Мешіттің метрикалық кітапшасы, яғни метірке дегеніміз – мешіт имамының өзіне қарасты жамағат ішіндегі туу, қайтыс болу, үйлену және ажырасу оқиғаларын тіркеп отыратын құжат-кітабы.
Патшалық Ресейдің күллі мұсылман жұрты қараған Орынбор мұсылмандарының діни басқармасының барлық құжаты сақтаулы тұрған Уфа архивіндегі біз көрген метірке кітаптары негізінен жоғарыда айтылған төрт бөліктен тұрады екен. Соның ішінде туу фактілерін тіркеу журналында нәрестенің аты, жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөні, руы, осы мәліметтерді тіркеген имамның аты-жөні жазылған. Қайтыс болуды тіркеу журналында марқұмның дүниеден өткен уақыты, жан тапсыру себебі, жерленген жері, тіркеген имамның аты-жөні туралы деректер енгізілген. Неке қию журналында некелесушілердің аты-жөні, жасы, руы, екі жақтың туыстарының аты-жөндері, руы, куәгерлердің аты-жөндері, руы, берілген қалың малдың мөлшері, ру таңбалары, неке қиған имамның аты-жөні, ру таңбасы тіркелген. Талақ тастау (ажырасу) журналында ажырасушылардың аты-жөні, руы, талақ ету себептері, куәлардың аты-жөні, руы, тіркеген молданың аты-жөні, ру таңбасы көрсетілген.
Бұған қоса әр мешіттің мекен-жайы, қай уақыттан бері қызмет ететіндігі, мешіт ұстаушы молданың аты-жөні, жасы, имамдық құжатының нөмірі мен тіркелген уақыты, құжатты берген мекеменің дерегі, имамның білім алған жерлері, ұстаздары, мешіт жамағатының саны, оның ішінде ерлер мен әйелдердің арасалмағы, тағы басқа көптеген деректер қамтылған екен.
Біз негізінен Ішкі қырғыз (қазақ) ордасына, яғни бөкейлікке қарасты мешіттердің метірке кітаптарын ғана шолып шықтық. Архивте сондай-ақ қазақ жерінің Ақмола, Семей, Петропавл өңірлеріндегі мешіттерге қатысты құжаттар да сақталған.
Сонымен, 1801 жылы Бөкей ханның бастамасымен құрылған Ішкі қырғыз (қазақ) ордасы әкімшілік билік жағынан Астрахань губерниясына қарап, бес қисым (бөлік), екі округтен құралғаны белгілі. ХХ ғасырдың басында осы аймақта ресми қызмет еткен 128 мешіт болған екен. Башқұртстан Республикасы мемлекеттік архивінде сақталған «Қырғыз (қазақ) даласындағы мешіттер мен мұсылман діні туралы ведомость» («Ведомость о мечетяхи магометанском духовенста по Киргизской степи») деген құжатта осы 128 мешітте қызмет ететін 129 діни лауазымды тұлғаның тізімі берілген. Бұл тұлғалардың діни білімді Меккеде, Египетте, Орта Азиядағы және Қазан мен Уфадағы діни орталықтар мен оқу орындарында алғаны көрсетілген (И-295 қор, №2 тізбе, №1а іс, «Астрахань, Вятск, Нижегород, Рязан, Симбирск губерниялары мен бірқатар қалалардағы діни орындар және діни тұлғалар туралы ведомость», 386-бетте).
Енді Ғұмар Қарашқа келейік.
Осы кезге дейін Ғұмардың өмір жолын зерттеушілер ақынның туған жылын әртүрлі айтып келді. Мәселен, ғұмартануда көп еңбек еткен зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов өзінің жарияланбаған «Ой төркіндері» монографиясында «Ғұмар Қарашев – 1876-1921 жылдары өмір сүрген көрнекті ақын, публицист, қоғам қайраткері» десе, ғалым Қабиболла Сыдиқов «Замана» жинағының алғысөзінде «1875 жылы Ішкі Бөкейлікте, Қырқұдық деген жерде туған» дейді. Ғалым Исатай Нәсекенұлы (Кенжәлиев) «Ғұмар Қараш» кітабында ақынның 1920 жылы көкек айында өз қолымен толтырған Бөкей губерниялық партия комитетіне тіркеу карточкасындағы «жасым 45-те» деген дерекке сүйеніп, 1875 жылы туған деген пікірге келген. Ғұмартанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұрат та «Ғұмар Қараш» кітабында ақынның туған жылы 1875 деген тұжырымды айтқан еді.
