деп аталған бұл стратегия шетелдік саясат­тану­шылар мен қайраткерлердің оң бағасына ие болуымен қатар қазақстандықтардың да басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Бұл қолдаудың дәйектілігі мен шынайылығы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың елдің Тұңғыш Президенті ретінде де, тәуелсіз елімізді өтпелі кезеңнің ауыр қиыншылығынан алып шығуда және оның бұл бағыттағы жүргізіп отырған саясатымен байланысты болған Парламент және Президент сайлау­ларында айқын жеңіске жетуінен де көрініс тауып келеді. Патшалық Ресейдің және қызыл им­перияның құрсауында болып келген ел­дің жаңа мемлекеттігінің іргетасын қалау және оны мызғымастай етіп, әлемдік қоғамдастық мойындайтын дәрежеге жеткізу әсте де оңай болған жоқ. Көп ұлт­ты, көп дінді және бодандық кезінде аумақтық бүтіндігі жырым-жырым бол­ған жас республиканы алғашқы қақты­ғыстар мен әлеуметтік сілкіністерден алып шығу қиынның қиыны болатын. Тәуелсіздік буына елтіген халықтың эмоциялық шабырқануы да ұлтаралық және басқа да қақтығыстарға алып келуі мүмкін де еді. Мұндай жағдайда тәуел­сіз­дікті алу мен оны нығайтуда басқа елдердің тәжірибесін пайдалана қою да күмәнді болатын. Ал Елбасы Н.Назар­баевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақ­станның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стра­тегия­сында» жария етілді. Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақ­стан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н.Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсат­тарды белгілеп берген еді. Сол бағыттан көп ауытқымай, міне, бүгінгі елді еңселендірген кезге де жетіп отырмыз. Енді осы тұста айдын теңізге шыққан алып кеменің басқару тетігін өз қолына ұстаған Елбасы Н.Назарбаевтың сан-қилы мемлекеттік қызметі мен страте­гиялық шешімдерін, салиқалы саясатын тәуелсіз еліміздің шежіресі деп атасақ та болады. Қазір тәуелсіз Қазақ елінің та­рихы жасалды. Бірақ, оны Отанымыздың Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан На­зарбаевтың 1991 жылы бүкілхалықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін де емес. Өйткені, тәуелсіздік қарсаңындағы және тәуелсіздіктің сан қырлы соқпақты жылдарындағы оның тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы, оның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ел басқарған қызметінсіз тәуел­сіз ел тарихының парақтарын жазып шығу мүмкін де емес. Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр. Басқа жүйеден шыққан және сол бір аласапыран мен ретсіздік кезеңінде экономикалық кеңістіктен шетке шығып қалған Қазақстан жағдайында елдің алға дамуы мен көркеюіне бастайтын өзіндік бірден-бір дұрыс жолды және сол жолмен сенімді түрде алға бастау да кез келген мемлекет басшысының қолынан келе бермейтін іс еді, ол үшін үлкен қасиет даруы қажет-тін. Ал Қазақстанда мұндай қасиет берілген Көшбасшы болды. Нұр­сұлтан Назарбаев халық табыстаған жауапкершілік пен сенімді және ауыр міндетті мойнына алды және оны табысты орындай білді, өз басына айтылған ауыр сындар мен ғайбат сөздерге қарамастан, оны аяғына дейін жеткізу үшін бір сәт те тоқтамады. Қазақстанның қазіргі жетістіктерін, жиырма жылда жүріп өткен та­бысты жолын әлемнің белгілі қайрат­керлері мен саясаткерлері және Қазақ­стан қоғамы Нұрсұлтан Назар­баевтың тікелей басшылығымен өмір­ге келген және күнбе-күн іс жүзіне асы­рып келе жат­қан авторлық стра­тегиясы деп ба­ғалайды. Батыс саясаткерлері мен қайраткер­лері де Қазақстанның бүгінгі табыста­рын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж. Айткен мыр­за «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен та­ныстырудың, оның жетістіктерін жет­кізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады. Қазақстанды қазір­гі заманғы бәсекеге қабілетті, өркендеу жолындағы, жыл сайынғы өрлеу бағы­тындағы мемлекетке айналдыруда Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты рөл атқарғанын әлемнің басқа саясаттану­шылары да үнемі айтып жүр. Мұның өзі де еліміздегі мемлекет тізгінінің сенімді қолда екендігін еліміз ғана емес, басқа елдер де мойындады дегенді білдіреді. 