Қазақстан • 05 Шілде, 2018

Елбасы еліміздегі ең үлкен Туды көтеру рәсі­­міне қатысты

439 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан дәстүр бойынша Астана­дағы «Атамекен» Қазақ­стан­ның картасы» этно­ме­мо­риалды кешені аума­ғын­да орналасқан еліміздегі ең үлкен Туды көтеру рәсі­­міне қатысып, осы сал­танат­ты шара аясында қала күнін тойлауға арнал­­ған мерекелік бағдар­ламалардың басталғанын жариялады және жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне әскери шен тапсырды.

Елбасы еліміздегі ең үлкен Туды көтеру рәсі­­міне қатысты

Шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Президент Мемлекеттік тудың дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңында көтерілуі осы жалпыұлттық мере­ке­нің мәртебесін асқақтата түсеті­нін жеткізді.

«Желбіреген көк Туымыздың астында елордамыздың 20 жыл­дық мерейтойына арналған шара­ларды бастағалы отырмыз. Бар­шаңызды Астананың 20 жыл­дық мерекесімен шын жүрегім­нен құттықтаймын. Биыл дәстүрлі мерекеміз Астанамыз­дың 20 жыл­дығына тура келіп тұр. 20 жыл деген тарих үшін қас-қағым сәт. Екі ғасыр тоғысын­да ен дала­да елорда салған жал­ғыз ел – Қазақ­стан. Осы уақыт ара­лығын­да атқарған жұмыстардың бәрі жел­біреген көк Туымыздың астын­да өтіп жатыр», деді Н.Назарбаев.

Президент Қазақстанның аспан түстес көк Туы Астананың қалыптасуы мен бүкіл еліміздің даму жолын айшықтайтынын айтып, 20 жыл ішінде елордада әлемдік деңгейдегі жиындар өт­кізіліп келе жатқанын атап өтті.

«Батыр бабаларымыз біздің зор жеңістерге жетуімізді тілеп, әрдайым туды тік ұстауды өсиет етті. Содан бері біз барлық жетіс­тікке көк Байрақтың астында қол жеткізіп келеміз. «Қазақ­стан, Тәуелсіздік, Астана» деген түсі­ніктер біздің мем­лекетті­гіміз­бен, болашағымызбен біртұтас ұғымға айналды. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, Тәуелсіздік – орындалған арманымыз. Әлем елдері туларының ешқайсысы­на ұқсамайтын көк Туымызды дүниежүзі мойындады», деді Мем­лекет басшысы.

Сондай-ақ Елбасы Тудың маңызы туралы әңгімелеп, ата-бабаларымыздың «Туың түспесін» деп бата бергенін еске салды. «Бұл – киелі бата. Ту – елдікпен тең!», деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының бейбітсүйгіш сипатын атап өтіп, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды сапалы дайындаудың маңыздылығына тоқталды.

«Сіздердің әскери қызмет­теріңіз бейбіт жағдайда өтсін деп тілеймін. Бірақ мемлекет әрдайым өзінің қауіпсіздігі мен шекара бүтіндігін ойлауға тиіс. Сондықтан біз офицерлері­мізді тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайында, жаңа Қару­лы Күштеріміз үшін оқытып, тәрбиелейміз. Әскери қызметті лайықты атқарудың үлгісін көрсетіңіздер», деді Президент.

Н.Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзінде Мемлекеттік туға зор құрмет көрсету Отанды сүюмен пара-пар екенін атап өтті. Бұл қазақстандық патриотизм құндылықтарын және еліміздегі ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.

«Бүгін әскери оқу орын­дары­ның үздік түлектері офицер­лік шен алады. Сіздер арқылы осы жылы оқуын бітіріп жат­қан жас офицерлердің бәрін құт­тық­таймын. Осы сәттен бастап сіз­дер­ге Отан қорғау, Қазақстан азамат­тарының бейбіт өмірі мен тыныш­тығын күзету үшін күрделі де мәртебелі миссия жүктеледі. Сіздер ұлы бабаларымыз аманат еткен қасиетті борышты лайықты атқаруларыңыз керек. Бүкіл өмір жолдарыңызда офицерлік атақ­ты үлкен абыроймен алып жүріңіз­дер!» деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қарулы Күштердің офицерлік шендерін алды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астананың 20 жыл­ды­ғымен құттықтап, халқ­ы­мыз­­ға бақ-береке тіледі. Осы­лай­ша, елорданың мерейлі мере­кесі қарсаңында тәуелсіз Қазақ­станның Байрағы сайын Сары­арқа төсінде желбіреді. Асқақ­тай бер, бейбітшілік пен тұтастық­тың символы – қастерлі көк Ту!

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»