
XVI ғасырдағы «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» өз дәуіріндегі заң-жарғылар мен мемлекеттік құқықтардың озық топтамасы ретінде бізге жетіп отыр.
Ал бертін келе «хан біткеннің қазығы болған» әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысының» алар орны – өз алдына бір төбе. Сегіз ғасырдан астам уақыт өзіндік ерекшелігімен халық игілігіне қызмет еткен көне заңдар ережесі осы заманғы заң құқықтарының нормалық жиынтығының ажырамас бөлігі болып қала беруде. Ең бастысы «қара қылды қақ жаратын» би шешімдері қазіргі заманның сот жүйесінің де ең басты мүддесі, іргетасы.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының қоғамдық сипаты мен мемлекеттік жүйесін түпкілікті өзгерткен 1995 жылғы жаңа қоғамға лайықты Қазақстан Республикасының Конституциясының халық үшін маңызы орасан зор болды. Ондағы 7-ші тарау сот билігіне арналды.
Тәуелсіз Қазақстан өркениетті елдермен терезесі тең дәрежеде ынтымақтаса отырып, халықаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін тез арада жаңа құқықтық реформа жүргізу қажеттігін жақсы түсінді.
1994 жылғы ақпанда Президент «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы» қаулыға қол қойды. Осыдан бастап еліміздің сот жүйесін реформалау ісі басталып кетті.
Әсіресе сот әділдігін икемді ету жолында соттардың кәсіби деңгейін арттырып, оларды ұйымдық жағынан нығайту, іс қарауда соттардың тәуелсіз болуын қамтамасыз етудің жаңа жобасы дүниеге келді. Соттардың кызметін қамтамасыз етуде кадр, ішкі шаруашылық істермен айналысу соттан ажыратылып, аппарат әкімшілігіне жүктелді.
Судьялардың әлеуметтік жағдайларын жетілдіру мәселесіне де аталған Қаулыда ерекше назар аударылды. Судьялардың құқықтары мемлекеттік тұрғыдан қорғалып, олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік қолдау үлгілері бекітілді.
Бір жылдан соң, 1995 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы соттар жөне судьялардың мәртебесі туралы» заңдық күші бар Жарлығы жарық көрді. 84 баптан құралған бұл маңызды құжат республикадағы тәуелсіз сот билігі мен судьялардың мәртебесі туралы заңдар ережесін бекітті. Бұл әлемдік тәжірибедегі құқықтық нормаларға сай келетін жаңаша құжат болды.
Қабылданған барлық маңызды құжаттар еліміздің басты символдарының біріне айналған әлемдегі ең жас елорда – Астана қаласының озық тәжірибеге негізделген сот жүйесінің дүниеге келуіне себепкер болды.
Осы тұста еліміздің тәуелсіздігін, отандық сот жүйесі мен бас қала – Астананың даму тарихын бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Сот жүйесінің даму тарихында елордалық соттардың құрылуы мен олардың бірыңғай сот жүйесінде қалыптасуы ерекше орын алады.
Астананың әкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістерге сәйкес 1998 жылғы 11 шілдедегі Жарлықпен облыстық сотқа теңестірілген Астана қалалық соты, сондай-ақ Алматы, Сарыарқа аудандық соттары, кейін, 2009 жылы Есіл аудандық соты құрылды.
2004 жылғы 9 қыркүйекте алғашқы құрылған Астана аумағындағы соттар қайта ұйымдастырылып, аудандық соттар қылмыстық және азаматтық соттар болып екіге бөлінді. 2009 жылы Есіл аудандық соты және Есіл ауданының №2 аудандық соттары құрылып, сот төрелігін атқара бастады.
Есіл ауданының №2 аудандық соты Астана қаласы Сауран көшесі, 32, ғимаратының А блогында орналасқан, судьялар жеке кабинеттермен, ұйымдастыру техникасымен, бірыңғай заңдар базасымен, сот процестерін өткізу үшін 5 сот мәжілісінің залы дыбыс-бейне фиксация жабдықтарымен жабдықталған.