Ал Уфа архивіндегі деректе: «Ішкі қырғыз (қазақ) ордасы Талов қисымы №1 старшындықтың ахуны Ғұмар Қарашев» өз қолымен толтырған метірке кітабында «Мешіт құзырында болған имам уа мударистердің есімі, фамилиялары һәм туған жылдары» деген бағананың тұсына араб әрпімен: «Имам хатиб уа мударрис ахун Ғұмар Қарашоф 1874 санати миладие, 1291 санати хижратие уәжуде келміш-дүр» деп жазған екен. Яғни Ғұмардың милади жыл санауы бойынша 1874 жылы, хижра бойынша 1291 жылы дүниеге келгені анық болды. 1920 жылы толтырған өмірбаянында ақын «45-темін» деп толық жасын ғана көрсеткен екен.
Тағы бір мәселе – осы метірке кітабындағы деректер Ғұмардың білім алған жері, ұстаздары туралы мәліметті нақтылауға да мүмкіндік беріп отыр. Себебі бұған дейін Ғұмардың ұстаздары, әсіресе діни жоғары білімді қай жерден алғаны туралы анық дерек жоқ болатын.
Ғұмардың өмірбаянын тұңғыш рет жүйелі зерттеген ғалым Мұстафа Ысмағұлов «Ағайын-туғандары Ғұмардың оқуға ынтасы барлығын аңғарады. Оны Жанша деген молдаға оқуға берген. Бұдан кейін мешіт ұстаған указной молда Ғұмар Жазықовтың шәкірті болған. Бұл екі молдадан алған біліміне қанағат етпей, Ғұмар Қарашев Ысмағұл Қашқари деген молданың шәкірті болады. Оған да тұрақтай алмай, ақырында бұрынғы Жалпақтал (Фурманов) қаласында мешіт, медресе ұстаған Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттің оқушысы болған. ...Қарашев Ғұбайдолла хазіретке аялдап, осы ұстазынан «мешіт ашып, молда бола алады» деген иршат (куәлік) алып, сосын өзінің ауылында, яғни Қырқұдық басындағы мешітте указной молда болып жүрген» деп жазған. Кейін ғалым Мақсат Тәж-Мұрат осы деректерді қайталайды.
М.Ысмағұлов Ғұмардың жоғары діни білімі туралы ештеңе жазбаса да, М.Тәж-Мұрат «Ғұмар Қараш» кітабында бұл жайында біраз дерек келтіреді. Соның ішінде Ғұмардың Ыстанбұлда оқығаны, Уфадағы «Ғалия», Қазандағы «Маржани» медреселерінде білім алғаны туралы болжамдарды қозғаған. Бірақ нақты құжат, қолға ұстар дерек болмаған еді.
Жоғарыда сөз еткен 1909 жылғы метірке кітабында Ғұмар ұстаздары туралы өз қолымен былай деп жазады:
«Ғылым тахсил еткен медреселері яки имамдары, ұстаздары – Уральский област Сламихин қариесінде ахун молла Ғұбайдулла Ғаликеев, Уфа шаһарында молла Хайрулла Ғұсманов, Қазанда молла Ғабдолғаллам Салихұғлы хазретлерінден».
Мұны қазіргі қазақшаға икемдесек – Ғұмардың ілім алған медреселері мен ұстаздары – Орал облысы Сламихин (қазіргі Жалпақтал) ауылындағы ахун молда Ғұбайдолла Ғалікеев, Уфа қаласынан молда Хайролла Ғұсманов, Қазанда Ғабдолғаллам хазірет Салихов» болып шығады.
Метіркеде Ғұмардың имамдық еткен мешіті Оразақай ауылында тіркелгені, бұл мешіттің атырабындағы сахара тайпалары – Қояс, Қостамғалы, Қазанқұлақ, Үйсін (ноғай-қазақ руының бөлімдері) екендігі, мешіттен ең жырақ ауылдары – 15 шақырым мұғдарында тұрғандығы, жалпы старшындық аумағында 1117 ер, 1135 әйел адам бар екендігі, мешіттің метірке кітабы 1886 жылдан бастап жүргізіле бастағандығы жазылған.
