Маңғыстау облысында бүгінде 61 ауылдың 34-і талшықты-оптикаға қосылған. Ал облыс мектептерінің 55%-і мен медициналық мекемелердің 8%-і 10 Мбит/с-тан астам жылдамдықпен жұмыс істейтін жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдаланады. Жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында облыстық әкімдік пен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Жол картасы» құжатына қол қойылды.
Құжаттың негізгі бағыттарының бірі – ауылдық елді мекендерде халықтың интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауы арқылы ел экономикасының барлық саласын цифрландыру қызметтері сервистерінің бірыңғай деңгейін қамтамасыз ететін инфокоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысу және серіктес болу. «Жол картасына» сәйкес 2018-2019 жылдар аралығында 16 ауылға, оның ішінде МЖС жобасы бойынша 6 ауылға ТОБЖ салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде LTE 800 технологиясы бойынша 4G жаңа буынының сымсыз қатынау желісін салу жоспарланды. Талшықты-оптикалық желіні кеңейту барлық ауыл тұрғындарын цифрлық қызметтермен, КЖҚ және ұтқыр байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді бірыңғай корпоративтік желіге біріктіріп, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсатты көрсеткіштерін орындауға мүмкіндік береді. Екіжақты бірлескен іс-шаралармен шешілетін өзекті міндеттердің бірі – облыстың барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарының интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауын қамтамасыз ету. 2018 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысының барлық 134 мектебі мен 111 медициналық мекемесін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл арқылы білім беру және денсаулық сақтау саласында цифрландыру жобаларын жүзеге асыруды жеделдетуге қол жеткізілмек.
«Қазақтелеком» ұсынған келесі жоба – «Smart Sity» қанатқақты жобасы. Тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған инновациялық өнім нақты уақыт режимінде үйде болып жатқан жағдайларды бақылауға, оқыс жағдайлар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Ақтау қаласының 15 шағынауданындағы № 35 үй «Қазақтелеком» АҚ қосқан күзет және өрт қауіпсіздігінің зияткерлік тетіктері бар Қазақстандағы ең алғашқы «Ақылды үй» болды. «Ақылды үйдің» сымсыз бейнекамера, қозғалыс, есіктің ашылу тетіктері қосылған өзінің бақылаушысы бар. Детекторлар қозғалысты, есік немесе терезенің ашылғандығын, бір нәрсенің жанып жатқандығын лезде бағдарлайды, ал бейнекамера оқиғаны тіркеп, суретті есеп жібереді. Туындаған қиындық туралы үй иесіне смартфонға орнатылған ұтқыр қосымша арқылы жедел хабар беріледі. Атап өту керек, пәтер иелерінің жабдықты сатып алуының қажеті жоқ, өтінім бойынша «Қазақтелеком» АҚ жабдықты өздері әкеліп, орнатады, құрастыру уақыты 40 минуттан аспайды.
«Ақылды үй» пәтердің кешенді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғындар енді қаскүнемдердің үйге кіруі немесе үй иесінің болмаған кезінде болатын апат туралы алаңдамайтын болады. Жүйе ұялы телефонға хабарлама жіберіп, кез келген қиындық туралы лезде ескертеді, пәтерде нақты не болып жатқандығын және көмек шақырудың қаншалықты қажет екендігін ұтқыр қосымша арқылы кіріп, көре алады. Сондай-ақ №35-үйдің тұрғындары қазақстандықтар арасында кеңінен қолданылатын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қосыла алады. «Бұлтты бейнебақылау» қызметі тұрғындарға өз үйінің жанында және подъезде болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде ұялы телефон құрылғысы немесе дербес компьютерінің көмегімен бақылауға мүмкіндік береді. Сурет сапасының өте жоғары болуы подъезге кірген адамның бет-бейнесін дәл айыруға мүмкіндік береді және архивтегі бейнежазбаларға оңай қол жеткізеді, жазбалар 7 күнге дейін сақталады. Подъезге бірыңғай бейнебақылау желісіне қосылған екі бейнекамера орнатылады, олар подъездерге кіре беріс пен олардың алдындағы аула алаңдарын түсіреді.
Бұл бағыттағы жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ ағымдағы жылы Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында 250 үйге 1650 бейнекамера орнатып, көпқабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қатынауын қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында «Қазақтелеком» АҚ-ның тағы бір жаңа өнімі – «Ақылды ТКШ» қызметі таныстырылды. Пәтерлер мен үйлерге күн сайын тұтынылған судың, газдың, электр энергиясының немесе жылудың саны туралы ресурстық компанияға хабарлар беріп отыратын ақылды құралдар орнатылады. «Ақылды ТКШ» ресурстардың нақты қанша пайдаланылғандығы, түрлі апатты жағдайлар немесе ұрлық кезіндегі шығынның қанша екендігі туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Бұл өнім ресурстық компаниялардың «күрделі» орындарды анықтауына және оларды жөндеу жұмыстарын жоспарлау мүмкіндігімен қалпына келтіруіне ықпал етеді.
– Бүгінде өңірде жүзеге асырылатын маңызды жобалардың бірі – Бейнеу және Қарақияқ аудандарын цифрлы қызметтермен қамтамасыз ететін «Цифрлы аудандар» жобасы. Біздің тарапымыздан бұл жобаны жүзеге асыру үшін интернет желісіне кеңжолақты қатынау қызметтерінің деңгейін 100 үйге шаққанда республикалық орташа деңгей 29%-тен 60%-ке дейін қамтамасыз етуге күш салуға бағытталатын болады, дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қ. Есекеев.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы