23 Ақпан, 2010

СӨЗ СОЙЫЛ

1186 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
СОТҚА ЖЕТКЕН МЫСЫҚ МӘСЕЛЕСІ Иә, Семейде мысық мә­селесі сотқа дейін жетіп отыр. Шиеленіскен бұл мәселенің мәнісі мынада. Көршінің мысықтарынан зәбір көріп, жапа шеккен мысығын иесі мал дәрігерлік клиникаға алып бармай ма! Ондағы дәрігер “науқастың” іріңдеп кеткен жарасына дәрі егіп, сонсоң же­лімді қағазбен буып тас­­­тапты-мыс. Мынадай қор­лаудан кейін мысығым менің өзімді тістеп алды дейді иесі. Ал дәрігер бол­са, желімді қағазды дәкені бе­кіту үшін қол­данғанмын дейді. Сонсоң өзара дауласа келіп, сотқа жүгінеді. Мысық иесі мал дәрігерін әлі оқуын аяқтамаған біліксіз маман деп одан бақан­дай бір мың доллар моральдық шығынды талап етіп отыр. Жоғарыда айтқандай, дәрігердің де оған қарсы өз дәйектемесі жоқ емес. Шын­ды­ғында да, жа­расы жанына бат­қан мақұ­лық­тың кімді болсын тістеп алуы әбден мүмкін ғой. Бірақ біз бұлай дегенде соттың алдына түсіп, алдын ала билік айтудан аулақпыз. Десе де, бізді бұл мәселенің екінші қыры таңдандырып отырғанын жасыра алмаймыз. Өйткені, қазірде өз арамызда еуропалықтарға еліктеп, ажалы жеткен мысығы мен итін “арулап” көміп, солардың басына тәу ете бастағандар етек алып барады. Ал енді, міне, басымызға төніп отырған әлемдік дағдарысты да елемей мысық үшін соттасып, хаттасып жатырмыз. Рас, біз бұлай дегенде хайуа­наттар әлеміне ешқандай жан­ашырлық керегі жоқ демейміз. Бірақ, қалай десеңіз де, Құла­гердің өлімі мен Ақан серінің оны зар илеп жоқтауы тіптен де басқа әңгіме ғой. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. ТИІСЕ КӨРМЕҢДЕРШІ ОҒАН Азаматтар, мына бір еңселі ескерткішке тиісе көрмеңдерші! Өтінемін, жалбарынамын – сол бір тұғырға тиіспеңдерші! Өйткені, ол мен үшін ардақты да асыл ескерткіш... Бірден айтайын, сіз ойлағандай мен коммунист те емеспін, күн көсемге табынған пенде де емеспін. Бұлайша, “тиісе көрмең­дерші” деп боздауымның себеп-салдары салмақты... Қысқаша, бір ауыз сөзбен түйіндеп айтсам... Алдымен, жарық дү­ние­ге келіп көз ашқанда көр­генім, осы ескерткіш. Содан, ол үйімізге тақау орналас­қандық­тан, бұлтты күні күн көзін көре алмасақ та ал ана ескерткіш көз ал­дымда көлбеңдеп тұрады. Ба­лалықпен тұғыры тұрмақ ба­сына шығып талай ойынымыз осыл­ған. Е, ең алғашқы махаб­батыммен осы ескерткіш түбінде шүйіркелескенім есімде... Ал осының қалқасында тұрып бөтелке ашып, ауызданған түнді қалай ұмыта аламын... Әскерге кетерде ғашығыммен осы тұста әмпей-жәмпей болып таңды атырмап па едім... Е, несін айтайын, әйел үйден қуып шыққанда талай рет осы тұсты паналады емеспін бе! Қайтейін, бүкіл ғұмырыма осы ескерткіш куә! Ойлап көрсем, бұл ескерткіш алдында бар өмірім өтіпті... Азаматтар, сұранарым – барым да, базарым да болған осы бір ескерткішке тиісе көрмеңдерші! Аударған  Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. ЖЕМҚОРДЫҢ ӨСЕТІН ЖЕРІ Жайқалып құрақ көлде өсер, Сексеуіл сусыз шөлде өсер, Жалмаңдаған ЖЕМҚОРЛАР, Жауқазындай елде өсер... Қоғам менен халықтан, Жейтін түрлі “жемге” өсер... Бір нәр алса болғаны, Дарақтай боп демде өсер, Қазынадағы қаржыдан, Жеуге ыңғайлы жерде өсер, Тамыры кетіп тереңге, Теректей болып төрде өсер... Оларды осал “жерлесе”, Құрықтап дұрыс “көмбесе”, Бәрібір кейін “көрде” өсер... ЖАРЛЫ МЕН ЖАЛАҚЫ “Зарплатым” зорға бір, Тиіп еді қолға бір. Түрлі төлемақылар... Тосып мені жолда тұр. Қордаланған қарыздар... Кес-кестеп жолды ол да тұр. Басқа да түрлі парыздар... Олармен бірге сол да тұр. Азғантай алған айлығым, Шамалы ғана шайлығым, Менен ұзап алысқа, Кеткісі келмей, қолда тұр. Не істесем екен, ә ?! Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ, Қызылорда. ӘЛДУ-БӘЛДУ АЛҒЫС Ақшаң қалтаңа, қуанышың қойныңа сыймасын. * * * Қызметің жыл сайын, айлығын ай сайын өссін. * * * Саған қастық ойлаған кісі несиесін төлей алмай сандалсын. * * * Қатының ұл тапсын, ұлың өсіп пұл тапсын. * * * Ақшасы көпке, ақылы жоққа жолық. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. Танымал сатирик-ақын Нұртан Төлепбергенұлы “Алты әзілкеш”, “Қырсыздарға – қырық тоқай”, “Қия­меттің қыл көпірі” атты са­тиралық өлеңдер жинағы арқылы әзілсүйер қауымға “әйгілі” болса, соңғы жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің демеуімен “Қазіргі қазақ сатирасы” серия­сы­мен “Мыстан кемпірдің амалы” атты әзіл-оспақ, мысқыл-мысал өлеңдер жинағы жарық көрді. Біз бүгін сатириктің әр жылдары баспа бетінде жарық көрген “бір қоржын” сықақ өлеңдерін оқыр­ман­дарымызға ұсынып отырмыз. ЖЕҢГЕНІҢ ЖЕҢГЕТАЙЛЫҒЫ Жеңгесі оңашаға Шақырып алып Рәшті, Мынандай бір сыр ашты: – Әй, Мырзақыз-ай, Аманжолды Ренжіткенің жаман болды. “Менен басқа біреуді сүй!”, – депсің. Аманжолға тимегенде, Енді кімге тимексің?! Байлық десең – байлығы бар, Үш мың теңгедей айлығы бар, Үш бұзаулы сиыры, Екі биесі тайымен бар, Бес бөлмелі үйі, Қора-жайымен бар. Жоғары қызмет істейтін, Бір стақан арақ болса да Аманжолсыз ішпейтін, Арқасүйер жолдасы бар, Ол сияқты жігіттердің Қайсысының “Волгасы” бар? Басқа бір әлжуазға барсаң, Бір киер киімге, Не ақша, тиынға Жарытпай құртады ғой. Айыбы месқарын демесең, Аманжол – жігіттің сұлтаны ғой!.. Сол Аманжолдың арқасында Алшаң басып жүрмейсің бе?! Айтпақшы, ағасы Тұлыпбектің Директор екенін білмейсің бе? Өзіне тете ағасы – Қойма меңгеруші ғой деймін, шамасы, Ал, енді ана інісі – Танитын шығарсың Бүкірді? ҚазГУ-дың заң факультетін Биыл ғана бітірді. Қызмет істеп, мал табатын Ол да сенің қолқанатың. Менің тілімді алсаң, Мырзақыз, Бәріміз де ырзамыз, Аманжолға айтқан сөздеріңді, Қайтып өзің ала қойғын, Балтай-шалтайды қайтесің, Әйелі болып бара қойғын! *** Осы желікпемен Рәш байқұс Аманжолға тимек ойы бар. Ал жеңгесі болса, Құдалықтан түскен ақшаға Құндыз пальто кимек ойы бар. ІШУДІ КІМ ҮЙРЕТТІ Жүруші едік жайлауда Қымыз ішіп, қыдырып, Бұл қазекең, о тоба, Кеткен неге құбылып?! Ішуді біз үйрендік Иван менен Бористен, Озып кеттік олардан Күніміз жоқ қалысқан. Жетпіс жылдай желпініп, Сеніп келдік одаққа Арамызға жел кіріп, Алданыппыз араққа. Тапқанды жұмсап таңдайға Алжастық біз ақылдан, Бақ боп біткен