Біз жоғарыда келтірген «Қырғыз (қазақ) даласындағы мешіттер мен мұсылман діні туралы ведомость» («Ведомость о мечетяхи магометанском духовенста по Киргизской степи») деген құжатта (Башқұртстан Республикасы мемлекеттік архиві, Уфа қаласы, И-295 қор, №2 тізбе, №1а іс, 386 бет) Ғұмар Қараштың есімі №62 болып тіркелген.
«Талов қисымы 1 старшындық мешіті «Казачий лиман» деген мекенде орналасқан, мешіт жамағаты 1107 ер, 1109 әйел адамнан, 545 шаңырақтан тұрады, мешіт 1884 жылы қоғамның рұқсатымен тұрғызылған, тіркеуге 1886 жылы алынған, ахун Ғұмар Қарашевқа Астрахань губерниялық басқармасы 1903 жылғы 21 ақпанда бекіткен №637 куәлік берілген» делінген бұл құжатта.
Енді бірер сөзді Ғұмардың өзі «ұстаздарым» деп көрсеткен Хайролла Ғұсманов пен Ғабдолғаллам Салихов хақында айта кетейік.
Орынбор мұсылмандарының діни басқармасында қызмет атқарған Ризаэддин Фахриддиннің «Асар» атты кітабында (1900-1904 жылдары Қазан, Орынбор баспаларында бірнеше мәрте жарық көрген) жоғарыдағы екі хазірет туралы да дерек берілген екен.
Хайролла Ғұсманұлы – Уфадағы бірінші жамиғ мешітінің имам және мударрисі, ахуны болған, 1907 жылы 1 қарашада 61 жасында дүниеден өтіп, Уфада жерленген.
Хайролланың әкесі Ғұсман діни білімді Бұхарада алыпты. Кейін Істерлітамақ уезіндегі Ибрай ауылында мешіт ұстаған. Ұлы Хайролла сол жерде дүниеге келген. Хайролла болса Уфа шаһарында тұңғыш медресе ашып, шәкірт оқытқан ұстаз екен. Уфада ахун Шарафуддин Абдулуахитұлы дүние салған соң, орнына имам және ахун қызметін атқарған. Діни басқарма мүшесі, қази қызметін атқарып жүріп өмірден өтіпті. Хайролла хазірет ашқан «Усмания» медресесінің ғимараты Уфада күні бүгінге дейін сақталған екен.
Ал қазандық Ғабдолғаллам хазірет Салихұлы туралы Ризаэддин Фахриддин оның «Қазан қаласындағы ІІ жамиғ мешітінде имам және мударрис болғанын, 1899 жылы 17 қаңтарда 70 жасында қайтыс болғанын» жазады. «Мәшһүр Жүніс ахунның жұрағаты еді, әуелі Хабиболла Рахманқұлынан оқып, кейін Бұхарадан діни білім алып келді. Өзі туған Чыршы ауылында имамдық етті, 1880 жылы Тәжетдин Баширұлы әл-Курсави дүниеден өткен соң Қазанға көшіп келіп, қайтыс болғанға дейін шәкірт оқытты» делінген Ғабдолғаллам хазірет туралы.
1885-1887 жылдары ашылған «Усмания» медресесінде 1890 жылдардан бастап сабақ жаңа тәртіппен, яғни «ұсұл жәдитпен» оқытыла бастапты. Ғұмардың Қырқұдықтағы медресесіндегі жәдитшілдік төркіні қайдан шыққаны енді белгілі болғандай.
Әрине, ғұмартануда ашылмаған ақтаңдақтар әлі де жетерлік. Әсіресе 1917 жылғы Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің делегаты, Орынбордағы жалпықазақ съезінде қази болып сайланған Ғұмар Қараштың діни қызметі жеке зерттеуді қажет етеді. Біз бүгін Уфа архивінде көзімізге шалынған кейбір деректерді ғана ортаға салып отырмыз.
Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал – Уфа – Орал