Медицина • 24 Шілде, 2018

Қаралы үйдің қонақасы қағидатын қайта қарау қажет

3902 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Серікбай Тұржан қарияның «Ысырапшыл дәстүрден арылайық!» деген мақаласымен танысып, көптің көңілінде жүрген мәселені жайып салғанына разы болдық.

Қаралы үйдің қонақасы қағидатын қайта қарау қажет

Ой елегінен өткізсек, әлі біздің қоға­мымызда орынды-орынсыз­ сән-салтанат жетіп-артылады. Ру-руға бөлініп алып, жыл сайын ас беру, ат шаптыру көп аймақта үй­рен­шікті дәстүрге айналды. Ата-бабаларымыздың тарихын зерттеу, ұлт батырларын еске алу, аруақтарға ас беру, өңірдің бел­гілі тұлғаларына, батырларына ескерт­кіш пен күмбез-белгі орнату, білгенімізді қағазға түсіру, олардың есімдерін келер ұрпаққа жеткізу керек те шығар. Бірақ бұл тым шегінен шығып, бәсекеге айналып кетпеуін ұмытпауымыз керек сияқты.

Өткен күндердің бірінде Ақ­тө­бе өңірінің діни басқармасы облыс көлеміндегі имамдардың басын қосып, қайтыс болған адамның қо­нақасы садақасын ықшамдап өткізуге, ысырапқа жол бермей, өлікті соңғы сапарға шығарып салу кезінде төбе басында ақша, шай таратпауға үндеу тастады. Бұл өте құптарлық ұсыныс бүгінде өз нәтижесін беріп, көпшіліктен қолдау тауыпты. Сол үндеу елі­міз­дің бүкіл аймақтарында қаперге алы­­­­нып, іске асқанын қалар едік. Шын­­дық қой, тек қазақ қан­дас­­тары­­мыздың ортасында ғана осындай ысырапшылдық, аста-төк кеңі­нен етек алып барады. Тіпті, жарысқа түскендей, бірінен-бірі асып түскісі келеді. Кім екенін көп­­шілікке көрсетіп қалғысы келгендей.

Айтыңызшы, қатар тіршілік етіп жатқан этнотоптарда (өз­бек, дүнген, ұйғыр және тағы бас­қалар) кісісі қаза болған отбасында үш күнге дейін қазан көтеріліп, ас пісірілмейді. Қонақасы деген олар­да мүлдем жоқ. Сырттан кел­ген жекжат-жамағаттарға көр­шілері мен туыстары үйлеріне ша­қырып, ас-су береді. Ал бізде қа­за болған үйдің ауыртпалығын бө­лісудің, уайымын көтерудің ор­нына олардың жақындарын әлек-сарсаңға салып, жылқы сой­ғызып, қазан-қазан ас пісіртіп, базарға жүгіртіп, үстел қайысқан көлдей-көлдей дастарқан жайдырып, азаннан кешке дейін көңіл айтып келгендерге ас-шай беруге мәжбүр етеміз. Бір бөлмеде қаза болған кісілердің жақындары жаны күйзеліп жылап-сықтап отырса, екінші бөлмеде немесе аулада қойылған шатыр астында әңгімені гөйітіп, ара-арасында әзіл-қалжыңмен қағысып, сылқ-сылқ күліп, ас жеп, ыстық сорпа мен шайға шып-шып терлеп отырған жандарды көріп жүрегің мұздайды. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дегендей, соңғы жылдары қалыптаса бастаған осы жағымсыз дәстүр орынды ма? Бізден басқа қай халықта осындай әдет-ғұрып бар?

Енді қаза болған үйдің мү­ше­лері ұйымдастыратын қона­қасыға келейік. «Қонақасы» деген сөздің өзі айтып тұрған жоқ па, ол кімге арналғанын. Бұл – алыс жерден, сырттан кө­ңіл айтып, жерлеуге, өмірден өткен жақын адамға топырақ салу үшін келген қонақтарға, жекжат-жамағатқа берілетін ас. Ертеде солай болып қалыптасқан болатын. Ал қазір біз оны үлкен той дәрежесіне көтеріп жібердік. Мейрамханаға орынды-орынсыз 300-500 адам қаза болған үйдің есебінен мол дастарқан басына жиылып, тойғанымызша ас ішіп, ет жеп, қымыз-шұбат ішіп, алма-өрік жеп, шаймен сусынымызды қандырамыз. Сонда кім болғанымыз? Мұны қандай қасиет деп қабылдауымыз керек?

Қазақ дәстүрінде жоқ бейсен­білік беру, жүздік өткізу соңғы жыл­дары өмірімізге енгені рас. Бұл да бекершілік, Құранда жә­не басқа да діни кітаптарда жоқ жаңа дәстүр. Өмірден озған адам­ға Құран оқыту кез келген у­ақытта бола береді емес пе? Неге апта сайын мал сойып, қазан көтеруді жалпы халыққа міндеттеуіміз керек?

Әр аймақта діни басқармалар, бас имамдар, жергілікті мешіт қызметкерлері бар. Олар неге осы мәселелерге көңіл аудармай­ды? Олардың әрқайсысы жергі­лікті халыққа талап-тілек­тер­ді жеткізіп, теріс, керексіз дәс­түр­­лерден тазартып отырса несі артық? Бұл көптен бері біразы­мызды толғандырып жүр­ген ой болатын. Дер кезінде көте­ріл­ген ойласуды барымызша қол­даймыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық ойлы мақаласында да «Қаны­мызға сіңген көптеген дағдылар мен тап­таурын болған қасаң қағи­да­ларды өзгертпейінше, біз­дің толық­қанды жаңғыруымыз мүмкін емес», деп көрсетілген емес пе. Ендеше, еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын ұғып, оны алға алып бару үшін рухани болмысты барынша мықты етіп қалыптастырып, ұлттық сана мен рухты әр ойлы азаматтың бойына сіңірсек қана іске асатынына қосыласың. Аяқтан шалатын кереғар пиғылдан, керексіз салт-дәстүрден арылғаны жөн.

* * *

Қысқасы, мына беймаза дү­ние­де ой талқыға салатын көлең­келі тұстарымыз жоқ емес. Бұл күндері көпшілік арасында «Рухани жаңғыру» мәселесі қызу талқыланып, көп мәселе қайта қаралып, қолдау табуда. Жоғарыда айтылған жайттар да елдің қаперінде болып, орынды шешімін тапса артық болмас еді. Бұған діни қызметкерлеріміз де өз пікірлерін қосқаны жөн. Ендігі әңгіме соларда!..

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

ТАРАЗ