Аймақтар • 19 Шілде, 2018

«Кендірлі» курорттық жобасы қашан жүзеге асады?

1454 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маңғыстау даласының сұлу табиғаты – айрықша келбетті тау мен тас, жазық дала мен терең ойпат, тарихи-мәдени ескерткіштер дала туризмін дамытуға сұранып тұр. Ал теңіздің тұзды суына шомылып, күннің шуағына армансыз қыздырынып, жантая жатып демаламын дегендер үшін Каспий жағалауындағы қолайлы жерлерді кәдеге жарату қажеттігі туындайды. 

«Кендірлі» курорттық жобасы қашан жүзеге асады?

Осы орайда көптен ел аузында, қағаз жүзінде, ақпарат айдынында жүрген Кендірлі шығанағы алдымен ауызға ілігеді. Жаңаөзен қаласынан 70 шақырым қашықтықтағы шалғай шетте қолға алынған, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде әлемдік деңгейдегі алғашқы курорттың құрылысын салу ел Үкіметінің 2014 жылғы 19 мамырдағы № 508 қаулысымен бекітілген және Қазақстанның туристік саласын 2020 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасында белгіленген басым жобалардың бірі болып табылатын жобаның жүзеге асырылуында асығыстық жоқ.

Жыл сайын «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа қарасты демалыс базасы деңгейінде қызмет етіп, мұнайшыларды және аз-маз қонақтарды қабылдап келе жатқан шығанаққа қатысты жобаның межеленген шыңына шарықтай шығып, теңіз жағасындағы айтулы курортты аймақ ретінде жарқырай көз тартып, алыс-жақын елдердің туристерін шақыруына қашан қол жеткіземіз?

Жобаны жүзеге асыру аясында, яғни Кендірлі курортын дамыту жүйелік жоспарына сәйкес, сыйымдылығы 60 мың төсек-орын, оның ішінде 40 мың орын туристерге және 20 мың орын қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған 22 қонақ үй, 16 400 резиденция салу көзделген. Сондай-ақ келушілерге қыз­мет көрсету үшін бөлшек сауда орталықтары, ашық ас­пан астындағы және жабық жер­лердегі спорттық жарыс­тар үшін ғимараттар, үш го­льф алаңы, яхталық айлақ жә­не жергілікті халық үшін қоғ­ам­дық мақсаттағы әртүрлі ғи­мараттар, өзге де көптеген ғи­мараттардың құрылысын салу қарас­ты­рыл­ған. Жалпы құны шамамен 3,3 млрд АҚШ дол­ларын құрайтын жобада 2020 жылға дейінгі есептел­ген инвестиция көлемі 1,96 млрд АҚШ долларын құ­райды.

Қазіргі таңда Кендірлі ку­­рортты аймағын жүзе­ге асы­­ру үшін толық инфра­құ­ры­­лымға қол жеткізу, әуе­жай құрылысын салу жә­не аймаққа газ жеткізу мәсе­ле­лері күн тәртібінде тұр. Алды­мен ауқымды жобаны қолға ала­тын сенімді инвестор та­бу өзекті. Бұл тәуекелге, яғ­ни курортты дамытуға гер­маниялық ChironGmbH ком­паниясы (негізгі инвес­то­рлар – Analoga және CESAInvest) қызығушылық біл­дірген. «Кендірлі» куро­рт­ты аймағы құрылысын салу­ға қатысты Қазақстан Үкі­меті мен Германия ара­сын­­дағы келісімнің жобасы Маңғыстау облысы әкім­ді­гі­нің тиісті мемлекеттік орган­дарымен қарастырылып, ұсы­ныстар мен ескертулер Инвес­тициялар және даму министрлігіне жолданған.

Неміс компаниясы Кен­дір­лі шығанағында 2700 гек­тар­ға жақын алқапта жайлы қо­нақүй кешендерін, яхтаға ар­нал­ған айлақтар, бөлшек сауда дүкендері, тұрғын үйлер мен кеңселер және басқа да курорттық қаланың өмірі үшін қажетті инфрақұрылым енгізілетін туристік курорттық қала ашуға ниет білдіруде. Жобаның бірінші кезеңін іске асыруда үш қонақүй, оның ішінде біреуі бес жұлдыздан кем емес дәре­жед­егі қонақүй-казино, қажетті инженерлік-көлік ин­фра­құрылымы, одан кейінгі жылдары әрі қарай ке­­ңейтумен тұрғын үйлер ке­шенін, тұрмыс қызметін көр­сету нысандарын салу кірген.

Инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жа­сау мақсатында «Кендірлі» ку­ро­ртының сыртқы ин­женерлік инфрақұрылымы ны­сан­дарын респуб­ли­калық бюджет есебінен салу жоспарланған. Оның ішін­де «Окарем-Бейнеу» газ құбыры тартылды, «Өзен­мұ­найгаз» АҚ Кендірліде су тұ­щыту зауыты құ­ры­лысын салуды жүзеге асыру бойынша жұ­мыстар жүр­гізуде.

Кендірлі әуежайы құры­лы­сының техникалық-эко­­но­ми­калық негіздемесін түзету бой­ынша жұ­мыс жүр­гізіліп, мем­лекеттік сараптама мен эко­­но­ми­калық са­раптаманың қорытындысы алынды. Об­лыс әкім­дігі «Маңғыстау облы­сы­ның Кендірлі курорт­тық ай­­мағының аумағында ұшу-қону алаңымен Кен­дірлі әуе­жай­ының құрылысын салу» жо­басын кон­цес­сия­лық жоба ретінде жүзеге асыру туралы шешім қа­былдады.

Демек, курортты дамыту бағытындағы жұмыстар әзір­ге тек жоба күйінде, ұсыныстар, шешімдер ретінде құ­жаттарда ғана «өмір сүруде». Кендірлідегі көп істің ке­шеуілдеуіне не кедергі – қаражат па, айдалаға апарылар инфрақұрылым қиындығы ма, әлде барды біліп, жоқ­ты түсініп, тиімді келісімге келетін инвестор табу ма? Әлі қанша уақытқа дейін көкейдегі әдемі курорт пен қағаздағы жылтырақ есептерге телміретініміз бел­гі­сіз...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше