- Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамып келеді,-деді облыс әкімі салтанатты жиында. - Қасиетті Сыр елі өзінің жер асты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балығымен мақтана алатындай берекелі, құтты мекенге айналуда. Көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған балықшылар слетінің негізгі мақсаты – саланың жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кәсіпті дамытудың жолдары туралы пікір алмасу болады.
Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Соңғы 5 жылда аймақтағы балық аулау көрсеткіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін еурокодқа ие.
Балық өнімдері Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталып жатыр. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артты. 2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32 пайызға өсім байқалды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»