2011 жыл – Тәуелсіздік тарихының жиырма жылдығы. Бұл жыл аз ғана мерзімде қол жеткізілген табыстар мен жетістіктерді, ғасырлар тоғысында, мың­жылдықтар межесінде Еуразия құр­лы­ғының ортасында орын тепкен әлемнің мықты елдерімен бәсекелесе алатын деңгейге жеткен Қазақстан атты мемлекетті әлемге тағы да бір та­нытатын жыл болды. Тәу­ел­сіздіктің жиырма жылдығы мерекелік шаралар мен салтанат өткі­зетін жыл ғана емес. Бұл Қазақ елінің жа­сам­паздық пен тұрақты­лық­­тың, әлем­ге үлгі бо­лар­лық тәжірибесі мен үлгісін, экономикалық өрлеуі мен әлеуметтік саясатының, қа­зақстандық өзіндік даму жолының дұрыстығын паш ететін жылы болды. Мерекелік іс-шараларды дайындау, өткізу және оны көрсету Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, құндылығын, мән-мағынасын, табыстары мен жетістіктерін әрбір қазақ­стан­дықтың сезіне алатындай, пат­риоттық сезімі оянатындай, Қазақ елі үшін мақтана ала­тын­дай сезімі мен әсері және тиімділігі болуы керек, солай болады да. Өйткені, оған елі­міздің 20 жылда жүріп өткен қиын да табысты жолдары, беделі мен мәртебесі кепіл бола алады. 1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика ала­ңында өткен митингіде Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздіктің біздің бә­рімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әуле­тіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», – деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айнал­ғанын көріп отырмыз. Тәуел­сіздіктің алғашқы таңында айтылған бұл сөздің ақиқатқа айналуына да Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың халық сеніміне лайық бола алу қасиеті мен берілген уәделерді орындауы және қажы­мас қайраты мен табандылығы, көреген саясаткерлігі себеп болғанын мойын­дағандар жетіп артылады. Сонымен бірге, Қазақстан халқы еліміздің жасампаз бүгіні мен жарқын болашағының кепілдігін Елбасымен байланыстырады. Тәуелсіздіктің бастауында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ер­теңін де айқындады. Ел тәуелсіздігі. Елбасы. Ел ертеңі. Үш сөз. Бір-біріне етене жақын, бір-бірін толық­ты­ра­тын, өзара сабақтас сөздер. Тәуел­сіз­дік десек, ең алдымен оның бас­тау­ында болған, оны нық сеніммен алға апарған, тәуелсіз ел мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде елді басқарып, оны бар қиын­шы­лық­тан алып шығып, бүгінгі өркенді да­муға жеткізген Елбасы мен ел ертеңі тағы да алды­мыздан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елбасы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан На­­зар­баевтың ел бас­шылығын одан әрі қолға ұстауымен байланыс­тырылады. Елбасының, Ұлт көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы да Елбасының еңбегін осылай бағалайды. Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өркенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет бола­тындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан та­рихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан да Ел тәуелсіздігі, Елбасы, Ел ертеңі ұғым­дарын қастерлей де, қолдай да білуіміз парыз етіледі. Бұл біздің, ұрпақ­тарымыздың болашағы үшін қажет. Өзіміздің ел тәуелсіздігінің тарихы және Елбасының ел егемендігіндегі рөлі жөніндегі ойымызды қорыта айтқанда, аз ғана уақытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгеріс­тер жүзеге асырылғандығын бөле-жара атап көрсету қажет. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең болатындығын дәлелдеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­гізген бұл саясаты мен бағыты қазіргі уақытта «Қа­зақстанның даму жолы» ретінде дүние жүзі қауымдастығымен мойындалды. Қазақстанның Тәуел­сіздігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр. Мұрат МҰХАМЕДОВ, Парламент Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор.