Экономиканың дамуына үш түрлі капитал үлес қосады. Бірінші, табиғи капитал өндірісте қолданылады. Екінші, физикалық капиталға тауар өндіру мен қызмет көрсетуге қажетті машина, құрал-жабдық, тұрғын үй құрылысы мен түрлі қорлар жатады. Үшінші, адам капиталы бейматериалдық, зияткерлік активтермен өлшенеді. Бұл басқару қызметінің тиімділігін арттырады әрі өнімнің қосымша құнын еселей түседі. XIX-XX ғасырларда дамыған мемлекеттер адами капиталға инвестицияларының 20-30%-ін ғана салып, қалғанын физикалық капиталға арнады. XXI ғасырдың басында керісінше инвестициялардың 80%-і адами, 20%-і физикалық активтерге жіберілуде. Дүниежүзілік банк есебінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттердің әл-ауқатын 81%-ке адами капитал, 17%-ке физикалық және 2%-ке табиғи капитал қамтамасыз етіп отыр. Адам – экономика дамуының әлеуеті де, шектеуіші де. Бүгінде кей салалар заманауи адами капиталдың жетіспеушілігіне байланысты дамымай отыр. Ресурстарға, еңбек тиімділігін көбейтуге, дұрыс экономикалық, индустриялық және саяси стратегияларға негізделген өсу үдерісі шегіне жетті. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан ресурсқа негізделген экономикадан тиімді экономикаға өту жолындағы 15 мемлекет қатарына енді.
БҰҰ-ның даму бағдарламасының сарапшылары адамның өмірлік әлеуетін ашатын үш шешуші кезеңін анықтаған. Бірінші – анасының босануға дейінгі уақыты және адамның ерте жасы. Бұл кезде қажетті жағдай болмаса, адамның әлеуеті жоғары деңгейіне көтеріле алмайды. Оған босану алдындағы және кейінгі уақытта күтім жасалуы, дұрыс тамақтануы, балаға көңіл бөлуі жатады.
Біздің ата-аналар ерте жастан дамуға көп көңіл бөледі. Бұл эмипирикалық зерттеуден алынған тұжырым. 2016 жылы 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығына арналған зерттеу Қазақстанның оқу дағдыларын дамытуға ерте көңіл бөлетін ата-аналар үлесі бойынша 50 елдің ішінде екінші орында тұрғанын көрсетті. Балалардың мектепке дайындықпен келетіні расталды. Бұған соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдар желісінің кеңеюі де үлес қосуда. Елімізде бастауыш білім жалпыға міндетті. Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша, білім беру деңгейімен қамту көрсеткішінде 4-орындамыз. Мұнымен шектелмейміз. 2019 жылдың қаңтарынан бастап мектепке дейінгі білім 6 жасқа дейін жалғасады. Біртіндеп 6 жас мектепке түсудің жалғыз жасына айналады. Бұған 2000 жылдардың басынан 12-жылдық орта білім моделіне өту мақсатында дайындық жүрді. Келесі қадам – нөлінші сыныпты енгізу және «Әліппені» сонда ауыстыру. 2016 жылы мектептегі білім беру мазмұнын 1-сыныптан ауқымды жаңарту басталды. Бұл реформа әуелі мектептегі оқу сапасын сапалы тұрғыда өзгертуге бағытталды. ЭЫДҰ елдері осындай өзгеріс керектігін түсініп, 2000 жылдан бері білімді емес, функционалды сауаттылықты бағалай бастады. Еліміз PISA, яғни 15 жастағы білім алушыларды бағалау жөніндегі ЭЫДҰ бағдарламасына 2009 жылы алғаш рет қатысты. PISA зерттеуіндегі орташа балдан 5 ұпайға көтерілген елде еңбек өнімділігі 2,5%-ке, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 1,5%-ке өсетіні дәлелденген. Білім мазмұнын жаңартудың түпкі мақсаты бағаны жақсарту емес, мұғалімдер мен оқушылардың қызметін философиялық тұрғыда өзгерту. 2011 жылы басталған мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының тұжырымдамасына сай мұғалім оқушының танымдық ізденісіндегі көмекшісі, ал оқушы өз дүниетанымының конструкторы болуы керек. Өзгермелі де қайшылыққа толы әлемде баланың орнына ешкім ақиқатты тауып бере алмайды. Сөйтіп мұғалім мен бала қарым-қатынасы «субъект-объект» жүйесінен «субъект-субъект» жүйесіне өзгеріп, қайта құрылады.
БҰҰ белгілеген екінші шешуші жас – бозбалалық. Сарапшылар бұл кезеңде өмірлік әлеуетті мектептер мен колледждердегі сапалы білім алуға қолжетімділік, жұмысқа тұру мүмкіндігі, зорлық-зомбылық пен кикілжіңдерді болдырмау арқылы көтеруге болады деп есептейді. Осы тұста айта кететіні, біз орта білімнің толық циклін қамтамасыз ететін санаулы елдің біріміз. АҚШ-тың Әлемдік саясатты талдау орталығы Қазақстанды осындай 14 елдің қатарына жатқызады. Білім берумен қамту жағынан проблема болмағанымен, сапа жағынан әжептеуір мәселе бар. Оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңартудан бөлек технологияларға да мән берілуде. Бізде де АҚШ, Канада, Ресей мен Аустралия сияқты елдердегідей мектептердің көп бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. Жартысына жуығы шағын жинақты мектептер. Интернат, автобуспен жеткізу және тірек мектептерде мезгіл сайын сессия өткізу ШЖМ-дегі сапаны ойдағыдай шешпейді. Жоғары сапалы контентті әр ШЖМ-ге жеткізіп, мұғалімдеріне сабақ өткізуге көмек беру қажет. Қазіргі кезде «Bilimland» атты білім беру ресурстарын барлық мектепке, соның ішінде ШЖМ-дерге толық жеткіздік. Бұл интернеті бар мектептерде онлайн, қалғандарында офлайн істейді. Онда жаратылыстану-ғылыми және қоғамдық-гуманитарлық циклдердің негізгі пәндеріне арналған 30 мыңнан астам бейне және интерактивті сабақ жазылған. Қазір жабдықтау жұмысын жалғастыруға қажетті ресурстар жоспарлануда. Сонымен бірге «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2021 жылға таман барлық мектепті кең жолақты интернетпен қамту көзделген. Цифрлы ресурстардың мұғалімді ауыстыра алмайтыны белгілі. Алайда мұғалім жұмысын жеңілдетеді. Оқушылар қала балаларымен бірдей мазмұнға қол жеткізеді, мұғалім цифрлы ресурстарға сүйене отырып сабақ өткізуге және бағалауға мүмкіндік алады. Бозбалалар мен бойжеткендердің еңбек нарығына шығуына мүмкіндік беретін ұйым – колледж. Бірнеше жыл қатарынан қазақстандық колледж студенттері WorldSkills әлемдік конкурсына қатысты. Бұл байқау кәсіптік дайындық пен біліктіліктің мәртебесі мен стандарттарын арттыруға бағытталған. Оған 70-тен астам ел тартылады. 2016 жылдан бері техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары WorldSkills талаптарына сәйкестендірілуде. Биыл бұл жұмыс аяқталуға тиіс. Бұдан басқа шетелдік оқулықтар қазақ және орыс тілдеріне аударылуда. Осы жылы 2 мыңнан астам оқулық аударылмақ. Былтыр жұмысшы кәсібін тегін оқыту жобасы басталды. Мемлекет оқу кезінде шәкіртақы төлеуді, жол пұлы мен бір жолғы тамақтану шығындарын өтейді. 2021 жылға дейін 700 мыңнан астам қазақстандыққа жұмысшы кәсібі беріледі деп жоспарланды.
