17 Ақпан, 2010

КӨРМЕНІҢ МАҚСАТЫ – ҚАТЫНАСТАРДЫ ТЕРЕҢДЕТУ

2070 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елордадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында Германияның Қазақстандағы жылы аясында ГФР елшілігі және аталған мұражайдың ұйымдастыруымен “Қазіргі за­ман­ғы Германия” атты фотосурет көрмесі ашылды. Өткен 2009 жыл Қазақстанның  Германиядағы жылы деп жария­ланып, жыл аясында екі елдің түрлі салаларындағы ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған ауқымды шаралар ойдағыдай жүзеге асы­рыл­ған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан Республикасы мен Германия Феде­ративтік Республикасы арасындағы қарым-қатынас біздің еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап достық пен сенімділік сипатта бо­лып келеді. Саясат, экономика, мә­дениет салаларындағы қарқынды қарым-қатынастарға жоғары дәре­же­дегі белсенді кездесулер ықпа­лын тигізуде. 2009 жылы Германия тарапынан қолдаудың нәтижесінде Қазақстанның Германиядағы жылы табысты өткізілді”, – деп атап көр­сеткен еді. Осы жылдың 3 ақпанында Аста­нада Германияның Қазақ­стан­дағы жылы салтанатты түрде ашыл­ды. Екі елдің ынтымақтастығы уа­қыт өткен сайын қарқынды дамып келеді. Ал көпшілік қауым көрме­ден Германияның ішкі және сыртқы саясатынан, экономикасы мен ғылыми-зерттеулерінен, мәде­ниеті мен тыныс-тіршілігінен фо­то­суреттер мен деректемелер ар­қылы хабардар болады. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету. Өйткені, Германия дәстүрлі құндылықтары мол, инновациялық технологиялары дамыған ел болып табылады. Көрмені, сондай-ақ танымал неміс фотографы Торстен Эльгердің ерекше композициялық фотосуреттері толықтырып тұр. Көрме 25 ақпанға дейін жұмыс істейді. Бұдан соң көрме еліміздің өзге де көптеген қалаларында  ұйымдастырылады. “Егемен-ақпарат”. АУДАН ЖАСТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ Қандыағаш қаласындағы мәде­ниет үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық –жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіңдіктері” атты Қазақстан халқына Жол­дауынан туындайтын талаптарға сәйкес жастар арасындағы өзекті мәселелердің шешімін табу жолдарына және “Дипломмен – ауылға” жобасын жүзеге асыруға арналған Мұғалжар ауданы жас­тарының форумы болды. Оны “Нұр Отан” ХДП Мұғал­жар аудандық филиалы мен  аудан­дық ішкі саясат бөлімі ұйым­дастырды. Форумда аудан әкімі Серік Шаңғұтов сөз алып, Елбасымыздың жастар мәселесін ұдайы назарда ұстап келе жат­қа­нына, оларды қолдап отырғанына тоқталды. Былтыр аудан мектеп­теріне орналастырылған  63 жас маманның 46-сы ауылдық жерлерге барыпты. Форумға қатысушылар аудан жастарына үндеу қабылдады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. ҚОРЫТЫНДЫ  КӨҢІЛГЕ ҚОНЫМДЫ Статистика агенттігі еліміздің қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын жария етті. Агенттік таратқан мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы деректер бойынша ішкі жалпы өнімнің көлемі 15887,8 млрд. теңгені құрады. Мұнда ІЖӨ құрылымында тауар өндірудің үлесі 43,8 пайызға, ал қызмет көрсету 54,8 пайызға артты. Қазір Орталық Азия өңіріне келетін шетел инвестициясы көле­мі­нің 80 пайызы Қазақстанға тие­сілі екені белгілі. Бұл еліміздің сая­си тұрақтылығы мен дағдарыс жағ­дайында тиімді экономикалық сая­сат жүргізе алған Үкіметтің халық­аралық сахнада өзге елдердің сенім үдесінен шыға білгендігін көрсе­те­ді. Кеше Статистика агенттігі өткен айда республикаға тартылған ин­вес­тицияның көлемінің тағы да бірнеше мәрте өскенін хабарлады. Агенттік төрағасы Әлихан Смайы­лов­тың айтуынша, қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвес­ти­цияның көлемі 175,9 млрд. тең­гені құрады. Сонымен бірге, ол тұ­ты­ну бағаларының индексі қаңтар айында өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 107,3 пайызды көрсеткенін, ал азық-түлік тауар­ларының бағасы – 3,9, азық-түлік емес тауарлардың – 9,4 пайызға, ақылы қызмет көрсету 10,1 пайызға артқанын мәлімдеді. Енді халықтың жан басына шаққандағы орташа табыстарына келсек, агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, ол 39 806 теңгені құрады. Ал халықтың орташа айлығы 13,6 пайызға артып, 82 779 теңге болды. Өткен айда елімізде жұмыссыздар 542,9 мың адамға жетті. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны қаңтар айының соңында 63,4 мың адамды құрады немесе экономикалық бел­сенді халық санының 0,7 пайызын көрсетті. Аталмыш агенттіктің Қа­зақстанның сыртқы сауда айна­лы­мына қатысты таратқан мәліметтері жұмыссыздық деңгейіне қарағанда, көңіл көншітерлік деуге болады. Мәселен, Әлихан Смайыловтың айтуынша, өткен жылы сыртқы сау­да айналымы 7160,4 млн. АҚШ долларын, оның ішінде экспорт – 43195,7 млн. доллар, ал импорт 28408,7 млн. долларды құраған. Бұ­дан басқа салаларға келсек, өткен айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға артып, 884,6 млрд. теңгеге жеткен. Мұнда кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндірістің – 5 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 24,5 пайызға, электрмен жаб­дық­тау, газ, бу беру және ауа баптауда 4,6 пайызға өскенін атап өткеніміз жөн. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 45,1 млрд. теңгеге өсті. Агенттіктің мәліметтеріне қара­ғанда, қазір республикада 299 008 заңды тұлғалар тіркеліп отыр. Соның ішінде 283 505 ұйымның 50 адамнан артық қызметкерлері бар. Жалпы, елімізде тіркелген заңды тұл­ғалардың 188 924-ы жұмыс істеуде. Оның 174 401-і шағын кәсіп­орындар. Дастан КЕНЖАЛИН. БӘСЕКЕНІҢ БАСЫ ЖАЗДА БАСТАЛАДЫ Астанада Қаржы министрлігі Салық комитеті мен “Атамекен” одағы” ҰЭП-тің ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жетекшілерінің еліміздің Кеден одағына кіруіне байланысты салық салу және кеден әкімшілігі мәселелеріне арналған кездесуі өтті. Кездесуде кедендік бақылау мен оны ресімдеуді оңтайландыру, сыртқы экономикалық қызметті дамыту, транзиттік тасымал тари­фін қалыптастырудың нақты тетік­тері, кеден салығы, Қазақстанның Одаққа кіруіне байланысты салы­натын жанама салықтар, оның ішін­де қосылған құн салығы мен акциздер мәселесі жөнінде әңгіме қозғалды. Сонымен бірге, онда өткен жылы қабылданған Салық ко­дексінің нәтижелері туралы мәсе­ле қаралды. Жиында осы мәселелер бой­ын­ша Салық комитеті мамандары мен кәсіпкерлер тарапынан бірқатар мә­ліметтер берілді. Онда биылғы жыл­дың 1 шілдесінен бастап, ен­гізіл­етін жанама салықтар алу кеден органдарынан салық мекемелерінің құзырына өтетіні хабарланды. Сонымен бірге, үш елдің арасында тауарларды жеткізу үшін кедендік рәсімдердің жеңілдетілетіні, сыртқы экономикалық қызметті дамыту үшін тараптардың өзара келісімдер түзіп, барлық мәселені шешуге қолайлы жағдайдың жасалатыны атап көрсетілді. Кездесуде отандық тауар өнді­ру­шілердің шетелдік кәсіпкерлер­мен бәсекеге түсу мәселесі де кеңі­нен қаралды. Мұнда еліміздің астық өндірушілері қандай жағдай болса да көршілес елдерге өз өнім­дерін өткізе алатындарын айтса, “Қаз Алко” сияқты алкогольді ішімдіктер дайындайтын компа­ния­лардың өкілдері керісінше, егер ресейліктер Қазақстан рыногына кіретін болса, онда отандық тауар­ларға деген сұраныс­тың кемитінін жасырмады. Олар­дың айтуынша, мұның себебі тауар­дың сапасында емес, шетел­дік өнімнің көп жарна­малана­тынына байланысты. – Қазір елімізде халықтың 60 пайызы Ресейдің спутниктік теле­ар­наларын тамашалайды. Ал онда жарнаманың көп бөлігі ішімдік­терге арналғаны белгілі, ал біздің елімізде ондай жарнамалар беруге заң жүзінде тыйым салынған. Сон­дықтан 1 шілдеден бастап Ресей компаниялары барлық кедендік ресімдеудің жеңіл түрінен өтіп, Қазақстандағыдай 1 литр спиртке 100 теңге төлеп, өз тауарларын са­татын болса, онда дүкен сөреле­ріндегі ішімдік атаулының бәрі тек солтүстік көршіміздің сапасыз тауар­ларына тола ма деген қаупіміз бар. Біз ресейліктер сияқты алко­гольді ішімдіктерді насихаттап жат­қан жоқпыз, біздің мақсатымыз тек жергілікті халыққа жұмыс тауып беріп, жұмысшыларға жалақы беру, отандық өнімнің аз мөлшерде сатылса да сапалысын ғана сау­да­лау, – дейді “ҚазАлко” қауым­дастығының президенті Әміржан Қалиев. Дастан КЕНЖАЛИН.