Бүгінгі таңда Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотында штат бойынша 6 судья: сот төрағасы Б.Есенов, судьялар Қ.Тобағалиұлы, Қ.Дүйсембиев, А.Исаева, Ә.Мұсабеков және А.Ешмағамбетова, сонымен қатар сот кеңсесінде: кеңсе меңгерушісі – Ж.Ерназарова, 3 бас маман,
5 бас маман-сот мәжілісінің хатшысы, жетекші маман, аға сот приставы өз лауазымдарына сәйкес қызметтерін орындауда. Осы жылдың жартыжылдығында сотқа 409 тұлғаға байланысты 314 қылмыстық іс түскен, оның барлығы дер кезінде қаралып, сотталушылардың қылмыстық әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілді.
Қазіргі таңда соттың одан әрі даму мақсаты болып сот төрелігіне сенімді арттыру және сот төрелігінің әділдігін, оның жауапкершілігін және тәуелсіздігін, сот шешімдерінің жоғары сапасын және судьялардың біліктілігін арттыру арқылы құқық үстемдігін қамтамасыз ету екенін сот ұжымы толығымен түсінуде.
Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көзделген міндеттерге сәйкес елорда соттарының барлығы жаңа ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етілді, сот процестері 100 пайыз дыбыс-бейнетаспаға жазылып өткізілетін болды. Барлық соттар «Төрелік», «Сот кабинеті» сынды жүйелерімен жабдықталып, деректер базасы біртараптандырылды.
Соңғы 4 жылдың ішінде ғана Астана қалалық сотынан 10 судья Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына судья болып тағайындалды. Бұл көрсеткіш – Астана қаласында жоғары білікті, кәсіби шеберлігі шыңдалған, өмірлік тәжірибесі мол, әділдік пен шындықты бекем ұстанған судьялардан құралған сот корпусының жасақталғанының нақты айғағы.
Орын алған тағы бір тың өзгерістердің бірі – 2013 жылдың қарашасында Астана қаласында өткен судьялардың VІ съезінде Президент сот қауымдастығының алдындағы 5 міндетті айқындап берді: заң нормаларын жүйелі түрде жетілдіру үшін Үкіметке Жоғарғы сотпен Азаматтық процестік кодекстің жаңа жобасын жасау тапсырылды; соттың құрылымын жетілдіру; даулар мен келіспеушіліктерді шешудің баламалы жолдарын енгізу; азаматтардың кең көлемде сотқа қолжетімділігін қамтамасыз ету; судьялар корпусының кәсібилігін арттыру. Аталған міндеттер қазіргі күнде толығымен қарқынды жүзеге асырылуда.
Атап өтсек, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері күшіне енді. Президент жариялы түрде Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясына қол қойды, ол 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енді. Аталған жаңа заңнамалардың нормаларына сәйкес сот құрылымы 5 сатыдан 3 сатылы сот жүйесіне көшті. Сөйтіп сот өндірісі халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, сот үрдісі жасанды әуре-сарсаңнан босады.
Бүгінгі күнде Астана қалалық соты азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін Конституциямызға сай қорғай алатын, қабілеттілігі жоғары сотқа айналғанын дәлелдеп отыр.
Астананы асқақтатқан 20 жыл тарих үшін – қас-қағым сәт. Бірақ қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары Астананың 20 жасқа толуы бүкіл қазақ елі үшін дүбірлі мереке. Жаңа астанамен тәуелсіз ел өсті, іргесі қаланды, нығайды.
Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі өткен 20 жыл мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, шекараның мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең.
Жиырма жылда Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін бейнелеп, дүние жүзіне паш еткен мемлекеттік орталық болып танылып үлгерді. Алдағы уақытта да Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретініне күмән жоқ.
Бақытжан ЕСЕНОВ,
Астана қаласы Есіл ауданы №2 аудандық сотының төрағасы