Адам өміріндегі үшінші кезең – есею шағы. Бұл өмірлік әлеуетті ішінара болса да көтеруге болатын соңғы шешуші кезең. БҰҰ сарапшылары мұндағы маңызды фактор ретінде кәсіптік еңбек және әлеуметтік қорғау сапасын атайды. Бұл адамның есею шағына қандай капиталмен келгеніне байланысты. Ересек адамның зияткерлік капиталының көзі – жоғары білім. Қазір үздік жоғары оқу орындарының сапасын онда оқитын шетелдік студенттер үлесімен есептейді. Мысалы, АҚШ-та 2016 жыл қорытындысы бойынша шетелдік студенттерден келген табыс көлемі экспорттың бесінші маңызды көзіне айналды (32,8 млрд доллар). Бұған студенттердің демалыс уақытында жұмсайтын ақшасы мен елдің туристік тартымдылығы өсуін қоссаңыз, қомақты инвестиция түсетінін аңғару қиын емес. Бүгінде жоғары білімді Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия, Франция, Ресей және тағы басқа елдер экспорт көзіне айналдырды.
Қазір Қазақстан шекарасынан асатын 6 студенттің орнына 1 шетелдік студент қана келеді. Біз сыртқы миграция мәселесін зерттеп, соңғы үш жылда қазақстандықтардың көп бөлігі шетелге оқу үшін емес, басқа мақсатпен кететіндігін көрдік. Эмиграция негізінен тарихи Отанымен қауышқысы келетін немесе жұмыс табуды көздейтін ересектер арасында басым. Қазақстандық жоғары оқу орындарын қалайша тартымды, бәсекеге қабілетті етуге болады? Министрлік ЖОО-ның жұмыс тиімділігін арттырудың маңызды жолы дербестігін арттыру екенін бірнеше рет мәлімдеді. 2010 жылы Білім беруді дамыту бағдарламасына ЖОО-ның ұйымдастырушылық және академиялық автономиясын көтеру жөнінде іс-шаралар жоспарланды. Сол кезден бері зерделенгені де, енгізілгені де аз емес. Бүгінде 113 азаматтық ЖОО-ның 92-сінде корпоративтік басқару органдары – байқау мен қамқоршылық кеңестері қызмет етеді. Оларға тиісті рәсіммен ұлттық және мемлекеттік ЖОО ректорларын сайлау құқығы берілді. 19 ректор корпоративті органдардың қатысуымен сайланып үлгерді. Бұл қадам орталықтандыру дәрежесінің көптігі, жариялылықтың жеткіліксіздігі мен жемқорлыққа тәуекелділік сынды проблемаларды шешуге мүмкіндік берді. Ендігі міндет – ЖОО академиялық және басқару дербестігін шектейтін құқықтық тосқауылдарды алу. Онсыз еңбек нарығының мұқтаждықтарына және бәсекелестерінің талаптарына уақтылы жауап бере алмайды. Бұл үшін министрлік заң жобасын ұсынды. Мәжіліспен бекітілген жоба қазір Сенаттың қарауында. Бұл құжатта барлық қажетті жайт ескерілді.
Автономия мен икемділік мемлекет тарапынан белгілі бір реттеуші тетіктерді қолданумен жүзеге асады. Бұл тұста да тәжірибе тезінен өткен екі түрлі тетікті қарастырып отырмыз. Біріншісі, білім беру бағдарламаларының рейтингі. «Атамекен» ҰКП рейтингті әзірлеп жатыр. Онда түлектердің еңбекпен қамтылуы, жалақысы сияқты нақты критерийлер бар. Екіншісі, алғашқылардың бірі болып саланы біліктілігі төмен кадрлардан сақтауды көздейтін тест енгіздік. Бұл танымал BAR мен CPA емтихандарының баламасы десек болады. Ұлттық біліктілік тестін мамыр-маусым айларында өз еркімен 56 910 мұғалім тапсырды. Олардың 63,7%-і үміт еткен санаттарына өтті. Тестінің ендігі кезеңі қараша айында, оған дайындалуға уақыт жеткілікті.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Білім және ғылым вице-министрі