маңдайға Ажырастық қатыннан. Басқа дінге шоқынды, Безбүйрек боп баламыз, Жат санаймыз жақынды Қайда кетіп барамыз? Кеше біздер кім едік, Оқымай-ақ оздық қой... Кедей болып жүдедік, Ішіп-құсып, тоздық қой. Ішкіш адам намыссыз, Туысың да жат болды. Қоя алмай бұл тажалды Кетеміз бе, о, жаратқан?! Кейбіреудің ажалы Болып жатыр арақтан. Ішу деген жараспас, Бұл мұсылман халқына, Оған ешкім таласпас, Оралсақ ата салтына. ЕСІРКЕУ КЕРЕК ЕСЕКТІ... Салпаң құлақ есекті Хайуанаттар арасында Ақымағы десек те, Икемді әр жұмысқа. Өйткені, ол, тегінде, Ие болған сенімге, Тақ тұяқтылардың тарланы Жылқыменен туыс та. Бұл есектің аттандап, ақырып, “Атойлап”, бақырып, Желігетіні бар табанда. Сол себептен бе, “Есектің күші – адал, Сүті арам ба?” Әйтпесе, сонау көне ғасырдан Алтын да тасыған, Күміс те тасыған. Қап-қап күрішті де, Қат-қат затты да, пүлішті де, Құм да тасыған. Қадыр ақынша айтқанда: “Мысыр мен Үндінің Екі арасын шарлаған. Құрып талай ындыны, Құдайын да қарғаған”. Былайша айтқанда, Атқарар жұмысы ауыр болған, Құмжілік боп, арып-ашып, Арқасы талай жауыр болған. Ал енді, мынаны қараңыз: Шошқа деген арамыңыз Жесе – тамаққа тоймайды, Қорсылдап батпақта “ойнайды”. Сонысына қарамай, Ешбір жұмысқа жарамайды, Адамға масыл болған. Аталса да “харам, доңыз” Деген жаман... аты Адал хайуанаттардың Сапында қалай саналады?! Расында да есектің, Сүті арам десек те, Еңбегі адал екен ғой.. Қарап отырсаңыз бұл өмірде, Әділеттілік жоқ екен ғой!.. Нұртан ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ, Алматы. БҮГІНГІ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ “Ауыз әдебиеті” дегенді әріден айтсам, бұл – фольклор. Яғни, ауызша айтылар жыр-дастан, хикая, тағы басқалар болып, ұрпақ тәрбиесінің өзекті құралы болғаны баршаға аян. Осы фольклордың мән-мазмұны бір кездері, яғни қо­ғам сатысымен айтсақ, фео­дализм кезінде – ХХ ғасырдың басына дейін мына тұрғыда баяндалыпты: “Кедей болып дүниеге келеді. Есейіп ержетіп, ақылдылық арқасында адал еңбекпен арма­нына жетеді... Болмаса, жапыра жау шауып, елімен еңіреп ержетіп, кек алуға аттанып, батыр болып, бақ орнатады. Аталар айтқан ауыз әдебиеті – кілең батырлық, адал махаббат, адамгершілік, әдет-ғұрып төңірегінде өрбіп, бір сөзбен – өрелі ұрпақ өсіп-өнетін”. Ал одан кейінгі кезеңде, яғни социализм заманында – ұранымыз “Жа­са­сын партия!” деп, “Ұлы Ленин ұрпағы” боп өстік. Қарша­да­йы­мыз­дан галстук тағып пионер ата­нып, партия жырын жырлап өстік. Есейіп ес кіре ком­сомолға өту па­рызымыз бо­лып, еститініміз де, оқиты­­ны­мыз да, болашағымыз ком­­му­низм болып, қалқан құла­ғы­мыз қал­қа­йып уайым-қайғысыз ер жеттік. Тек партияны тыңдап, айда­ға­нымен жүрсек, күндердің бір күнінде коммунизм атты ғажап кезеңге тап бола­ты­ны­мызға құ­дайдай сендік. Еститін әніміз де, жырымыз да, яғни аға ұрпақ айтар фольклорымыз осы тұрғыда ғана айтылатын. Ал қазір, ғажап! “Капитализм” атты қатыгездеміз. Оның нендей қоғам екені бесіктен белі шыққан балаға белгілі. Ал бұл қо­ғамда айтылар “ауыз әдебиеті”: “Ақша! Тек – ақша! “Ақшаң болса қалтаңда – талтаңда да талтаңда” дейміз. Бан­кир бол, сот бол, мей­лі рэкет бол – та­ба­ты­ның та­быс болсын дейміз. Би­лікке ұм­тыл, бизнесті тұмардай тұт, адам­гер­ші­лікке алаңдама, кісілікке қарама, бе­лінен бас, ұятты ұмыт! Ақша жо­лында жалпайып жат, табыс төріне жон арқаңды тос! Ақша атаңнан да үлкен, шешеңнен де шерлі! Қатар тұра қалса атаққа құмарт, билікті бас сал! Билік пен бизнес ағайын, ағаң да, көкең де, көл-көсір болашағың солар!” деп басталатын ақыл-кеңес жалғаса береді. Яғни, әзірге өсер ұрпаққа айтылар “ауыз әдебиеті” осы. Бізге, біз көрмес болашақта айтылар “ауыз әдебиеті” белгісіз. Кенже ЕРКІН. Алматы облысы. ҚЫЗ-ЖІГІТ ҚЫҢҚЫЛЫ Жас жігіт қыдырыстап жүріп қызына: – Сен менің күнімсің, айымсың, жұлдызымсың, – деп шұбырта жөнелгенде қыз езу тартып: – Бұл не, сүйіспеншілік туралы түсінік пе, әлде астрономия сабағы ма? – депті. *** – Кендібай, сен әкеме үйленетінімізді айтып, алдынан өттің бе? – Әзірше жоқ. – Осы жолы айтамын деп едің ғой?.. – Бұл жолы әкең өте көңілді екен, бетімді қайтармайтынын біліп ол кісіден қарызға көп ақша ала қойдым... *** Кездесіп жүргендеріне толайым уақыт болған. Жігіті шын жақсы көрсе де үйлену туралы тіс жармайды. Қыз бір күні еркелей тіл қатады: – Сенде мені жақсы көресің, мен де өзіңді жақсы көремін. Неге ғана үйленбеске? – Қарсы емеспін. Бірақ өзім әке-шешемнің мойнында отырып сені қалай бағып-күтемін. – Қиындығы жоқ, отырған жеріңде сәл-пәл ары жылжысаң мен де отыра қалмаймын ба!? *** Алғаш рет құшақтасып отырған қыз бен жігіт әңгімесі: – Маған дейін біреумен сүйісіп көріп пе едің? Жоқ-а! Сен де қайдағыны айтып!.. Тек бір-ақ рет, көпшілік “Ащы, ащы!” деп айғайлап отырып алғанда ғана болған... *** – Мен жазып берген дәрінің көмегі болды ма? Болғанда қандай! Сол дәріні өзінікімен шатастырып атам ішіп қойып... Сөйтіп, бір-ақ күнде атамнан қалған дүние-мүлікке ие болып шыға келдім. *** – Қарындас, қолыңыздағы оқып отырған не нәрсе? – Өзімнің медициналық кітапшам ғой. – Өй, кешіріңіз, мен кеттім, анау қол бұлғап тұрған келіншегім еді... *** – Құдай адам баласын жаратқанда неге әуелі еркекті, сосын барып оның қабырғасынан әйелді жаратты екен? – Әйелді бірінші жаратса, “олай істеме, былай жаса” деп ақыл үйретіп, миымды ашыта ма деп Алла да қорыққан шығар... *** – Шаңғышы трам­пли­н­нен секіргенде неге бүг­і­ле­ді? – Ұзаққа секіру үшін. – Е, шенеуніктер бас­шы­ларының алдында неге иіліп-бүгіліп қалады десем, бірдеңе біледі екен ғой... *** – Иттің инфаркт алуы мүмкін бе? – Әрине. Егер ол адам сияқты өмір сүріп көрсе... *** – Армян тілін қалайша жақсы меңгергенсің-ей? – Мектепте ағылшын тілінен ұлты армян ағай сабақ берген. *** – Көшеде қайыр сұрағаннан ұялмайсың ба? – Әлбетте ұят. Шіркін, ел-жұрт беретіндерін  үйге әкеп берсе ғой!.. *** – Қаржы дағдарысы саған қалай әсер етіп жатыр? – Ешқандай да. Менде баяғыдан қаржы тұрақтылығы қалыптасқан. – Қалайша? – Бұрын да ақшам болған емес, қазір тіптен жоқ, болашақта да бола қоятынына күмәндімін. Яғни, дағдарысыңа пысқырмаймын да!